Қазір отандық жоғары білім саласында асқаралы жоспар жүзеге асырылып жатыр. Мұны салалық министрлік «Миссиямыз – елімізде академиялық хабқа айналдыру» деп түсіндіреді. Бәрі елімізде 5 шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашудан басталды. Бүгінде халықаралық әріптестік нәтижесінде шекараның сыртынан келген 20-дан аса ұйым жұмыс істеп тұр. Бұл біздің мектептерді бітірген түлектерге өз өлкесінде әлемге белгілі оқу ордаларының дипломын алуға жағдай жасайды. Десе де көбі мамандарды ақылы негізде даярлайды, бірақ биыл тегін оқуға мүмкіндік ашылды.
Грант пен талап
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн», деген еді. Осылайша, биылғы академиялық оқу жылында қажетті кадрларды даярлауға елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына 2 365 грант қарастырылды.
Бұл туралы алғашқылардың бірі болып «Heriot-Watt University»-дің Ақтөбедегі ресми кампусы сүйіншіледі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан ашылған «Heriot-Watt University»-ге 250 мемлекеттік грант бөлінді. Енді талапкерлерге компьютерлік инженерия, электроэнергетика, мұнай инженериясы және энергоменеджмент мамандықтарына тегін оқуға болады. Қ.Жұбанов университетінің таратқан ақпаратына сүйенсек, барлық оқу бағдарламасы ағылшын тілінде өтеді. Мұнда оқытушылар – шетелдік үздік университеттердің түлектері. Қабылдау шарттары да соншалықты қиын көрінбейді. Мысалы, ҰБТ-дан 65 балдан жоғары алғандар тапсыра алады. Дегенмен ағылшын тілінен ішкі тест тапсыру міндеттеледі, профиль пәндері: математика+физика/информатика. Осы оқуды бітіргендер Ұлыбритания мен Қазақстанның дипломын алып шығады.
Қос дипломды бағдарламамен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде де оқуға болады. Өйткені жақында бұл жоғары оқу орны да өзінің ресми парақшасында 175 грант бөлінгенін сүйіншілеп жазды. Соның ішінде «IT/Data Science» – 80 грант (шекті ұпай – 50), «Biotechnology» – 70 грант (шекті ұпай – 50), «Special Education» – 50 грант (шекті ұпай – 75). Бұл университетте осы қос дипломды бағдарламамен түскен студенттерге 4-курста бір семестр АҚШ-та Аризона университетінің кампусында оқуға мүмкіндік беріледі. Ал бітіргенде Қазақстанның және АҚШ-тың дипломын алып шығады. Бағдарламаға қатысу үшін келесі сертификаттардың бірі арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін (≥В1) растау қажет: Ielts – ≥ 5.0; Toefl iBT – ≥ 42; Toefl iTP – ≥ 460; Duolingo – ≥ 60. Сертификат жоқ болса, сол М.Қозыбаев университетінде ағылшын тілінен ішкі онлайн тестті тегін тапсыруға болады.
Елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына мемлекет қана емес, білікті кадр даярлауға мүдделі ұйымдар да грант бөлуді қолға алды. Мәселен, өткен айларда «New York Film Academy» Қазақстанда грант беру бойынша конкурс жариялады. Грантты «Energo University» жанындағы «Dala.edge» креативті технологиялар паркі Қаскелең қаласында орналасқан «New York Film Academy» (NYFA) кампусында оқуға арнайы қарастырған. Бағдарлама аясында «3D-анимация және визуалды эффектілер» мен «Ойын дизайны» бағыты бойынша 100 және 50 пайыздық гранттар ұсынылады. Байқауға қатысу үшін үміткер креативті жұмыс дайындауға тиіс. Гранттық жоба NYFA халықаралық дипломын шетелге шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Оқуын сәтті аяқтаған түлекке Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі академия кампустарында берілетін дипломмен тең арнайы сертификат табысталады. Дәрістерді АҚШ-тан келген оқытушылар жүргізеді. Салалық министрліктің дерегіне қарағанда, NYFA-ның Қазақстандағы филиалы – Азия құрлығындағы жалғыз филиал. 1 наурызда «New York Film Academy» президенті Майкл Янгтің қатысуымен «Almaty Energo University» жанындағы Креативті индустриялар паркі аумағында филиалдың жұмысын бастау туралы келісімге онлайн қол қою рәсімі өткен еді.
Ұтымдысы һәм тиімдісі
Кейінгі уақытта шетелдіктердің еліміздегі университеттерді таңдағаны туралы жағымды жаңалықтар жиі жарияланып жүр. Мысалы, 43 жастағы АҚШ азаматы Илья Кушнирский жақында М.Қозыбаев университетіне құжат тапсырды. Ол оқу оқып, біліміңді одан әрі жетілдіруге кеш емес деп есептейді. Қазіргі таңда Қозыбаев университетінде әлемнің 16 елінен келген шетелдік студент білім алады.
«Өзім Нью-Йорк қаласынанмын. Бірақ кейінгі 2 жыл бойы Санкт-Петербург қаласында клиникалық психология бойынша қайта дайындықтан өттім. Алматыдағы семинарлардың біріне қатысып, Қозыбаев университеті туралы білдім. Негізі көп уақыт бойы Америкада тұрдым. Алайда мені екі диплом алу мүмкіндігі қатты қызықтырды, сондықтан Қозыбаев университетін таңдап отырмын», дейді талапкер.
Илья Кушнирский қос диплом бағдарламасы бойынша «Білім берудегі психология» мамандығына тапсырған. Шетелдік студент ретінде ол ақылы негізде оқитын болады. Алайда талапкер үшін бәрібір де бұл – қаржылық жағынан тиімді шешім. Мәселен, егер ол оқуды Аризона университетінің Тусон қаласындағы кампусында бастаса, жылына 40 000 АҚШ долларын төлеуі қажет болар еді.
Ал Өзбекстан азаматы «Heriot-Watt University»-дің Қазақстандағы кампусын таңдады. Өткен апталардың бірінде әлеуметтік желіде тараған видеодан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қабылдау комиссиясына Өзбекстан Республикасының азаматы келіп, «Heriot-Watt University»-дің Қазақстандағы кампусына оқуға түсу үшін құжат тапсырған сәтіне куә болдық.
Оқу орны таратқан ақпаратқа сүйенсек, өзбекстандық талапкер «Компьютерлік инженерия» білім бағдарламасын таңдаған. Бұл бағыт – цифрлық технологиялар мен IT индустрияның дамуына сәйкес сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Осы күнге дейін 2 781 талапкер университетке келіп, қабылдау комиссиясынан өтті. «Heriot-Watt University»-дің Қазақстандағы кампусы халықаралық стандарттарға сәйкес білім беретін және британдық үлгідегі диплом ұсынатын оқу орны ретінде Орталық Азия елдерінің азаматтары арасында да танымал бола бастады.
Тағы бір мысал, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі (ШҚТУ) «Лу Бань» шеберханасында тек отандық студенттер ғана емес, әлемнің әр түкпірінен ағылған жастар білім алып жатыр. Айталық, Нигериядан келген магистрант Даниэль Дамиларе Эммануэль «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» бағдарламасы бойынша, ал Пәкістаннан келген Ибтасам Умар Алтаф Шейх Саиф ур Рехман «Механика және металл өңдеу» бағдарламасы бойынша оқиды.
«Біздің елде осындай білім алуға жасалған мүмкіндікті табу қиын – мұнда заманауи электромобильдерге, жабдықтарға және ең бастысы, бірден тәжірибеде қолдануға болатын білімге қол жеткізуге мүмкіндік бар», дейді нигериялық Даниэль.
Пәкістандық студент үшін де бұл шеберханада оқу – заманауи кәсіби инженерлік дағдыларды меңгерудің нақты мүмкіндігі. Бұл туралы Умардың өзі: «Мен ШҚТУ-ды таңдадым, себебі мұнда білім шынайы индустриямен байланысты. Бұл тек теория емес, бұл – болашақ технологияларды өз көзіңмен көріп, қолмен ұстай алатын мүмкіндік», деп пікір білдірді.
Министрлік мәліметінде көрсетілгендей, «Лу Бань» шеберханасына шетелдіктердің де қызығатынындай бар, себебі бұл – «Tesla», «BYD», «Zeekrм, «Lixiang» электромобильдері, гибридтік қондырғылар, бағдарламаланатын диагностикалық жүйелер, автономды көлік платформаларына арналған стендтер секілді елдегі ең заманауи техникалармен жабдықталған санаулы оқу алаңдарының бірі. Мұнда студенттер тек технологиялармен танысып қана қоймай, олармен жұмыс істеуге, зерттеу жүргізуге, өз инженерлік шешімдерін сынап көруге және жобалауға нақты мүмкіндік алады. Шеберханада шыңдалғысы келетін талапкерлер болашақ көлік инфрақұрылымына мамандар даярлайтын «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», логистика, қауіпсіздік және басқаруға бағытталған «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлік құралдарын пайдалану», механика, IT және автоматтандыруды ұштастырғысы келетіндерге арналған «Көлік машина жасауындағы смарт технологиялар мен жасанды интеллект», классикалық инженерлік білім мен заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын біріктіретін «Механика және металл өңдеу» білім бағдарламаларының бірін таңдай алады. Бұл бағдарламалардың әрқайсысы дуалды білім беру қағидаттарына негізделген: теория нақты тәжірибемен ұштасады, студенттер оқулық аясынан шығып, нақты өндірісте сұранысқа ие шешімдерді әзірлеуге және іске асыруға көшеді.
Шеберханада мамандық алатын студенттерге ғана емес, әбден маманданған өндіріс өкілдері де оқудан өтеді, Шығыс Қазақстан мен еліміздің басқа өңірлеріндегі зауыт-фабрикалардың мамандарына микробіліктілік әдістемесі арқылы кәсібилігін арттыруға мүмкіндік қарастырылған.
P.S. Әуелде елімізде әлемдік беделді оқу орындарының филиалын ашудағы мақсат та осы болатын. Яғни шетелдік студенттерді тарту арқылы білімді «экспорттау», олар оқу ақысын төлейді, біздің университеттер табыс табады. Екіншіден, жастарымызды шекара асырмай, халықаралық деңгейдегі білімді елден-ақ алуға жағдай жасау, осы арқылы оқуға төленетін қаражатты шетке шығармау. Үшіншіден, отандық оқу орындары арасында бәсекелестік тудыру. Төртіншіден, өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыру, соның нәтижесінде ірі қалаларға ағылатын суденттер санын азайтып, ішкі-көші қонды реттеу. Бастысы мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына өзіндік үлес қосып, даярланған кадрлар елде еңбек етсе игі.