• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:55

Мемлекетке қайтарылған 5 жер учаскесі аукционға қойылды

70 рет
көрсетілді

Заңсыз активтерді қайтару, оны халық игілігіне беру және қайта сату арқылы түскен қаржыны мемлекеттік мүддеге жарату ісі жалғасын тауып келеді. Жуырда «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС E-Qazyna веб-платформасында бағаны көтеру арқылы электрондық аукцион өткізілетінін хабарлады.

Жер учаскелерін сату аукцио­ны алдағы 20 тамыз күні өтеді. Бұл жолы Алматы облысында орналасқан 5 жер учаскесі сауда-саттыққа шығарылады. Лоттардың жалпы бастапқы құны 851 215 517 теңгені құрап отыр.

Сауда онлайн-форматта өтетін­дік­тен бұл әдіс еліміздің кез келген азаматына кез келген жерден қатысуға мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, қайтарылған ак­тив­терді басқару компаниясы бар­лық үдерістердің ашықтығын қам­тамасыз етіп отыр және актив­тер туралы толық ақпаратты, соның ішінде сипаттамасы мен бағалау құнын ашық жариялайды. Ал аук­ционға қатысу шарттарын E-Qazyna платформасынан таба аласыз.

Сондай-ақ «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС 2025 жылғы 30 және 31 шілде күндері E-Qazyna электрондық платформасында өткен аукциондық саудалардың сәтті аяқталғанын да хабарлады.

«Сауда-саттық барысында 14 эксклюзив қолсағаты және «Бата», «Беташар», «Сүйіндір» коллекциялық монеталары сатылды. Жалпы мәміле сомасы 117 680 040 теңгені құрады.

Сауда-саттық барлық қатысу­шы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық әрі ашық әдіс аясында өтті. Сауда­ның электрондық форматы ашық­тықты арттырып, үдеріс­ке әді­лет­сіз жолмен араласу мүм­кін­дігін болдырмайды», делінген ком­панияның ресми хабарламасында.

Компанияның баспасөз қыз­меті мәлімдегендей, сатылым алдын­д­ағы дайындықтың да ерекше на­зар аударарлық тұстары бол­ған екен. Себебі ол активтердің сәтті са­ты­луында шешуші рөл атқарған.

«Барлық сағат бұрын пайда­ланылғанына қарамастан, саты­лым алдындағы сапалы дайын­дық олардың аукционда тиім­ді бағада ұсынылуына мүмкін­дік берді. Нәтижесінде, сатып алу­шылар сағаттардың жай-күйі мен құндылығын жоғары бағалады.

Аукцион қорытындысы бойынша 14 қолсағат жалпы 117,6 млн теңгеге сатылды, ал бастапқы бағасы 102,5 млн теңгені құрады. Құн өсімі 14,7% болды, бұл компанияның активтерді сату жөніндегі стратегиясының тиімділігін айқын көрсетеді», дейді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» бас директоры Қуанышбек Мұқаш.

Белгіленген тәртіпке сәйкес, сау­да аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жеңімпаз бен сатушы арасында сатып алу-сату шарты жасалады. Актив жеңімпазға тек шарт талаптарына сай ақша­лай қаражаттың толық көлемі сатушының шотына түскеннен кейін ғана беріледі.

Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Бұл қордың қаражаты білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік осал топтарды қолдау сияқты әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Ал қайтарылған активтерді сатумен айналысатын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің қызметі активтердің мемлекетке қайтарылуының тиімділігін, ашықтығын және қоғамға пайда әкелуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.