Volkswagen концерні алдағы уақытта елдегі қызметін толығымен тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Автонарықты мониторингтеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян мәлімдеді. Оның айтуынша, компания Орталық Азияда жергілікті өндіріс ашуды жоспарлаған, алайда бұл бастаманың тоқтағаны жөнінде ресми ақпарат әзірге жоқ, деп жазады Egemen.kz.
2021 жылы елімізде неміс брендінің бар болғаны 4 мың көлігі сатылған, бұл жаңа автонарықтың шамамен 3–4%-ына тең. Бұған дейін Volkswagen Қазақстандағы ең танымал он марканың қатарында болған. Негізгі үлгілер Калуга және Нижний Новгород қалаларындағы зауыттардан, ал премиум сегменттегі Passat пен Touareg модельдері Германиядан жеткізілген. Соңғы жылдары нарықта тек Touareg моделі ғана сатылып келді.
Дегенмен, бұл модель де 2026 жылы өндірістен алынып тасталады. 2002 жылы Porsche Cayenne-мен бір платформада жасалған Touareg-тің орнын жақында таныстырылған Tayron кроссовері басуы мүмкін.