Биылғы оқу жылында Ақтөбе облысының мектептеріне 19 мыңнан астам бала 1-сыныпқа келеді деп жоспарланса, шілденің соңына дейін 15 170 (78,7 %)-нің құжаттары қабылданыпты. Сондай-ақ оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілетін алты жаңа мектептің төртеуі «Келешек мектептері», екеуі жекеменшік білім беру ұйымы, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында білім беру ұйымдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары, олардың материалдық-техникалық базасын күшейту және жылыту маусымына дайындықтары талқыланды. Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның хабарлауынша, қазіргі уақытта 14520 орынға лайықталған 31 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 4 балабақша, 26 мектеп және 1 қосымша білім беру ұйымы бар. Мұнымен қоса 11 мектеп, 5 балабақша, 2 колледж және 1 қосымша білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталмақшы
Қазіргі уақытта өңір мектептерінде 244 мұғалім жетіспейтін болса, осы тапшылықты жоғары оқу орындары мен колледж түлектері есебінен жабу жоспарланған. Сол үшін тамыз айында облыс және аудан орталықтарында мұғалімдерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі.
300 орынға лайықталған «Келешек мектептерінің» бірінің құрылысы – қаладағы «Саяжай –1» тұрғын ауданында жүріп жатыр. Оның құрылысына 3,53 млрд теңге бөлінген. Екіншісі -«Алтын Орда» шағын ауданындағы 2 мың оқушыға арналған, жобалық құны –9,59 млрд теңге болатын білім беру мекемесі. Заманауи екі білім ошағы қаланың жаңа бой көтерген аудандарындағы орын тапшылығын жояды деген сенім бар.
Ақтөбе облысы