• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:45

Халықаралық білім бағдарламасы

30 рет
көрсетілді

Ғылым жолында ізденіп, жоғары білім алғысы келетін жастар үшін қазір шетелдік университеттердің филиалдарында білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Осындай бастамалардың бірі ретінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады.

Оқыту аталған институттың жо­ға­­ры академиялық стандарттарына сәйкес жүр­гізіледі. Сабақты шетелден кел­­ген оқы­тушылармен қатар, инс­ти­тут ­әдіс­те­месі бойынша арнайы дайын­дық­тан өткен еліміздің білікті мамандары өткізеді.

Магистратура деңгейінде филиал «Қаржылық экономика және қар­жы­лық технологиялар», сондай-ақ «Көпжақты институттар және жаһандық технологиялық дамуды басқару» білім беру бағдарламаларын ұсынады. Оқу мерзімі – екі жыл. Жалпы саны 40 гранттық орын қа­растырылған. Әр бағдарлама бойынша 20 орын. Сонымен қатар ақылы негізде оқу мүмкіндігі де бар. Айта кетейік, магистратураға құжаттарды қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Оқу бағдарламасы халықаралық білім беру модульдерін қамтиды. Нақтырақ айтсақ, бакалавриат студенттері Мәскеу мемлекеттік ха­лықаралық қатынастар инсти­туты­ның Ресейдегі кампустарында екі семестр білім алады, ал магистранттар – екі айлық оқу модулінен өтеді. Оқу аяқталған соң түлектерге Ресей Федерациясының мемлекеттік үлгідегі, ММХҚИ дипломымен тең дәрежеде танылатын диплом табысталады.

Бастапқы кезеңде аталған инсти­тут­тың еліміздегі филиалы Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ аумағында орналасады, кейінірек жеке ғимаратқа көшіріледі.