Елімізде банк жүйесін реттейтін жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Құжат 7 кодекс пен 16 заңға өзгеріс енгізіп, банк секторындағы ережелерді жаңартуды көздейді. Жаңа талаптар лицензиялау жүйесін, салық саясатын және клиенттердің құқығын қорғау тетіктерін қамтиды. Бұл өзгерістер банк нарығы мен қарапайым тұтынушыға қалай әсер етеді?
Халықты қандай өзгерістер күтіп тұр?
Жаңа заңның басты жаңалығы – банктерге лицензияның екі түрін енгізу. Ірі ойыншылар бұрынғыдай әмбебап лицензиямен жұмысын жалғастырады. Ал нарыққа жаңадан кіргісі келетіндерге, соның ішінде банкке айналуды көздейтін микроқаржы ұйымдарына базалық лицензия беріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бұл туралы былай деді:
«Мұндай лицензия капиталға қойылатын талаптарды төмендетеді әрі активтер көлеміне шектеу қояды. Яғни базалық лицензия алған банктің активтері 500 млрд теңгеден аспауға тиіс. Минималды капитал көлемі – 10 млрд теңге. Ал әмбебап лицензия алған банктерге бұл шек 20 млрд теңге болады. Сонымен қатар базалық банктерге қатаң қадағалау талаптары жұмсартылады».
Қазірдің өзінде бірнеше микроқаржылық ұйым банк моделіне көшуді жоспарлап отыр. Мысалы, KMF және BNK Finance компаниялары банкке айналып үлгерді. Ал жаңа заң клиенттердің құқығын қорғауды күшейтуді көздейді. Банктер мен қаржы ұйымдарының тұтынушыға мәжбүрлі қызмет ұсыну, шарттарды жасыру секілді әдістеріне тыйым салынбақ.
«Қазір қаржылық қызметті белсенді ұсынып жүрген банктік емес ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мен клиенттердің құқығын қорғауға міндетті болады. Бұл халықтың тәуекелін азайтып, жалпы қаржы жүйесіне деген сенімді арттырады», дейді Мәдина Әбілқасымова.
Жаңа заңның маңызды бөлігі – мінез-құлықты қадағалау жүйесін күшейту. Бұл банктерді клиент алдында ашық болуға міндеттейді.
«Жаңа заң аясында мінез-құлықтық қадағалау кешенді жүйеге айналады. Ол пруденциялық қадағалаумен теңестіріледі. Мақсат – тұтынушы құқығын қорғау. Қаржы ұйымдары өз өнімдері туралы ақпаратты толық әрі сапалы ашуға міндетті. Қазірдің өзінде мұндай талаптар бар, бірақ біз оны одан әрі күшейтеміз», деді М.Әбілқасымова.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, бұл тәуелсіз ел тарихындағы банктер туралы төртінші заң болмақ. Қазір құжат Сенаттың қарауында жатыр.
«Алғашқы заңдар 1990 және 1995 жылдары қабылданды, олар банк бизнесінің негізін қалады. Қазіргі қолданыстағы заң да 1995 жылы шыққан. Бірақ ол уақыт өте келе талай өзгеріске түсті. Енді ел экономикасының қазіргі даму кезеңі банк секторының рөлін қайта ойлауды талап етіп отыр. Жаңа заң осы заманғы үрдістерге сай болуы керек, ол экономиканы ынталандырып, финтех пен жаңа технологиялардың дамуына жол ашуға тиіс», дейді В.Тутушкин.
Кімге пайдалы, кімге зиян?
Сарапшылардың айтуынша, түзетулердің бір бөлігі шын мәнінде қажет, бірақ кейбір нормалар жүйенің тұрақтылығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова пікір білдірді. Қаржыгердің айтуынша, қазір заң жобасында қарыз алушыларды қорғауға тым біржақты көңіл бөлінген. Бұл идеяның өзі дұрыс болғанымен, орындалу тәсілдері күмәнді.
«Қарыз алушылардың құқығын қорғау – өте маңызды бағыт. Бұған ешкім қарсы емес. Бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Өйткені қаржылық өнімдер күрделі, ал банк пен басқа ұйымдар клиенттің өнімді дұрыс түсінгеніне, қабылдаған міндеттемелерін орындай алатынына көз жеткізуге тиіс. Халықаралық тәжірибедегі мінез-құлықты қадағалаудың мәні – осы», дейді ол.
Алайда ол соңғы енгізілген нормалардың шектен тыс екенін айтады. Былтыр заңға кепілсіз несие алу үшін ерлі-зайыптылардың келісімі міндетті деген норма енгізілген. Ал егер қандай да бір себеппен келісім дұрыс рәсімделмесе, шарт жарамсыз деп танылады.
«Бұл жерде мәселе былай: егер мәміле жарамсыз деп танылса, тараптар бастапқы жағдайға оралуға тиіс. Яғни қарыз алушы банктен алған ақшаны қайтарып, несие шартын жоюға міндетті. Рәсімдеу барысында кеткен қателік үшін реттеуші тарапынан банкке санкция қолдануға болады. Бірақ қолданыстағы заңға сәйкес, банк процедураны бұза отырып берілген несиені қайтаруды талап ете алмайды. Демек, несие кешірілуі тиіс. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай тетік жоқ. Бұл өте қауіпті тәжірибе», дейді қаржыгер.
Елена Бахмутованың пікірінше, мұндай түзетулердің бәрін біріктіретін ортақ мәселе бар. Біріншіден, олар банктер үшін тәуекелді арттырады. Екіншіден, қарыз алушылардың өз міндеттемесінен жалтаруына жағдай жасайды. Ал банктер несие бергенде тартылған қаражатты пайдаланады, соның ішінде халықтың депозит ақшасын. Бұл қаражатты банк кейін сыйақысымен қоса қайтаруы керек. Егер қарызды қайтару рәсімдік қателікке байланысты мүмкін болмай қалса, бұл – бүкіл жүйеге соққы. Ал әкімшілік кедергілердің негізсіз өсуі адал тұтынушылардың басым бөлігі үшін қаржылық қызметтерді алуды қиындатады.
«Өз тәуекелдерін бағалай алмайтын тұтынушыларға қаржы өнімдеріне қолжетімділікті шектеу әдістері бүкіл нарыққа бірдей қолданылмауы керек. Әйтпесе адал тұтынушылар зардап шегеді», деді.
Заң жобасындағы маңызды өзгеріс әмбебап және базалық лицензия енгізу екенін жоғарыда айттық. Бұл өзгерістің де екіұшты тұстары бар екеніне қаржыгер назар аудартып отыр.
«Қазір біздегі барлық банктер әмбебап: депозит қабылдайды, несие береді, валютамен жұмыс істейді, аударым жасайды. Ал базалық лицензия тек белгілі бір қызметтерді ғана ұсынуға мүмкіндік береді. Әсіресе резидент еместермен және күрделі қаржы құралдарымен жұмысқа шектеу қойылады. Мұндай банктердің қызметіне сұраныс бола ма, уақыт көрсетеді», дейді Е.Бахмутова.
Сонымен қатар ол базалық лицензия алған банктердегі клиент депозиттеріне қатысты белгісіздік бар екенін айтты.
«Клиенттердің базалық банктердегі депозиттеріне қойылатын шектеулер қаншалықты дұрыс екенін түсіну қиын. Өйткені кез келген адамның немесе кәсіпкердің ағымдағы шотында ірі сома жатуы мүмкін. Бұл да депозит болып саналады және кепілдендіру жүйесіне кіреді. Демек, мұндай шектеудің қандай тәуекелді жабатыны түсініксіз», деді қаржыгер.
Сарапшы базалық лицензия идеясын тағы бір қауіппен байланыстырды. Қазір базалық банк лицензиясын ҚНРДА беретін болса, Ұлттық банк өз кезегінде төлем ұйымдарына лицензия беруді жоспарлап отыр. Бұл ұйымдарға да банк аударымдарын жасау және электрондық ақша шығару құқығы ұсынылады. Қазір мұндай құқық тек банктерде және банк шоттарын жүргізуге рұқсаты бар «Қазпоштада» ғана бар. Ал төлем ұйымдарына лицензия талап етілмейді, олар тек Ұлттық банкте тіркелсе жеткілікті. Кейінгі уақытта бұл нарық күрт өсіп кетті. Елімізде мұндай ұйымдардың саны шамамен 130-ға жеткен.