Бүгін Талдықорған қаласында Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мерекелік жиын Бикен Римова атындағы драма театры алдындағы алаңда өтіп, оған облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Шара театрландырылған көріністен басталды. Онда бала Абайдың дана Абайға айналу кезеңдері көрініс тапты. Жиналғандар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Мерекелік бағдарлама барысында «Өлең – сөздің патшасы» атты облыстық мүшәйрада жүлдегер атанған ақындар Қайрат Бестібаев, Жомарт Игіман, Санжар Сұлтанғазы өз арнауларын оқыды. Сондай-ақ «Мизам» әдебиет мектебінің шәкірттері Абай өлеңдерін мәнерлеп жеткізді. Жергілікті өнерпаздар ұлы ақынның әндерінен концерттік нөмірлер ұсынды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Жомартқали Жексенбинов Абайдың бірлік пен еңбекке үндеген мұрасының мәңгілік маңызын атап өтті. Ал ақын Қайрат Бестібаев Абай шығармаларын терең түсініп оқудың қажеттігін айтты.
Айта кетейік, ақынның мерейтойына арналған онкүндік аясында бұған дейін ақындар мүшәйрасы, караоке кеші және ұлттық спорт жарыстары секілді түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар өткен.