Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай Көкшетауда өнегесі мол, өрісі кең, ауқымды іс-шара өтті.
Қопа көлінің жағалауына салынған жағажай – қазір қала тұрғындарының мақтанышы. Таяуда ғана толық аяқталып, пайдалануға берілген. Абай тойы осы жерде өткізілді. Күн сәл ғана желкем, күміс көлдің майда толқындары данышпанға деген ел көңіліндей тебірене толқып жатыр. Жағалау бойы бірнеше бөлікке бөлінген. Әр тұсында әртүрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлығы топтаса келе Абай шыңын биіктетіп, тамаша тағылымын арттырды.
– Жарты жыл ішінде екі мыңнан астам мазмұнды шара өткіздік, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова. – Бүгін жағалаудағы Арбат шығармашылық ұжымдардың көрермен назарына ұсынған әдемі ән, күміс күйімен көмкеріліп тұр. Облыстағы театрлар, филармония, фольклорлық ансамбльдер, музейлер мен кітапхана ұжымдары үлестерін қосып жатыр. Өсіп келе жатқан жеткіншектер қаншалықты қуатты екенін көрсетеді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қарасөздері бүгінгі замандастарымыздың рухани кеңістігін сәулелендіре түспек.
Арбат жеті бөлікке бөлінген екен. Алғашқысында «Өлең – сөздің патшасы» тақырыбындағы мүшәйра. Оған айтулы ақындар қатысып, Абайдың ұлы мұрасының желісін жалғастырды. Келесі алаңда жас суретшілер «Жыл мезгілдері» деп аталатын байқауда бақ сынады. Облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Айнұр Өтебаеваның айтуынша, суретшілер қауымы Абай өлеңіндегі табиғат көрінісін қылқалам ұшымен бейнелеген. 6-17 жас аралығындағы талапкерлерден түскен 140 картина сарапталып жатыр. Қылқалам шеберлері Қосшы, Қоянды, Степногр, Көкшетау, Краснояр, Ақкөл және Атбасардан келген. «Абай портреті» аталымы бойынша бірінші орынды Қосшы қаласынан келген 17 жастағы оқушы Назар Кобелев иеленді. Дәл осы жерде кітап көрмесі ұйымдастырылыпты. Онда архив материалдарымен қатар, сирек кездесетін құжаттар да қойылған.
«Шеберлік шаһары» бөлігінде қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің көз жауын алатын туындылары қойылған. Нұржан Дәлманов, Бақшагүл Байдолла, Ұлжалғас Қарымсақова, Гүлнар Серікжанова тәрізді хас шеберлер Алаш жұртының сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан қолөнер туындыларын ұсынды.
Фольклорлық ансамбльдер фестивалі тыңдарман қауым назарын аударған тағылымды, мазмұнды шараның бірі әрі бірегейі еді. «Абай – дана, Абай – дара» деп аталатын тақырып аясында өңірдің үздік ұжымдары өнер көрсетті.
«Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталатын байқау аясында өңірдегі ән әлемінің жарқын өкілдері өнер көрсетіп, көпшілік көңілін баурады. Ең есте қаларлығы, «Даналық бастауы – Абай» деп аталатын халық театрларының фестивалі еді. Оған «Ақмол», «Шежіре», «АрARTе» театрлары қатысып, «Абайдың Біржан салмен кездесуі» іспетті тарихи тағылымы мол сәтті қаузаған көрініс қойды.
– Бұл бір естен кетпес ғажап мереке болды, – дейді қала тұрғыны Есенбай Кереев. – Әсіресе жас толқын кемеңгер өнегесімен рухтанып, таным-тағылымын кеңейте түсті. Ұлт мәдениеті мен өнеріне, дәстүрі мен салтына сусындап, таңдай қағыстық.
Көкшетау