• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 16:13

Конгодағы қақтығыста 140 бейбіт тұрғын қаза тапты

10 рет
көрсетілді

АҚШ пен Қатар арағайындығымен жүріп жатқан бейбіт келіссөздерге қарамастан, М23 бүлігі тағы да бейбіт халықты қырғынға ұшыратты, деп жазады Egemen.kz.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Рутшуру ауданында шілде айында кемінде 140 бейбіт тұрғын М23 бүлікшілерінің қолынан қаза тапқан. Бұл – 2021 жылы қозғалыс қайта бас көтергелі бері тіркелген ең ауыр қылмыстардың бірі.

Куәгерлердің айтуынша, Руанда қолдайтын қарулы топ әйелдер мен балаларды да аяусыз жазалаған. Құрбандардың көбі хуту этникалық тобының өкілдері. М23 сарбаздары кейбір ауылдарды қоршап, тұрғындардың қашып құтылуына жол бермей, адамдарды қарумен де, пышақпен де өлтірген.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүлікшілер мәйіттерді жерлеуге тыйым салып, кейбір денелерді өзенге тастаған. Құқық қорғаушылар мұны адамгершілікке қарсы қылмыс деп бағалап отыр.

M23 немесе «Наурыз 23 қозғалысы» – 2012 жылы Конго армиясынан бөлініп шыққан этникалық тутсилерден құралған бүлікші топ. Атауы 2009 жылғы бейбіт келісімге сілтеме жасайды, себебі сол келісім талаптары орындалмады деген уәжбен олар қайта қару көтерді. Қозғалыс Конгоның шығысында жиі қарулы қақтығыстар туғызып, ондаған мың адамды босқынға айналдырды. Халықаралық ұйымдар мен БҰҰ М23-ті Руанданың әскери және қаржылай қолдауына сүйенетін топ ретінде сипаттайды.

Ресми Кигали (Руанда билігі) М23 қозғалысына тікелей қолдау көрсетеді деген айыптауларды жоққа шығарып келеді. Дегенмен БҰҰ мен HRW баяндамасында Руанданың қарулы күштері бүлікшілерге жанама қолдау көрсеткені жазылған.

Аталған оқиғалар аймақтағы бейбіт келісімдерді тоқырауға ұшыратты. Бұған дейін Қатарда М23 пен Конго үкіметі бітімге қол қойған еді. Бірақ келіссөздер жалғасып жатқан тұста, олар шарттардың орындалмағанын айтып, келісімнен бас тартқан.