• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 08:55

Зангезур дәлізі геосаяси дауға нүкте қоя ала ма?

50 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында әлем назары АҚШ-қа ауды. Ақүйде Президент Дональд Трамптың араағайындығымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бейбіт келісімге қол қойды. Осы келісім арқылы қос елдің арасындағы территория дауын шешудің қағидаттары бекітілді.

Келісім құжатының мәтінін беделді ақпарат құрал­дары жарыса жариялады. Ал сол келісімнің ең өткір тармақ­тарының бірі – Армения аумағындағы Зангезур дәлізі арқылы өтетін транзит бағытын АҚШ-тың 99 жылға жалға алып, басқару/дамыту құқығына ие болуы.

Бұл келісім әлі күнге жекелеген кабинеттерден бастап, мем­лекеттердің үлкен саяси орын­дарында да талқыланып жатқаны анық. Осы ретте ел алғашқылардың бірі болып реакция білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қос елдің басшыларымен телефон арқылы тілдесіп, еліміздің бейбіт ұстанымын жеткізіп, айтулы қуанышпен құттықтады.

Десе де Иран тарапы мұны қауіпсіздікке төнген қатер деп атап, өз қарсылығын білдір­ді. Ол туралы «Al Jazeera», «Iran International» ақпарат агенттіктері жариялады.

АҚШ-тың (Трамп әкімші­лігінің) мұндағы мақсаты не деген сауалға келсек, Вашингтон ұзақ уақытқа созылып, екі елге соғыс қаупін туғызған Қарабақ қақтығысынан кейін бұл маңнан Ресейдің ықпалын азайтып, кеңістікке өз ережесімен кіруді көздеген сыңайлы. Сондай-ақ Түркия – Әзербайжан – Орталық Азия бағытындағы Шығыс-Батыс логистикасын жеделдету, энергетика мен транзитке жаңа есік ашуды да басым бағыт етіп алып отыр, бұл алдымен Еуропа нарығы үшін де үлкен мүмкіндік болмақ.

Жалпы, өңірде орнаған бұл тұрақтылық біздің елге пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Себебі теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет болғандықтан еліміз үшін құрлықтық транзит бағыттарының маңызы алтыннан да қымбат. Бұл жаңалық алдымен тауар айналымына оң әсер бергелі отыр.

«Қазақстан темір жолы» мен Әзербайжанның тиіс­ті министрлігі арасындағы жуыр­дағы келіссөздері – цифрлан­дыру, қуат арттыру, «жол карта­сындағы» тар жолдарды ашу – еліміз үшін тиімді қадам. Қысқасы, Зангезур арқылы теміржолдың қайта қосылуы Орта дәліздің өткізу қабілетін еселеп ұлғайтып, Жерорта теңізіне дейін созылады.

Жалпы, Зангезур дәлізін 99 жылға АҚШ-қа беру шешімі өңір­лік және халықаралық қатынас­тарға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл келісім Ресей мен Иранның өңірдегі ықпалын әлсірете ме, АҚШ-тың Орта дәліз жобасына араласуы Қытайдың да, Түркияның да мүдделеріне қайшы келмей ме, деген сауалдар алдағы уақытта да талқылана беретін сыңайлы. Сарапшылар бұл сұрақтарға әлі де жауап іздеп, түрлі болжам айтып жатыр.

Отандық саясаттанушы Жанерке Қайратқызының ай­туын­­ша, бұл келісімде Қазақ­стан­ның үлесі аз емес деуге болады.

– Себебі біздің ел әрқа­шан сыртқы саясаттағы көпвек­торлы, бітімгерлік әрі бейтарап позиция­лардың аясында екі мемлекеттің бейбіт келісімге келуін үнемі алға тартып келген. Осы орайда өзінің алаңын келіссөз жүргізуге ұсынған, әлі де ұсынып отыр.

Бұл жердегі негізгі келіс­пеу­шіліктер территориялық түйт­кіл­дерден туған. Бірақ олар өз шешімін тапты. Әзер­байжан тарапы Қарабақты өз еншісіне алды. Ендігі ретте осы келісімдерге сәйкес Арменияның өз Конституциясына өзгеріс енгізуі күн тәртібінде тұр.

Екі ел арасындағы қақтығыс­тарда Әзербайжан үлкен үстем­дікке қол жеткізген. Өздеріне қаншалықты ауыр тисе де Армения халқы мұны қабыл­дау­ға мәжбүр болды. Алайда Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу оңай шешілетін шаруа болмайын деп тұр. Дегенмен Қарабақтың Әзер­байжан еліне өтетінін арме­ния­лықтар іш­тей мойындап, қабылдайтын сияқты. Десе де бұл мәселе, яғни консти­туциялық өзгеріс енгізу бүкілхалықтық референдумға түсетін болса, халық ішіндегі біраз дүмпуге әкелуі мүмкін. Өйткені Арме­ния үшін бұл өте нәзік тақы­рыптардың бірі, – дейді саяси сарапшы Ж.Қайратқызы.

Осы ретте қос ел арасындағы үлкен  дауға нүкте қойған бейбіт декларацияға АҚШ-тың араласуы Оңтүстік Кавказдағы гео­саяси тепе-теңдікті қан­шалықты өзгертуі мүмкін деген сұрақ та біраздың көкейін мазалағаны анық.

– АҚШ-тың бітім­герлік миссиясы, алға қойған мақсаттары расымен жүзеге асатын болса, бұл Американың Оңтүс­тік Кавказ, жалпы, Еуразия-аумағын­дағы ықпалын әлдеқайда арт­тыратыны сөзсіз.

Бұл дәлізді кейбір сарапшылар Суэц каналымен теңестіріп жатады. Егер бұл төңіректегі жобалар шынымен жүзеге асатын болса, тауар айналымының логис­тикасын қысқартып, 40 пайызға дейін тиімділік беруге тиіс. Бірақ бұл жерде геосаяси тұрғы­дан алып қарасақ, ірі ойыншылар­дың, державалардың мүддесі тұр. Аталған жобаның жүзеге асуы Қазақстан үшін де Орта дәлізді дамытуға, логистикалық тұрғыдан әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік береді, – дейді саясаттанушы.

Дегенмен Жанерке Қайрат­қызы Зангезур төңірегінде әңгі­ме қозғағанда Қытай, Ресей, Иран сынды алпауыттардың да мүддесі бар екенін ұмытпауы­мыз керектігін еске салды. Иран қазір­дің өзінен дабыл қағып жатыр.

– Себебі Иран Армения аумағы арқылы Орталық Азиямен өзінің Оңтүстік және Солтүстік дәлізін дамытпақшы. Сол себепті бұл жерде үлкен мүдделердің бәсекесі бар. Ал біздің ел көпвекторлы, бейтарап ұстанымын басшылыққа алып отыр. Бұл жерде қай держава­ның ұсынған келісім жобасы мемлекеттер үшін тиімді болса, меніңше сол іске асады. Егер АҚШ мойнына алған міндеттеме­лерін орындаса, Әзербайжан мен Арме­нияны татуластыру кезін­де Дональд Трамптың айтқан сөз­дері, ұсынған жобалары ра­сында іске асатын болса, эконо­ми­калық, логистикалық, инфра­құры­лымдық тұрғыдан да, өзіміздің мұнай, тауар тасымалын әртараптандыру бойынша да үлкен мүмкіндік ашылғалы тұр.

Бұл тек қана Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар Қытай үшін де және өзге де түркі елдері, әсіресе Түркия мен Әзер­бай­жан үшін тиімді жоба бол­ғалы тұр, – дейді саясаттанушы Ж.Қайратқызы.

Қалай десек те Зангезур төңі­регіндегі дауды шешуге ниеттеніп, ге­осаяси бетбұрыс жасаған Ақүй­дегі келісім біраз елдердің қарсылығын туғыз­ғанымен, жалпы жаһанның көңілін демдеді.