• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:50

Шекарадағы елді мекендерге көңіл бөлінеді

80 рет
көрсетілді

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, үш ауданда асфальтты жол салынбаған ауылдар әлі де бар. Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданында дәл осындай 10 ауыл бар. Бұл мәселе бас басылымда «Шекарадағы ауылдар шетқақпай қалмаса...» деген тақырыпен көтерілген еді.

Жол төрт жылда жөнделеді

«Өңірде жол инфрақұрылымы жүргізіл­меген елді мекендер Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы ауданында бар. Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыдан Тайсойған ауылына баратын жолдың құрылысы аяқталды. Ал Исатай ауданында Қызылүй және Жасқайрат ауылдарына жол салу қажет. Қызылүй ауылына дейінгі жолды салатын мердігер анықталды. Биыл жол құрылысы басталады», дейді Серік Шәпкенов.

Әкім дерегіне қарағанда, Құрманғазы ауданындағы № 7 разъезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік бағытына қатынайтын жолдың ұзындығы – 282 шақырым. Жолдың кейбір тұсында сор бар. Кей аумағын құм көмкерген.

«Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі ауылдарда 7 мыңға жуық адам тұрады. Бұл ауылдарға баратын жол кеңес дәуірінде де салынбады. Биыл сол жолдың 0-36 шақырымы аралығын жөндеуді бастап, келесі жылы бітіруіміз керек. Бірақ жолдың бойында сор және құмды жерлер бар. Сондықтан техникалық шешімдерді күтіп қалдық», деді.

Жобаға сәйкес, жол құрылысын төрт кезеңге бөлу ұйғарылыпты: алғашқысы – 0-36 шақырым аралығы, екіншісі – 36-98, үшіншісі – 98-180, сонан соң 180-282 шақырымын жөндеу көзделіп отыр. Қазір бірінші кезеңге сәйкес, 10 шақырым жолда жұмыс жүріп жатыр. Жолдың негізгі табаны қырылып-тегістеліп, асфальт төсеуге дайындалыпты.

 

Ресейге тіке шығатын жол салынуы мүмкін

Болашақта көршілес Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасындағы өткізу пунктіне дейін жол салу жайы ойластырылып жатыр.

«Біз Сүйіндік ауылына дейін созылатын жолдан тікелей шекарадағы өткізу пунктіне жол салу мәселесіне назар аударып отырмыз. Бұл жоспарымызды іске асыра алсақ, көрші елмен байланысты одан әрі жандандыратын күретамыр болар еді. Бірақ бұл мәселені оң шешу тек өзімізге ғана байланысты емес. Сол себепті, Азғыр өңірінен Ресей шекарасына дейін тікелей жол салуды Астрахан облысының басшыларымен кездесуде көтердім», деді С.Шәпкенов.

 

Ауызсу тапшылығы туындай ма?

Өңір басшысының пікірінше, көрші елмен шекарадағы ауылдардың түйткілі тек жол мәселесімен шектелмейді. Электр энергиясы да көрші елден алынады.

«Қазір Қоянды су құбырымен Азғыр өңірін­дегі ауылдарға ауызсу беріледі. Бола­шақ­та су тапшылығы болуы мүмкін деген мәселе туындап отыр. Сондықтан өңірдегі Қоян­ды, Тайсойған жерасты су көздеріне зерт­теу жүргізуді, мәселен, қосымша ұңғыма­лар қазуды қарастыра бастадық. Бұл бір жағынан шекарадағы ауылдарда тұрғындардың әлеуметтік жағдайына ықпал етеді. Екіншіден, шекарадағы ауылдардан тұрғындардың көшіп кетуіне тоқтау салады. Шекарадағы ауылдарды бос қалдырмау үшін тұрғындарға жағдай жасауымыз қажет», дейді облыс әкімі.

Құрманғазы ауданындағы Қоянды кен орнынан жерасты суы 10-27 метр тереңдіктен алынады. Мұнда ұңғымалардың дебиті – 2,3-5,4 литрден 8 литрге дейін. Судың минералдылығы 0,4-1,5-тен 1,7-4,7 г/литр­ге дейін құбылып тұрады. Кен орнында бұрын су беретін 16 ұңғыма болған. Одан тәулігіне 7,2 мың текше метр су алынған екен. Ал 2023 жылы Қоянды топтық су құбыры үшін 6 ұңғыма қазылған. Бұл құбырмен Балқұдық, Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдарына су жеткізіледі. Әкімдік мәліметінше, Сүйіндік, Асан, Үштаған ауылдарына магистралды су құбырының желісі жүргізілген.

 

Атырау облысы