Ел азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері қолжетімді әрі жариялы болғаны дұрыс. «Әлеуметтік әмиян» – осыны барынша үйлестіріп, жолға қоятын жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкіметке жобаны мерзімінен кешіктірмей орындауды тапсырған еді.
Халықтың өмір сүру сапасы елдің экономикалық даму деңгейінде маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Әлемде халықтың табысын арттырудың бірқатар танылған экономикалық модельдері мен тетіктері бар. Ал мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – әлеуметтік көмек алушыларды және оларға көрсетілген қызметтердің көлемін сәйкестендіруге септеседі. Сонымен қатар ең оңтайлы әрі тиімдісін таңдап, ашықтық қағидатын сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің ресми деректері негізінде отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Онда 82 ереже-талап негізінде есептелген әл-ауқат дәрежесі бойынша жіктелген 6,3 млн отбасы, бас-аяғы 20 млн астам азамат туралы ақпарат бар. Енді «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы әлеуметтік көмектердің барлығын бірізділендіріп, жұмысты ширатуға әбден болады. Жоба аясында ел Үкіметі мемлекеттік органдардың базаларын, яғни деректерін біріктіру арқылы қай тұлғаға қандай мемлекеттік жәрдемнің түрі көрсетілуге тиіс екенін бірден анықтай алады. Жоба цифрлық технологияларды енгізу есебінен әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалану фактілерін барынша жоюға, қадағалауға және қолма-қол ақша пайдалануды шектеуге бағытталған.
Президент Жолдауда халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажеттігін айтты. «Үкіметке келер жылдың басынан «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде, мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», делінген Жолдауда.
«Әлеуметтік әмиян» өткен жылдан бастап қолға алына бастаған жоба. Ол пандемия тұсында ашылған «әлеуметтік шоттан» бөлек. Жоба аясында ел Үкіметі мемлекеттік органдардың базаларын, яғни деректерін біріктіру арқылы қай тұлғаға қандай мемлекеттік жәрдемнің түрі көрсетілуге тиіс екенін бірден анықтай алады. Бұл цифрландырудың бірінші кезеңі болса, екінші кезеңде әлеуметтік көмектің сол көмекті қажет ететін азаматқа жеткен-жетпегені, яғни ашықтық қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап Заңға «Әлеуметтік әмиян» туралы түсінік енгізіліп, бекіді. Қазір жобаның қанатқақты режімдегі алғашқы қадамы ретінде балаларға ыстық тамақ үлестіру жағы пысықталып жатыр.
Жуырда өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жоба туралы былай деді:
«Мемлекеттік қолдау шараларының нысаналы әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін қанатқақты режімде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Аталған жобадағы алғашқы бағыт – оқушыларды тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету. 6 943 мемлекеттік орта білім беретін мектептің ішінде қазір 2 369 мектеп заманауи автоматтандырылған бақылау пункттерімен (АБП) толық жабдықталды. Ал 3 950 мектепте, жобалық қуаттылықты ескере отырып, «Бизнес әмиян» енгізілді – бұл оқушыларға ыстық тамақ жеткізілуін есепке алу және бақылау үшін қосылған арнайы қосымша. Осылайша, eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ата-аналар баласының ыстық тамақ алғанын нақты уақыт режімінде тексеріп, мәзірді көре алады және пікір қалдыра алады».
Елімізде мектепте білім алатын 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қандай да бір шартсыз, түгел қамтылады. Сол секілді әлеуметтік көмек алатын отбасыда тәрбиеленетін 5-11-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ қарастырылған. Жаңа жүйенің артықшылығы – ата-аналар қағаз құжат жинап сенделмейді. Көмек алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады. «Әлеуметтік әмиян» цифрлық шешімінің тағы бір артықшылығы жүйе мемлекеттік қолдауды алдын ала өзі анықтайды. Көмекті автоматты түрде көрсетеді. Осы жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсуповадан сұрап білдік.
– Біз алдымен талдау жасап, әлеуметтік қорғалатын топқа жататын азаматтарды нақтылаймыз. Сосын ата-аналарға мемлекет тарапынан баласының ыстық тамақ алуға құқығы бар екені туралы хабарлама жібереміз. Ата-ана «келісесіз бе» деген сұраққа «Иә» деп жауап қайтарған жағдайда «Әлеуметтік әмиянда» ваучер пайда болады. Осыдан бастап бала асханадан тегін тамақтана алады. Ол үшін ваучерді ата-ана eGov Мobile қосымшасы арқылы іске қосуға тиіс. Сонда оқушы мектеп асханасында QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ ала бастайды. Баланың асханаға кіргені, тамақты алғаны бәрі-бәрі есепке алынады. Осылайша, жүйе мемлекеттік қолдауға құқығы бар отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру үдерісін автоматтандырып қана қоймай, ыстық тамақ оқушыға тигенін ашық бақылауға мүмкіндік беріп отыр, – дейді А.Юсупова.
Енді бұрынғыдай қаптаған қағаз жинаудың қажеті жоқ. Ешкімге артық салмақ түспейді. Бұл әуелі бала үшін, сосын ата-ана, мектеп ұжымы, тамақты жеткізуші кәсіпкерге, мемлекетке бәрі-бәріне тиімді шешім болып отыр. Осы уақытқа дейін жобаға қанатқақты режімде Астана қаласындағы 10 мектеп және Қостанай облысындағы 10 білім беретін ұйым қосылған. Нәтижесінде, ыстық тамаққа бір айда төленетін ақының шамамен 15 пайызы үнемделгені байқалған. Осы қадам жүйені іс жүзінде қарап-тексеруге, ата-ана, мұғалімдер мен жеткізушілердің кері байланысын нақтылауға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Қанатқақты режімдегі жұмыстар көңілден шыққан. Енді қыркүйектен бастап жүйеге еліміздің барлық аймағындағы мектептер қосылғалы тұр.
Бұрын ел азаматтарының көбі өзінің мемлекеттен әлеуметтік көмек алатынын біле бермейтін. Енді «Әлеуметтік әмиян» арқылы тұрғындарға бірден әлеуметтік қызмет тағайындалғаны туралы хабарлама келеді. Оған тұтынушы «иә» немесе «жоқ» деп қана жауап қайырады. «Әлеуметтік әмияндағы» қызметтерді пайдалану үшін тұрғындар Play Market, App Store дүкендерінен eGov Мobile қосымшасын жүктеп алуы қажет. Қосымшаға қосылу көп уақыт алмайды, тілі де халыққа ұғынықты, жеңіл. Созылмалы сырқаты бар пациенттерге мемлекеттен тегін берілетін дәрі-дәрмектер бар. Оны алу үшін eGov Mobile қосымшасында «Әлеуметтік әмиянның» «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімін пайдалануға болады. Мәселен, пациент дәрігердің алдына барып, жіті тексеруден өткен соң тегін дәрі-дәрмек тағайындалды делік. Осы кез ақпарат электронды түрде бірден «Әлеуметтік әмиянға» түседі. Пациент қосымша арқылы сол бөлімге өтсе QR-код шыға келеді. Сосын пациент мемлекеттік дәріханаға барып, әлгі QR-кодты көрсетсе, фармацевт қандай дәрі тағайындалғанын бірден көріп, береді. Сол кезде ғана дәрі есептен шығарылады. Ашықтық қағидаты сақталып, мемлекеттен ұсынылатын тегін дәрі-дәрмектердің бағыты түгел бақыланады. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жоба арқылы дәрі-дәрмектерді үлестіру 700-ден астам медициналық ұйымда іске асатынын хабарлады. «Әлеуметтік әмиянның» арқасында енді науқастар өзіне қажет дәріні алу үшін бұрынғыдай дәрігердің қабылдауына кезекке тұрып, емханаға қайта-қайта бармайды.
Жобаның тағы бір тармағы балаларға қосымша білім беретін ұйымдарға қатысты болып отыр. Келешекте ол үйірмелердегі балаларға да ваучер тағайындалып, баланың үйірмеге барған-бармағаны бақылауда болады. Осыған дейін мемлекет қосымша білім беретін ұйымдарды бақылай алмаса, енді осы олқылықтың орны толғалы тұр. Келешекте жүйе арқылы тағайындалатын әлеуметтік көмектердің қатарына балалардың лагері, жатақханамен қамту, балабақша кезегі секілді басқа да қызметтер жоспарға сәйкес енгізілуі бек мүмкін. Қазірдің өзінде әлеуметтік топтағы тұрғындардың көгілдір отын шығынының бір бөлігін мемлекет төлеп береді. Мұнда да тұрғындар QR-кодты көрсету арқылы шығынның белгілі бір бөлігін төлейді. Осыған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеңілдікпен беретін жоба пысықталып жатыр. Бұл бойынша қанатқақты жоба қазір Ақмола облысы Ақкөл қаласында іске асып жатыр. Оның нәтижесі жақсы болса, тәжірибе еліміздің басқа өңірлеріне де жетеді.