• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

«Алтын алқалы» аналар неге азайып барады?

40 рет
көрсетілді

Үш баланы «бүтін» көретін қазақы болмысымыз «Неге алтын алқалы аналар азайып кетті?» деген сауалды ара-тұра алдымызға тартады. Мына алмағайып заманда бұл риторикалық сұрақ болса да, он шақты бала табатын аналар азайып, қалыпты жағдайға айналып бара жатса да, жауабын іздеп көрелік.

Бүгінде Батыс елдерінің басым бөлігі үш бала тапқан әйелді көпбалалы аналардың санатына жатқызады. АҚШ пен Канада мемлекеттері де әлеуметтік контексте 3-4 балалыларды көпбалалылар қатарына қосады. Көрші Қытай елінің үш бала табуға ресми түрде рұқсат бергеніне төрт жылдың жүзі болды.

Тарихта көп бала тап­қан аналар Шығыста да, Батыста да аз емес. Бірақ оның бәрі ресми қатталмаған. Мысалы, қазақ даласында 18-20 құрсақ көтерген әйел азаматтары аңыз болып айтылады. Алайда, өкі­нішке қарай, аумалы-төк­пелі заман, түрлі төңкеріс зар­даптары ана мен бала өлі­мін көбейткен. Кеңес одағы мен тәуел­сіздік  тұсындағы ең көп­­­балалы аналардың бірі – Шә­­рипа Жақыпова. 21 бала тап­­қан Шәрипа анадан  басқа да 18-20 бала тапқан аналар бар.

Елімізде «Алтын алқалы» аналардың көпшілігі Түр­кі­­с­тан, Жамбыл, Шығыс ­Қазақ­стан облыстарында тұрады. Қазіргі таңда көп­балалы болудың барлық түйт­кілі әлеуметтік жағдайға барып тіреледі десек те, әлі де Нигер, Чад, Мали, Сомали, Нигерия сияқты Африка ел­де­рінде 18-20 бала табатын әйел­дер таңсық емес.

Құрсағы құтты аналар өз елімізде де бар. Мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық, балпанақтай екі ұлдан кейін егіз, көп ұзатпай үшем тапқан көршілеріміз бар. Өнегелі отбасы көпбалалы ата-ана ретінде мемлекет тарапынан берілетін барлық көмекті игіліктің қызығын көріп отыр. Ештеңеден кенде емес.

Биыл Алматыны елең ет­кізген ерекше оқиға болды, екі рет қатарынан егіз баланы дүниеге әкелген Эльмира есімді келіншек үшем тауып, аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, «Алтын алқалы» ана атанып шыға келді. Алайда жұрттың бәрінің маңдайына егіз табу жазылмаған. Есесі­не, тұрмыс құрса да, құрсағына шарана бітуі қиын жұптар­дың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қалай десек те, дүниеге әкелген балаларды қатарынан кем қылмай өсіру бұрынғыдан да қиындай түс­ті. Әрқайсысының үдесінен шығу тіпті оңай емес.

Қырық құбылған эконо­ми­калық факторлар мен от­басы­лық құндылықтардың түбе­гей­лі өзгеруі де көтеріліп отыр­ған тақырыпқа әсерін тигіз­бей қоймайды. Бала таба­тын жастағылар мансап, білім қуып жүр. Эми­г­рациялық белсенділік те өз дегенін жасата бастады. Мысалды тағы да алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бүгінде, үйленуге асықпайтын ұл-қыздардың алды қырықтан аса бастағанда отызға жа­қын­да­ғандар жас көрінетін болды. Отау құрғандары­ның бала­лы болуға асықпауы, ажыра­сулардың көбеюі көп заман­дастарымыздың немерелі болсақ деген арманын алыстатып тұрғаны да ащы шындық.

Ауылдан қалаға білім, бақыт іздеп келген жастарымыз да әлеуметтік жағдайын түзеймін деп жүргенде жылдар сусып өтіп жатыр. Сондықтан қаладағы туу коэффициенті ауылға қа­рағанда әлдеқайда төмен. Алматыда 1,85 болса, ауылды жерде 3,44-тен аспайды. Бір сөзбен айтқанда, елімізде көпбалалы аналар саны­ның азаюы – көпқырлы үдеріс. Экономикалық қиындық, урбанизация, кеш тұрмыс құру, репродуктивті денсаулық мәселелері мен әлеуметтік қолдаудағы кейбір түйткілдер – бәрі де бір-біріне ықпал етпей қоймайды.

Әлбетте, мемлекет бұл мәселеде қол қусырып қарап отырған жоқ. Жастардың үйлі-күйлі болуын қарастыратын тұрғын үй бағдарламалары бар. Үкімет жәрдемақы мен жеңілдіктердің тиімді де әділ жүйесін енгізуге ұм­ты­лып келеді. «Аңсаған сәби» сияқты бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайып­тыларға көмегі өлшеусіз реп­ро­дуктивті қызмет көрсету мен ЭКО мүмкіндіктері де өрістетіліп жатыр. Уақыт өте келе «Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттік бағдарламасы да нәтижесін беретіні даусыз.

«Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналарға баспана мен салық жағынан да жеңілдіктер жеткілікті. Мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан бірінші кезекте баспана беріледі немесе үй жалдауда артықшылық жасалады. Осының бәріне қарамастан, бүгінгінің адамына бәленше бала тап деген міндет қоя алмайтынымыз аян. Өйткені бүгінде әркім өз өміріне – өзі қожа. Жеке бас еркіндігі мен өз-өзіне көңіл бөлу бірінші орынға шықты. Оның үстіне баланы қатарынан кем қылмай бағып-қағу да оңай емес. Бас-басына жеке бөлме, достарындағыдай қымбат гаджет қажет. Тұлға ретінде дамыту үшін түрлі үйірмелер мен курстарға уақытыңыз да, қаражатыңыз да жеткілікті болуы шарт. Жалпы, ересек оқырманға медицинаның дамуы, ерлі-зайыптылардың қашан балалы болғысы келетінін жоспарлап, кездейсоқ жүктіліктің азаюын айтып отырудың өзі әбес. Бұл мәселеге қатысты замандастарымыз не дейді?

Үш баланың анасы Пе­ризат Есбергенқызы бала тапқанға да, баққанға да зор жауапкершілікпен қарау керек дейді. «Кенже ұлым «вальгус» деген диагнозбен туды, басы қисық, қаны аз, іші қатып қала беретін. Осы аурулармен күресеміз деп көп қиындық көрдік. Қазір денсаулығы дұрысталып келеді. Бірақ ақша да аз кеткен жоқ. Тәжірибелі ортопедке, педиатрларға апарамыз деп біраз жүгірдік, жақсы дәрі­герлердің көпшілігі жеке­меншік емханаларда істейді. Мына заманда бала-шағаңды көштен қалдырмай, алға сүйреу оңай емес» дейді ол.

Ал Гүлжан Құдайберген­қызы әліңе қарай әрекет ету керек деген пікірде. «Әр адам­ның тағдыры әрқалай өріледі. Біреудің айтқаны біреуге келмейді. Сондықтан әркім өз өмірін, жағдайын саралап, әрекет еткені дұрыс. Бала деген ойыншық емес. Баланы, отбасыны жоспарлау дегенге қатты мән беру керек.  Сосын «Қой егіз тапса, бір түп жусан артық өседі» деген мағынадағы сөз қазір өзектілігін жойған секілді» дейді Гүлжан.

Төрт баланы бағып-қағып отырған Әлжан Бейсенұлы болса, «Іздей берсең, сылтау бітпейді. Сапа да саннан туады. Шындап кіріссе, жастардың еңбекке, табыс табуға қабілеті жетеді» дейді. Оның пікірінше, «бала табам деп өмірдің қызығынан құр қалма» деген насихат­қа ерудің, сенудің қажеті жоқ. «Зауыт, фабрикаларда, теміржолда, құрылыста, ауыл шаруашылығында, жалпы адамзат игілігіне пайдаланатын барлық дүниені жас қауым жасап жатыр. Келешекте біздің елімізде де жұмысшы мамандығын шынайы қадірлейтін қоғам құрылады. Озық ғылым мен техниканы меңгеру өте қажет. «Көп қорқытады, терең батырады», дейді халқымыз. Халық саны жөнінен әлемде 62-орында тұрған елімізге көбею қажет» дейді Ә.Бейсенұлы. 

 

АЛМАТЫ