Қорғаныс министрлігінің халықаралық байланыстар орталығы Польша құқық қорғау органдарының Қазақстанның әскери атташесі аппаратының қызметкерін ұстағанын растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметін бойынша, қазір бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен байланыс орнатылған. Қазақстан азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Польшаның арнайы қызметі Қазақстанның Украинадағы елшілігінде жұмыс істеген әскери атташенің көмекшісін (елшілікке немесе миссияға белгілі бір маман ретінде жіберілетін адам) тыңшылық жасады деген күдікпен ұстаған. ABW (Польша арнайы қызметі) дерегінше, ол әскери барлау офицері болып, Польша мен оның одақтастарына қарсы тыңшылықпен айналысқан.
Ер адам 30 шілдеде Быдгощ қаласында қамауға алынып, сот оны үш айға қамау туралы шешім шығарды. БАҚ оның есімін Ануар Б. деп атады. Ол Қазақстанның Украинадағы елшілігінде бір жарым жыл қызмет еткен.
Дипломатиялық иммунитеті тек Украина аумағында ғана күшінде болғандықтан, Польша билігі оны кедергісіз ұстаған.