Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қайтарылған заңсыз активтер әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталып отыр. Түркістан облысында бұл қаражат ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан өңірдегі су жүйелерін салу және жаңарту жұмыстарына 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.
«Қазір өңірде құны 5 млрд теңге болатын Шардара топтық су құбырын салу жұмыстары жүріп жатыр. Қор қаражатынан Жібек жолы, Шеңгелді, Ақ үй, Қаратөбе, Жуантөбе, Жаңадәуір, Есікқорған, Құйған, Ақсу ауылдарындағы сумен жабдықтау жобаларына 4,2 млрд теңге бөлінді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Отырар аудандарында да ауыз су инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Сарыағаш ауданында магистральді су құбырын жаңарту жобасына Арнаулы мемлекеттік қордан 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Бұл жоба 260 мыңнан астам тұрғыны бар 66 ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосуды көздейді.