14-16 тамыз аралығында Астанада таеквондодан кадеттер, жастар, ересектер арасында аса ірі халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Қазірдің өзінде 22 мемлекеттің 750-ден аса спортшысы осы жарысқа қатысатындарын растады. Олар – Түркия, БАӘ, Үндістан, Қытай, Ауғанстан, Армения, Канада, АҚШ, Франция, Иран, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Сауд Арабия, Тунис, Ресей. Турнирдің жүлде қоры – 15 808 000 теңге.
Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина Канаданың Монреаль қаласында тұсауы кесілген WTA 1000 турнирін сәтті бастады. Жүлде қоры 5 152 199 долларды құрайтын жарыстың алғашқы айналымында бос болған ол екінші кезеңде әлемнің 50-ракеткасы америкалық Хейли Баптисттен 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңде румыниялық Жаклин Кристианды жеңді, есеп – 6:0, 7:6. Төртінші кездесуін Елена украиналық Даяна Ястремскаяға қарсы өткізеді. Юлия Путинцева доданың тұсаукесер бәсекесінде қытайлық Ханьюй Гоға жол берді – 3:6, 3:6.
UFC-де аса жеңіл салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Азат Мақсұм (15-2) келесі жекпе-жегін 25 тамызда Әбу-Дабиде (БАӘ) өткізеді. Қазақ файтері АҚШ өкілі Митч Рапосомен (9-3) айқасады. Қос спортшы да соңғы бәсекелерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Азат Чарльз Джонсон (АҚШ) пен Тагир Уланбековтен (Ресей) ұпай санымен ұтылса, Митч Андре Лима (Бразилия) мен Су Мудаерджиге (Қытай) есе жіберді.
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Астананың «Барыс» клубының сапы тағы 12 ойыншымен толықты. Олар – Джохар Дударкиев (қақпашы), Мәди Диханбек, Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин (қорғаушылар), Руслан Оспанов, Семён Симонов, Кирилл Ляпунов, Кирилл Канкин, Николай Шульга, Әділ Бейсембаев, Асанәлі Русланұлы, Владимир Корчагин (шабуылшылар).