Астаналық параспортшы Ақназар Мүтәліп Балқаш көлін 20 шақырым ендікте жүзіп өтіп, әлемдік рекорд орнатты. Бір қол, бір аяғы кем спортшы 13 сағатта межелі қашықтықты жүзіп өтті. Енді Гиннестің рекордтар кітабына көрсеткішін жолдап, жаһанның таңғажайып нәтижелерін сүзгіден өткізе саралайтын ұжымның мақұлдауын күтіп жүр. Он екі мүшесі сау адамның өзі жүрегі дауалай бермейтін тәуекелді еңсерген саңлақпен аз-кем тілдесудің орайы туды.
– Ақназар, алдымен өзіңді орасан тәуекелге бел буып, жанкештілікпен жеткен табысыңмен құттықтаймын. Балқашты жүзіп өту идеясы қалай туды? Бұрын-соңды мұндай қашықтыққа жүзіп көрдің бе?
– Құттықтауыңызға рахмет, бірнеше күннен бері қолдаушыларым, жанашыр жақындарым жылы сөзін арнап, ықыласын білдіріп жатыр. Көңілің өсіп, кәдімгідей марқайып қалады екенсің.
Енді идея қайдан туды дегенге келсек. Өзім көптен бері ойлап жүр едім. Одан бұрын әлемдегі паражүзгіштердің шалқар теңіз, айдын көлдің бетінде жүзген нәтижелерін сараладым. Бірақ бірде-бір паражүзгіш мұндай қашықтыққа тәуекел етпепті. Былтыр Бурабай көлінде 2,5 шақырымға жүзіп ашық суда өзімнің әлеуетімді сынап көрдім. Бір жыл дайындық жүргізіп, Балқашты жүзіп өтуге бел будым.
– 20 шақырымды жүзіп өту жеңіл тимейтіні анық, жүрексіндің бе?
– Мені алаңдатқан жүзіп өту емес, осы ауқымды шараны ұйымдастыру ісі болды. Ең алдымен, жүзіп өтетін бағытты межелеп, шақырымын өлшеп алдық. Одан кейін неше сағатта жүзіп өтетінімді бағамдадым. Соған қарай бейнежазбаға таспалайтын операторды табу қиынға соқты. Хабарландыру арқылы қоңырау шалып бірнеше маманмен тілдестім. Көпшілігі бұрын-соңды мұндай тәуекелшіл адамды таспалап көрмегендіктен таңданып жатты. Кейбірі ақыл-есі кем адамға балады. Ақыры Алматыдан жақын танысымыз арқылы таспалаушы жігіттер таптым. Айтпақшы, бұлардан бұрын тағы бір топпен келіскенбіз. Межелі күнге бір күн қалғанда сөзден тайқып, айнып кетті. Содан кейін осы жігіттермен келісім жасастық. Мен көлді қалай жүзіп өтемін деп уайымдамадым, ұйымдастыру ісі ұйқымды қашырды. Түсіруші топты алып жүретін катерді жалға алудың машақаты оңай болмады. Осындай ірілі-ұсақты шаруалар титықтатып жіберді де, жаттығуға баса көңіл бөле алмадым. Бірақ тәуекелмен бастаған істі ақырына жеткізу үшін барымды салдым.
– 13 сағат судан шықпай жүздің. Толқын кедергі келтірмеді ме?
– Біз сөреден таң алагеуімде аттандық. Түске дейін көлдің беті тынық болды да, аса қиындық тудырмады. Тек сәскеге таман жел тұрып, толқын қақпақылдап бағытымнан бұрып жіберіп отырды. Дүркін-дүркін қиыс кетіп, қайта бағытыма бұрыламын деп әбден сілелеп қалдым. Бесін ауа жел басылып, толқын сабасына түсіп, көңілім орнықты. Осылайша, өзіміз алдын ала болжаған мерзімде Балқаш көлін жүзіп өттім.
– Нартәуекелге бел буғаныңды ата-анаң бірден қолдай кетпеген болар?
– Әрине, анам менің көлді жүзіп өтсем деген мақсатымды білгенде қарсы болды. Ана үшін біз әрдайым баламыз ғой. Амандығымды ойласа керек. Бірақ бала күнімнен мақсатыма жетпей тынбайтын қайсарлығымды білетіндіктен ақыры қолдады.
– 2018 жылға дейін теміржол саласында еңбек еттің. Әрине, еске түсіру жеңіл тимесі анық. Десе де тағдырыңның параспортпен қабысуын баяндап өтсең.
– Иә, сынаққа түскен, қиын шақтар өтті ғой... Сол жылы Жамбыл облысының аумағындағы «Аспара – Тәтті» шойын жол бөлігіне жөндеу жүргізіп жатқанда үшеумізді пойыз қағып кетті. Дастан деген досым көз алдымда жантәсілім етті. Менің бір қолым мен бір аяғымды жұлып әкетті. Үшінші кісі де қолынан жарақат алды. Түн ауған тұста қансырап жатқанымды білем, есімді жисам аурухана төсегіне таңып тастапты. Көп ұзамай оң қолым мен оң аяғымды кесті. Жарық дүние есігін екінші рет ашқандай күй кештім. Қиындық, кедергі ауыр соққанымен барлығын еңсердік. Бес рет пышаққа түсіп операция жасады. Кейін кесілген қол мен аяқтың жарасы жазылып, протезге үйренгенше де көп уақыт өтті. Оңқай болғандықтан сол қолмен жазуға, тамақ ішуге, басқа да жұмысты істеуге үйренісу де ауыр соқты.
Осылайша, ұзақмерзімдік емделуден кейін спортпен шұғылдануға бел будым. Қарағандыдан Астанаға көшіп келген соң, отырып ойнайтын параволейбол үйірмесіне жазылдым. Бірақ жалқы қолмен ұзаққа бара алмайды екенсің. Ақырында бала күннен үйренген жүзуді дамытсам деп шештім. Қысқа мерзімде спорттық нормативті орындап, ел ішіндегі мәртебелі сайыстарға қатысуға мүмкіндік алдым. Көп өтпей паражүзушілер арасында ел біріншілігіне қатысып, чемпион атандым.
– Ендігі мақсат қандай?
– Әзірге осы жетістігімді Гиннестің рекордтар кітабына ендірудің әуресімен жүрмін. Паражүзгіштер арасында менің кесілген қолым мен аяғымның кемдігі М6 санатына жатады. Осы санаттағы паражүзгіштердің ешбірі ашық суда бір қол, бір аяқпен 20 шақырым жүзіп өтпепті. Мұндай жанкештілікпен еңсерген еңбегім елеусіз қалмаса деймін. Келешекте Паралимпиада, әлем чемпионаты сынды бәсі жоғары сайыстарға қатысып, паражүзуден елімнің мәртебесін асқақтатсам деймін.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»