Неміс ақыны Иоганн Гёте әйдік ақын ғана емес, әйбат өсімдіктанушы да болған. Ол «Өсімдік метаморфозасы» атты пәлсапалық өлеңінде тамырдың, өскіннің, жапырақтың жалғыз тұқымнан пайда болғанын мысал етіп, жер бетіндегі барлық болмыстың бір бастаудан жаралғанын жеткізеді. Кішкентай гүлдің құрылымынан табиғаттағы тұтас үйлесім көрінеді деп жырлайды. Бүгінгі кейіпкеріміз де гүлдерді шебер үйлестіріп, көңілдерге қуаныш сыйлайтын жан. Ол – флорист Ержан Балтабай.
Жаңа мамандық – жарқын мүмкіндік
Көпшілік флористика десе тек гүл шоқтарын жинау деп ойлайды. Алайда бұл мамандық – шығармашылық пен эстетиканы, сервис пен қолөнерді, талғам мен жауапкершілікті тоғыстырған сала. Астанадағы Сервис және туризм колледжінде осы бағытқа алғашқы студенттер қабылданып, бірқатар жас маман білім алып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап олардың қатарына тағы 25 талапкер қосылмақ. Айта кетерлігі, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін студенттер де бар.
Болашақ флористер екі жыл он ай бойы тек теориялық білім алып қана қоймай, заманауи зертханаларда тәжірибе жинақтайды. Оқу барысында биология, математика, қазақ және орыс тілдері пәндерінен алған білім бағаланып, қосымша сұхбаттасу жүргізіледі. Колледжде арнайы білікті оқытушылар дәріс береді, ал студенттер тәжірибені шетелдік және отандық серіктес компанияларда шыңдайды.
Ерекше өнер иесі
Колледж шәкірттеріне Нидерландтық «Flower Circus» компаниясы тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Бұған қоса, оқу орны «Romantic», «ҚазФлор» орталықтарымен және «Астана-Зеленстрой», «Жасыл аймақ» кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатқан. Осы оқу ордасының биылғы түлегі Ержан Балтабай бүгінде «Romantic» гүлдер орталығында еңбек етіп жүр. Жас маман өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайды:
«Флористика – тек гүлдермен жұмыс емес, бұл – айналаға эмоция сыйлап, сұлулықты жеткізу өнері. Иә, мен бұл мамандықты жұмыс деп емес, өнер деп түсінемін. Табиғат тамашаларын үйлестіре отырып, адамдарға қуаныш сыйлағым келеді», дейді ол.
Халықаралық додаға дайындық
Қазіргі таңда Ержан Балтабай Данияда өтетін халықаралық «EuroSkills» жарысына қызу дайындалап жатыр. Әр күнін түрлі техниканы меңгеріп, күрделі композициялар жасауға арнайды. Ол байқаудың республикалық кезеңінде ел мәдениеті мен тарихын танытатын ерекше жұмыстарымен дараланды. Мәселен, «Жібек жолы», «Бурабай», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты шығармашылық композициялары әділқазылар тарапынан жоғары бағаланып, жеңіске жетті.
«Флористика шеберлікті ғана емес, сонымен бірге үлкен ыждағаттылық пен байқампаздықты талап етеді. Қазір ең бастысы – шығармашылық ойлау қабілетімді жетілдіру, өйткені халықаралық деңгейдегі сайыс тек техникамен емес, идея тереңдігімен бағаланады», дейді жас флорист.
Гүл адамның ниетін сезеді
Ержан гүл дүкеніне келетін адамдардың болмыс-бітімі мен мінезі бірден аңғарылатынын айтады. Сөзінше, жақын адамын риясыз қуантқысы келетін адамның тапсырысы өте тез жиналады әрі жылдам үйлесе кетеді. Кейін сол гүлдің ғұмыры да ұзақ болады екен.
«Кей кісілердің гүлдері, керісінше, жиналмай қояды. Ондай жандар гүлді қуанту үшін емес, «беріп құтылу» үшін алады. Шеберлік машығымыздың нәтижесінде ол тапсырыстың ды қиюын келістіріп, әдемі етіп дайындап береміз. Бірақ ондай ниетпен алынған гүлдер ұзақ сақталмайды. Өз тәжірибемде жиі кездестірдім», дейді флорист Ержан.
Гүл – табиғаттың нәзік тілі. Ал оны біздің тілде түсіндіретін – Ержан Балтабай. Оның табандылығы мен таланты – отандық флористиканың болашағы бар екенін айқындайды. Әлемдік сайыстарда жас мамандарымыз қазақ жерінің табиғаты мен мәдениетін паш етсе, бұл тек бір мамандықтың ғана емес, тұтас елдің мерейі болары сөзсіз.