Алматыдағы «Alatay Creative Hub» орталығында қазақ жазушыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбелеңі» атты әңгімелер жинағының және қырғыз жазушыларының қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келеді» әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті.
Жоба авторлары – қазақ ақыны, аудармашы, әдеби агент Саят Қамшыгер мен қырғыз ғалымы, аудармашы, әдеби агент Қиялбек Ақматов. Қырғыз елінің жазушыларын халық жазушысы Топшыгүл Шайдуллаева бастап келсе, оларды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов қарсы алып, екі елдің әдеби байланысы туралы тереңнен толғап, көркем әдебиеттің бүгінгі жай-күйі жөнінде әңгіме сабақтады.
Қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының жанданып, дамуына үлес қосатын бұл екі жинақтың Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш шығып отырғанын баса айтқан жөн. Қазақ жазушыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбелеңі» әңгімелер жинағына 27 қаламгердің таңдаулы әңгімесі енді. Жинақ ішіне Нағашыбек Қапалбекұлы, Төкен Әлжантегі, Асылбек Ихсан, Жабал Ерғалиев, Қайым-Мұнар Табеев, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжан, Нұрлан Қами, Әбділдабек Салықбай, Тұрақ Адисұлы, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман, Нұрлыбек Саматұлы, Жәди Шәкенұлы, Мира Шүйіншәлиева, Гүлзат Шойбекова, Нұржан Қуантайұлы, Сәкен Сыбанбай, Ерболат Әбікенұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Жайнагүл Бекнияз, Есболат Айдабосын, Айгүл Жұбаныш, Әлібек Байбол, Абылайхан Есімбай, Нұрбек Нұржанұлының әңгімелері топтастырылған.
Қазақ жазушыларының әңгімелері қырғыз оқырмандарының көңілінен шығып, жүректен орын алғаны қуанарлық жағдай. Өмір, өлім, тағдыр, махаббат, күнделікті күйбең тірліктегі алуан оқиғаларды шебер суреттеген қазақ қаламгерлерінің ізденісі, шеберлігі туысқан халықтың сыншыларынан, әдебиеттанушы-ғалымдарынан оң бағасын алған.
Қырғыз жазушыларының қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келеді» әңгімелер жинағына Зинагүл Пасанова, Әбділәмит Мәтісақов, Әбдікерім Мұратов, Сұлтан Раев, Қаныбек Иманалиев сияқты 24 қаламгердің таңдаулы әңгімесі енген. Қырғыз прозасының қазіргі жай-күйін, дамуын оқырман осы әңгімелерден аңғарады. Жинақтағы әңгімелер өмірдің түрлі сәттерін, қилы тағдырларды арқау еткен. Туысқан қырғыз әдебиетіндегі мәселелер мен көтерген тақырыптар, оқиғалар қазаққа да жат емес.
Қырғыз бен қазаққа ортақ қос кітаптың алғашқы даналары 25 шілдеде Бішкек қаласында сүйіншіленсе, енді міне, екі жинақ та авторлардың қатысуымен Алматыда таныстырылды. Қырғыз еліндегі іс-шараға 11 қазақ жазушысы қатысса, бұл жолы әңгімелері қазақ тіліне аударылған қырғыздың 10 жазушысы осы тұсаукесерге арнайы келді. Бір туған екі халықтың әдеби достығын ту еткен рухани кештің соңында Қ.Ахматов қырғыз жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне аударған қаламгерлерді өзі басқаратын «Таалим» баспа үйінің Алғысхатымен марапаттады. Кітапханадағы кездесу соңы меймандардың әдебиет туралы еркін пікір алмасып, суретке түсіп, шаһардың көрікті орындарын аралауымен жалғасты.
АЛМАТЫ