Данияның білім жүйесінде ерекше бір сабақ бар. Ол – «Klassens tid», қазақшаласақ, «Сынып сағаты». Бұл дәстүр 1993 жылдан бері үзілмей келеді. Аптасына бір рет 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар сыныбында бас қосып, бір-бірімен еркін әңгімелеседі.
Бұл уақыт олардың жүректегі мұңды, қуанышты, ойды бөлісуге арналған. Бір оқушы үйдегі қиындықтарын жасырмай айтады, біреуі достарымен ренжіскенін жеткізеді, ал енді біреуі кішкентай жетістігімен қуантады. Ал мұғалім бұл жерде төрелік айтушы емес, тыңдаушы, бағыт беруші. Балаларға бір-бірін түсіну, жанашырлық таныту, қолдау көрсету үйретіледі. Кейде олар осы әңгімені өздері пісірген торттарын жеп отырып жалғастырады. Бұл даттарға тән «hygge» – қарапайым жылылық пен жанға жайлылықтың белгісі.
Ең қызығы, Дания заңдарында «эмпатия» жеке пән ретінде көрсетілмегенімен, ол балабақшадан бастап барлық білім жүйесіне енген. Арнайы «Step by Step», «CAT-kit» бағдарламалары арқылы балалар эмоцияны тануды, сезімді жеткізуді, жүздегі өзгерістерді аңғара білуді үйренеді.Сондықтан әр бала өз сезімін түсініп қана қоймай, өзгелердің де жағдайына үңіле алатын тұлға болып қалыптасады. Даниядағы білім берудің басты мақсаты – баланы тек ақылды емес, жақсы адам етіп тәрбиелеу.
Дания қоғамында эмпатия тек мектеппен шектелмейді. Ол адамдардың күнделікті қарым-қатынасында, еңбек орнында, отбасында да көрініс табады. Сол себепті де бұл ел әлемдік рейтингте үнемі «ең бақытты мемлекеттердің» қатарында жүреді. Сарапшылардың айтуынша, бақыттың сыры – бір-бірін тыңдай білетін, түсінуге дайын қоғам құруда. Бір-бірінің қуанышын қызғанбайтын, қайғысын бөлісе білетін адамдардан сенімге толы орта қалыптасады.