Келер жылдан бастап елімізде көлік салығының есептелу тәртібі өзгереді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, әсіресе ескі және қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге салынатын салық азаяды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл жаңалық еліміздегі көлік иелерінің басым бөлігіне әсер етпек. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір шамамен 6 миллионға жуық көлік тіркелсе, соның 2,5 миллионы 20 жылдан астам уақыттан бері қолданыста жүр.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік салығы көліктің шыққан жылына және қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Бұрын қозғалтқыш көлемі 3-4 литр аралығындағы көліктер үшін салық мөлшері 35-тен 66 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) арасында болса, енді бұл көрсеткіш 15 АЕК-ке дейін қысқарады. Ал 4 литрден асатын қозғалтқышы бар көліктер бұған дейін 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін салық төлеп келсе, 2026 жылдан бастап бұл санаттағы көліктер 117 АЕК, яғни шамамен 460 мың теңге көлемінде салық төлейтін болады.
Сондай-ақ көліктің шығарылған уақытына қарай жеңілдіктер енгізіледі: егер көлікке 11 жылдан 20 жылға дейін уақыт өтсе – 30% жеңілдік, ал 21 жылдан асса – 50% жеңілдік беріледі. Мысалы, базалық салық мөлшері 60 мың теңге болса, көлік иесі 15 жылдық көлік үшін 42 мың теңге, ал 25 жылдық көлік үшін 30 мың теңге төлейді.
Бұдан бөлек, құны 75 миллион теңгеден асатын көліктерге қосымша 10% көлемінде акциз салығы енгізіледі. Бұл салықты көлікті алғаш рет тіркегенде немесе қайта сатқанда төлеу қажет болады.
Айта кету керек, 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеу міндетті.