• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 14:11

Министр таеквондо жеңімпаздарын марапаттады

30 рет
көрсетілді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов таеквондодан XXXII жазғы Универсиада мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті. Іс-шараға Халықаралық таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев, жаттықтырушылар және жас спортшылар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еске салайық, Германияда өткен XXXII жазғы Универсиадада Самирхон Абабакиров алтын медаль жеңіп алса, Малайзияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Айым Серікбаева, Бунед Бахрамқұлов, Аружан Найманбаева топ жарды. Сары құрлық додасында ерекше көзге түскен Айым Серікбаева турнирдің үздік спортшысы атанса, жеке бапкері Еркебұлан Ермекәлиев спортшыны дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталған еді.

Жиын барысында доктор Чоуға таеквондоны жаһандық деңгейде дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірген Е.Мырзабосынов сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтановқа отандық таеквондоны дамытуға қосқан елеулі үлесі және командамен табысты жұмысы үшін алғыс айтты. Сонымен қоса, министр жүлдегерлерді құттықтады.

«Бүгінде мемлекет сіздердің жоғары жетістікке жетіп, шеберліктеріңізді шыңдауға барлық жағдай жасап отыр, әрқайсыңызбен жеке жұмыс істейтін жаттықтырушыңыз бар. Бүгінгі жетістіктер – көп жылдық еңбектің, жүйелі дайындықтың және өз ісіне адалдықтың нәтижесі. Сіздер әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап, елімізді бүкіл әлемге танытып жүрсіздер», деді министр.

Спортшыларға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және федерация атынан сертификаттар табысталды.

Айта кетелік, 14-16 тамыз күндері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Додаға әлемнің 22 елінен 750-ден астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтингтің көшбасшылары бар. Жарыс кадеттер, жасөспірімдер және ересектер арасында өтеді.