Елдегі жағажай маусымының аяқталуына орай «Үздік жағажай» қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байқау Kazakh Tourism, Туризм және спорт министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты - еліміздегі су айдындарында қызмет көрсетудің және қауіпсіздік стандарттарын арттыру.
Биыл сараптамалық комиссияның назарына өңірлерден 30 астам жағажай ұсынылды. Оның ішінде жекеменшік әрі қалалық жағажайлар да бар. Бағалау ҚР СТ 3013-2017 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді әрі халықаралық Blue Flag бағдарламасының жекелеген критерийлері ескерілді.
Іріктеу кезінде акваторияның қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымы, құтқарушылар мен медициналық бекеттердің болуы, жағалаудың ыңғайлылығы, аумақты жоспарлау, судың сапасын тұрақты түрде бақылау және қоқысты бөлек жинау, күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары, экологиялық білім беру іс-шараларын қамтитын экологиялық бастамалар есепке алынды.
Сараптамалық комиссияның бағалауы бойынша ТОП-3 үздік жағажай анықталды. Олар жинауға мүмкін болған 170 балдан төмендегідей нәтиже көрсетті. І орын – Wyndham Garden Beach (Ақмола облысы, Бурабай) –166 балл; ІІ орын – №5 қалалық жағажай (Алматы облысы, Қонаев қ.) – 145,5 балл; ІІІ орын Орталық жағалау (Павлодар облысы, Павлодар қ.) – 145 балл.
Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз акваториясымен, дамыған инфрақұрылымымен (киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, демалыс аймақтары, дәмханалар) ерекшеленді. Сондай-ақ балалармен келетін отбасыларға қолайлығымен, табиғатты сақтау мақсатындағы экологиялық шешімдерді және бастамаларды жүзеге асыру жағы да ескерілді.
«Үздік жағажай» бағдарламасы – бұл еліміздің ең үздік жағажайларын анықтау ғана емес, сонымен қатар өңірлерді өздерінің демалыс аймақтарын халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға ынталандыру. Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарының өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен әкімдіктеріне белсенді әріптестік танытып, біздің бастаманы қолдады», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Енді «Үздік жағажай» бағдарламасы жыл сайын ұйымдастырылмақ.