Қазақстандық ата-аналар міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петиция бастады, деп хабарлайды Egemen.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Петиция авторлары мектеп формасы балалардың оқу үлгеріміне әсер етпейтінін, отбасы бюджетіне қосымша шығын туғызатынын айтты. Белсенділер жеңілдетілген киім үлгісін енгізуді ұсынып отыр.
Екі баласы бірдей бастауыш сыныбында оқитын ана Әлия Тұяқбаева форманы таңдау өз отбасылары үшін қажет болмағанын айтты — мектеп алдын ала киім үлгісін және оны сатып алу керек дүкенді белгілеп қойған. Оның үстіне, ол дүкен брендтік болып шықты, ал балалардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар жыл сайын күшейіп келеді.
«Екі балаға біз шамамен 130 мың теңге жұмсадық, бұл сомаға жейделер кірмейді. Костюм-үштік, жилет, шалбар, ал фасоны — қатаң үлгіде, бантиктер, төсбелгілер. Менің ойымша, мектеп формасының түсін ғана белгілеу жеткілікті болар еді», дейді Әлия.
Сатушылардың айтуынша, мектеп формасының бағасы жыл сайын 10–15 пайызға қымбаттап отырады. Мысалы, Алматыда блузка мен жейделердің бағасы 5 мың теңгеден басталады, ал толық жиынтық шамамен 35 мың теңгеге түседі, бұған аяқ киім кірмейді.
Бұған қарамастан, шенеуніктер мектеп формасы оқу үдерісіне оң әсер етеді деп есептейді.
«Мектеп формасы іскерлік және оқу атмосферасын қалыптастырады, оқушылар арасындағы теңдікті арттырады, буллингті азайтады, сондай-ақ балаларға психологиялық тұрғыдан жұмысқа және тәртіпке бейімделуге көмектеседі», деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Алайда ата-аналар бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, форма оқу үлгерімін арттырмайды, керісінше шығынды көбейтіп, оқушылардың сырт келбетін бақылауға мәжбүр болатын мұғалімдердің назарын басқа жаққа аударады.
Петиция бастамашылары келесі ұсыныстарын алға тартты:
Міндетті мектеп формасын алып тастау;
Іскерлік атмосфераны сақтайтын, бірақ оқушыларға өздерінің даралығын ескеріп, ыңғайлы әрі қолжетімді киім таңдауға мүмкіндік беретін ақылға қонымды форма енгізу;
Ресурстарды білім сапасын арттыруға және инклюзивті мектеп ортасын құруға бағыттау.
Петиция үкіметте қаралуы үшін оны 50 мың адам қолдауы тиіс.