• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:15

Су саласында заңбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші артқан

20 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес күшейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған құқықбұзушылықтар саны шамамен 9 есеге өскен, деп хабарлайды Egemen.kz.

2023 жылы бассейн инспекциялары су заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 105 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 208 заңбұзушылық анықталды. Оларды жою үшін 81 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 21,4 млн теңгеге 149 әкімшілік айыппұл салынған.

2024 жылы бассейн инспекциялары 439 тексеріс жүргізіп, 1 855 заңбұзушылықты анықтаған, олар бойынша 429 ұйғарым берілді. Тексерістердің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.

Ал 2025 жылдың басынан бері 82 тексеріс жүргізіліп, 141 заңбұзушылық тіркеліп, сол бойынша 69 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 24 млн теңгеге 254 айыппұл салынып отыр.  

Сала министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша былтыр ведомствоның Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитеті құрылды. Оның негізгі міндеті – суды заңсыз пайдалану мен су есебін бұрмалауға қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ су нысандарындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу.

«Жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін қызметкерлер санын арттыру, аумақтық бөлімшелер желісін кеңейту және бассейн инспекцияларын техникалық жағынан жабдықтау бойынша шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, инспекцияларға бақылау жүргізу құзыреті берілді, соған сәйкес олар жедел әрекет ету шараларын қолдана алады», деді Н.Нұржігітов. 

Министрліктің мәліметінше судың «көлеңкелі нарығымен» күресу үшін министрлік қабылдаған шаралардың ішінде су саласындағы заңбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату да қарастырылған. Оған қоса, биыл 10 маусымнан бастап суару суын пайдалану ережелері күшіне енді. Бұл ережелерге сәйкес, келісімшартсыз су тұтынғаны және дақыл түрін су жеткізушімен келіспей өзгерткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Биыл бассейн инспекциялары 1 861 шаруашылық субъектісін қамтыған 125 түсіндіру іс-шарасын өткізді. Соның нәтижесінде су пайдаланушылар арнайы рұқсат құжаттарын белсенді түрде рәсімдей бастады. Осылайша жыл басынан бері 445 рұқсат құжаты берілген.