• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:02

Қиғаштың салтанатын асырған

130 рет
көрсетілді

Еліміздің батыс шекарасында Қиғаш аталатын өзен бар. Су айды­нының бергі жағалауында Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының бірнеше ауылы, арғы жағасында Ресей Федера­циясының Астрахан облысының елді мекендері орна­ласқан.

Биыл бұл өзенде тағы да лотос гүлдеді. Лотос алқабының аумағы шамамен – 8-10 гектар. Су үстіндегі сұлулық рәмізі  шілденің ортасы мен тамыздың соңына дейін бүр жарып тұрады. Бір қызығы, таң атысымен қауызы ашылған сәттегі көріністің жөні бөлек. Құдды су үстіне алқызыл кілем төселгендей көрінеді. Самал желмен тербеліп тұратын лотостың ұзындығы 2 метрге дейін жетеді. Ал жапырағының диаметрі 60 сантиметрге созылады. Неге екені белгісіз, іңірде алқызыл гүлдің қауызы қайта жабылады.

Қиғаш өзеніндегі осынау кереметті сөзбен суреттеу мүмкін емес, таңғажайыпты көзбен көру керек. Сол себепті, Құрманғазы ауданының әкімдігі 26 шілдеде су айдынына жақын орналасқан Теңіз ауылында «Lotus Fest – 2025» халықаралық фестивалін өткізді. Мұнайлы өңірдегі отандық туризмді дамытуға арналған іс-шараға алғашқы күні Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Ресейдің шекаралас өңірлерінен 5 мыңнан астам турист келді.

Өзен жағалауындағы этно­ауылда 20 киіз үй тігілді. Тамыз­дың соңына дейін 12 киіз үйді ақылы қонақүй ретінде пайдалану көзделіп отыр. Фести­валь аясында түрлі іс-шара өтті, халқымыздың ұлттық салт-дәстүріне қатысты құнды­­­лық­тар насихатталды. Атырау облысынан 35, көршілес Ресей Федерациясынан 3 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Қолөнер жәрмеңкесінде ұлттық нақыш­пен жасалған бұйымдар мен тағамдар­дың алуан түрі таныс­тырылды. Жасөспірімдер саз балшықтан түрлі бұйым жасауды үйренді, қылқаламмен табиғаттың тамаша көріністерін бейнеледі. Көбінің таңдағаны – су ортасында өскен лотостың әсемдігі.

«Atyrau Nomads» саяхат клубы лотос алқабындағы керемет көріністі тамашалауға туристерді 30 көлікпен алып келді. Саяхат клубы ұйымдастырған сапармен келген туристер саны – 150 адам. Клуб құрылтайшысы Ерлан Төрәлиевтің айтуына қарағанда, 2020 жылы лотос алқабына танымдық тур өткізіліпті. Биылғы туристердің дені лотос алқабын бұрын көрмеген екен.

«Клубымыз белсенді саяхат­шы­лардың ұйғарымымен құрыл­ған. Бұрын да еліміздің өзге өңір­лерінің туристік мекендеріне, атап айтсақ, Маңғыстау облысын­дағы Бозжыра жазығына саяхат ұйымдастырдық. Лотос – табиғат­тың сирек көрінісі. Әсіресе балалар үшін ұмытылмас көрініс. Биылғы сапарымызда балаларға еліміздің таңғажайып табиғатын көрсетуді мақсат еттік. Мұндай сапарлар табиғатқа деген сүйіспен­шілікті арттырады», дейді Е.Төрәлиев.

Саяхат клубының сапары алдағы күндері Батыс Қазақстан облы­сының Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этно­­гра­фиялық мұражай-қорығына жалғасады.

Ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыстар көпшіліктің делебесін қоздырды. Қол күресіне 24 спортшы қатысты. Ең көп спортшы қазақ күресінен бақ сынады. 80 кг салмақта 18, одан жоғары салмақта 10 балуан белдесті. Садақ, асық ату сайысына қызығушылар қарасы да көп болды. Арқан тартыста 30-ға жуық спортшыдан құралған 6 команда сайысқа түсті.

Ұлттық спорттың бәсін көтер­­гендер арасында елге таныл­ған спортшылар да бар. Соның бірі – 43 жастағы ба­луан Бекболат Салықов. Бұрын қазақ күресінен республикалық сайыстарда топ жарған ардагер спортшы қар­сыласының бәрін жеңіп, жеңім­паз атанды. Бура сан жігіттер зілтемірді төбесінен асыра көте­ріп, бірнеше метрге дейін жүріп өтті.

Туристер лотос алқабына 30-дан астам қайықпен барды. Әр қайыққа шамамен 5 адам мінді. Фестивальдың алғашқы күнінде 550-ге жуық қайық рейсі жасалды.

 

Атырау облысы