• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Кеше

Қоқыстан табылған темір домбыра

100 рет
көрсетілді

Жақында Орал қаласының тұрғыны Нұрлан Рахымжанов металл қалдығын тапсыратын жерден темір домбыра көргенін айтып, әлеуметтік желіге жазба жариялаған болатын.

Тот баспайтын қаңыл­тырдан жасалған, сары түсті қазақы оюлар­мен қапталған домбыра кәдімгі қазақтың ұлттық аспабынан ай­ны­майды екен. «Домбыраны түрлі ағаштан жасағанды білеміз ғой. Темірден жасалған домбыраны алғаш көруім. Бұл домбыраны жасауға қаншама еңбек кетті десеңізші... Темір қалды­ғын қабылдайтын жерден көріп қалып, ала алмай кеттім. Сататын қожайыны болмай қалды. Бірақ «домбыраның орны ол жер емес еді ғой» деп іштей қынжылдым» деп жазыпты Нұрлан.

– Нұрланның жазбасын көріп қалып, бірден оқиға орны­на асықтым. Өзім музей қыз­мет­кері болғандықтан, ерекше жәді­гердің бағасын білем ғой. Металл қабылдаушылар бұл дом­быраға жұрттың назары ауа бастағанына алаңдады ма, әуелі «қожайыны жоқ» деген сылтаумен сатудан бас тартты. Ортаға тәртіп сақшыларын араластырып, ерекше аспапты ақыры сатып алдым. Құжатын толты­рып, Орал қаласындағы домбыра музейіне тапсырғалы отырмын, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Мұхтар Өтес.

Әрине, металл қабылдай­тын жердегі жігіттерге ешкімнің өкпесі жоқ. «Бұл қазақтың киелі аспабы ғой» деп жоғары іліп қойған екен, соған риза болдым!» деп Мұхтардың өзі айтып отыр. Тек өкініштісі – бұл домбыраны кім жасаған, иесі кім, тарихы қандай? – әзірге осы сауалдардың жауабы табылмай тұр. 

Ерекше домбыраны біз де қолымызға ұстап көрдік. Металдан жасалғанына қара­мастан жеп-жеңіл, әдеттегі ас­пап­тан ауырлығы шамалы. Өл­шем­дері де дәл сондай. Қос ішегі сақталмағанымен, пернесі тағу­лы, кезінде қолданылғаны көрініп тұр. Домбыра өте шебер жасалған, өнер туындысы десе болғандай.

Бұйырса бұл жәдігер Орал қаласында былтыр ашылған Домбыра музейіндегі тарихи дом­быралар коллекциясына қосылатын болды.

 

Батыс Қазақстан облысы