• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Кеше

Елімізде өнім экспорттаушыны қолдау екі есеге өскен

50 рет
көрсетілді

Қазір отандық өнім өндірушілер мен оны қайта өңдеушілерді мемлекеттік қолдау шарасы жан-жақты жүргізіліп жатыр. Оған қоса, өңделген отандық өнімдерді экспорттауды қолдап, ұйымдастыру ісі де жылдам ілгерілеп келеді. Биылғы жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіпке көрсетілетін қолдау көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өскені байқалады, деп жазады Egemen.kz.

Таяуда «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесін жариялады. Ол бойынша бірінші жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіпке ЭКА тарапынан көрсетілген қолдау көлемі 333,3 миллиард теңге болды. Оның 43 миллиард теңгесі экспорт алдында қаржыландырылатын және саудаға қажет қаржы құралдары арқылы тартылды. Ал былтырғы бірінші жартыжылдықта көрсетілген мұндай қолдау көлемі 157,9 миллиард теңгеден аспаған еді.       

Алғашқы алты айда ЭКА 81 экспорттаушыға қолдау көрсетіпті. Оның 12-сі жаңа клиенттер көрінеді. Бұл агенттіктің сыртқы нарыққа жаңа компанияларды тарту стратегиясы аясында мүмкін болған. Агенттік шағын және орта бизнеске (ШОБ) ерекше назар аударады. Оның анық дәлелі қолдауға ие болған жобалардың жалпы санының 70 пайызы дәл осы секторға тиесілі.

Экспортқа негізінен азық-түлік, металл өнімдері, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері және құрылыс материалдары шығып жатыр. Отандық өнімдерді сатып алып жатқан басты елдер –  Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Моңғолия, БАӘ және т.б.

«Біз жаңа технологиялар мен экологиялық таза өндірістерге негізделген заманауи экономиканы құруға ұмтыламыз. Бұл еліміздің шикізат экспортына тәуелділігін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы онжылдыққа арналған даму жоспарымыз тұрақты дамуды күшейтуге, декарбонизация мен климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға бағытталған. ЭКА ESG талаптарына сай келетін экспорттаушыларға сақтандыру тарифі бойынша жеңілдік ұсынады. Бұл отандық экспорттың экологияға әсерін азайтып, компанияларды орнықты тәжірибелерді енгізуге ынталандырады. Sustainable Fitch агенттігінің рейтингі бізге жаһандық тұрақты даму жолында жаңа биіктерге ұмтылуға серпін берді», деді ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.

Тауар экспорттаушы өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр. ЭКА-ның жалпы қолдау көрсету көлемінің 52,7 пайызы осы аймақтың еншісіне түсті. Өңір кәсіпорындары 176 миллиард теңге көлемінде қолдау тапты. Одан кейінгі орындарға Абай (50 миллиард теңге) және Шығыс Қазақстан (30 миллиард теңге) облыстары жайғасты. 

Биыл экспорттаушылар арасында қысқа мерзімді дебиторлық берешек пен қарыздарды, сондай-ақ құжаттамалық аккредитивтерді сақтандыру құралдары үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Осы ретте Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова Агенттік үшін өңдеу өнеркәсібінің шикізаттық емес салаларында бәсекеге қабілетті өндіріс құру мен сыртқы нарықта отандық тауар желісін дамыту басым бағыт болып қала беретінін алға тартты.

«Биылғы бірінші жартыжылдықта өткен жылдың нәтижелерін басып озып, тіпті асып түстік. Жыл соңына қарай Агенттіктің қолдау көлемі 600 миллиард теңгеге дейін жетеді деп болжап отырмыз. Өңдеу өнеркәсібінде отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін іске асыруды міндетті түрде арттырамыз», деді ол.

Сонымен қатар ЭКА стратегиясына сай қайта сақтандыру көлемі биыл 135 миллиард теңгеден асқанын атап өтті Мадина Ержанова. Осы істің нәтижесінде болуы мүмкін сын-қатерлер азайып, қаржы тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

Еліміздің экспорттық-кредиттік агенттігінің қызметі экспортқа несие тарту саласындағы әлемдік трендтерді қадағалауға әрі отандық компанияларға халықаралық аренада қолдау көрсетудің тиімді құралдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде цифрлы сервистерді дамыту мен жаңа өнімдерді енгізу арқылы агенттіктің қызметтеріне қол жеткізу әлдеқайда жеңіл болып отыр. Экспорттаушылар ЭКА ресми сайтында және bgov.kz бизнесті қолдау порталында жеке кабинет арқылы өтініштің кез келген түрін бере алады. Цифрлы жүйе кәсіпкерлерге онлайн өтініш беруге және оны кез келген уақытта қадағалауға мүмкіндік береді.