Ішкі істер министрлігінің өкілдері «Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде Түркістан облысының Арыс қаласында ірі есірткі зертханасын анықтады, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік қызметкерлері мамыр айының басында жүргізілген жалпы және арнайы операциялар нәтижесінде қала шетіндегі жеке үйлердің бірінде синтетикалық есірткі өндірісі ұйымдастырылғанын әшкереледі. Тергеу мәліметіне сәйкес, заңсыз іске ағайынды екі ер адам жетекшілік еткен.
Тінту кезінде оқиға орнынан жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор тәркіленді. Қазір аталған заттарға сараптама тағайындалған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі дайындауға пайдаланылған өзге де құралдарды тәркіледі.
Есірткі ұсынып, бірге кетуге көндірген: Алматыда жасөспірім қызға тиіскен ер адам іздестіріліп жатыр
Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған бап бойынша өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов есірткі өндірісіне қатысты кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын айтты.
«Есірткі өндіруді ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекетке тосқауыл қойылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», деді ол.
Қазақстанда есірткі бизнесімен айналысқан 76 шетел азаматы ұсталды