Биыл мамыр айында ашылған Семей қаласындағы Отбасын қолдау орталығы аз уақыт ішінде өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға жан-жақты көмек көрсететін маңызды әлеуметтік мекемеге айналып үлгерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осыған дейін орталыққа 160-тан астам өтініш түсіп, олардың басым бөлігіне әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіліпті. Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, әйелдер мен балаларға ерекше көңіл бөлініп, қажетті жағдайда уақытша баспана беріліп, оңалту жұмыстары жүріліп жатыр.
Семей қаласындағы Папанин көшесі, 34А мекенжайында орналасқан орталыққа арнайы барып, әлеуметтік нысанды өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Орталық заманауи талаптарға сай инфрақұрылыммен жабдықталыпты. Мұнда қабылдау бөлімі, ана мен бала бөлімі, балаларға арналған ойын алаңы, тренинг залдары және мамандар қабылдайтын кабинеттер бар екен. Орталықтың қызметі – білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту бөлімдерімен, полициямен, үкіметтік емес ұйымдармен және әйелдер бірлестіктерімен әріптестік негізінде жұмыс істейді.
– Орталыққа жүгінген азаматтардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар да бар. Оларға уақытша баспана ұсынылып, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуде, жұмысқа орналасуда, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыруда, тұрғын үй мәселесін шешуде нақты көмек берілді, – дейді Орталық директоры Назым Шақаева.
Оның айтуынша, мұндағы басты мақсат – қиындыққа тап болған әрбір отбасына жан-жақты көмек көрсетіп, тұрақтылық пен қоғамның қолдауын қалыптастыру. Алдағы уақытта мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, әлеуметтік осал топтарға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Қолдау орталығының көмегіне жүгініп жүрген жалғызілік ана Зәуре Мұратқызымен де тілдесудің сәтті түскен. Зәуре апамыз орталықтан тегін құқықтық кеңес алып, мамандардың ақпараттық қолдауына риза екенін айтты.
– Әр кімнің ізденіп келген тақырыбына сай қолдау-көмек бола жатыр. Осындай орталық бар дегенді естіп, заң тұрғысында көмекке жүгінген едім. Мен үй кезегінде тұрған адаммын, бірақ әлі болмай жатыр. Қазір балаларым кәмелет жастан асып кетті. Жолдасым өмірден озған. Осыған байланысты құқықтық кеңес алып жүрген жайым бар. Орталық бәрін алдыңа әкеліп бермес, бір-ақ күнде бәріміздің проблемамызды шешіп бере алмайтыны да түсінікті, дей тұрғанмен мұндай қоғамдық қолдаудың өзі аз көмек емес, – дейді апамыз.
Әрбір отбасының тағдыры әрқилы болғанымен, бәріне ортақ нәрсе – қолдауға деген мұқтаждық. Осындайда мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана қиындыққа тап болған жандарға көмектесе алатыны түсінікті. Отбасын қолдау орталығы соның айғағы іспетті.
Абай облысы