Үкімет отырысы барысында Премьер-министр автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, цифрлық диспетчерлеу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен саланы цифрландыруға назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жасанды интеллект апаттың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептей алады.
«Мемлекет басшысының қатысуымен жуырда Астанада сапалы талдау жасап, ауқымды деректерді генерациялай алатын суперкомпьютер кластері іске қосылды.
Осы тұрғыда жасанды интеллект технологиялары мен перспективалы стартаптарды экономиканың барлық саласына, соның ішінде теміржолға да енгізу керек.
Мысалы, жасанды интеллект апаттық жағдайлардың ықтимал қауіптерін және жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептеп, осындай мәселелерді шешудің түрлі нұсқаларын пысықтай алады.
Теміржол саласын цифрландыру кезінде IT-инфрақұрылымды басқарудың және ақпараттық жүйелердің интеграциясын жүргізудің тұтас тәсілін жүзеге асыру қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.