Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында болған өрттен келген шығын 90 млн теңге деп бағаланды. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Өрт 7 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы, 40 мекенжайында орналасқан ғимараттың шатырынан шыққан. Жалын шамамен 300 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт 21:19-да оқшауланып, 21:52-де толықтай сөндірілді.
Өскемендегі жарылыс: Төрт адам ауруханаға жеткізілді
Тілсіз жаумен күреске 120-дан астам қызметкер мен 30-дан аса техника жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және басқа да қызметтер тартылды.
Оқиға кезінде ғимаратта адам болмағандықтан, зардап шеккендер жоқ, эвакуация жүргізілмеді. Өрттің шығу себебі анықталуда. Қазіргі уақытта өрт-техникалық және электротехникалық сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін.
Ақтауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты: 14 адам эвакуацияланды
Өрт сөндірілгеннен кейін ғимаратта алғашқы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді: шатыр тазартылып, жөндеу басталды. Қаржыландыру облыстың төтенше жағдайлар резерві есебінен жүзеге асырылуда, ал қалпына келтіру жұмыстарын арнайы компания атқарады.
Қазіргі таңда жағдай өңір басшысының бақылауында.