• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:55

Нұрбек МАТЖАНИ: Халықтың мемлекетке сенімі артып келеді

70 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары елімізде кешенді саяси, экономикалық һәм әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қоғамның бар саласын қамтыған осы өзгерістердің нәтижесі қандай? Халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі қай деңгейде? Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжанимен сұхбатымызда осы мәселелерге жауап іздеп көрдік.

– Нұрбек Сейілханұлы, қазір саяси үдерістер сәл сая­быр­лаған тұс. Ұлттық құрыл­тайдың Бурабайдағы отыры­с­ында Мемлекет басшысы кейінгі үш жылда жүзеге асы­­рылған реформалардың бағы­тын тағы бір айқындады. Жа­қында Премьер-министр де есеп берді. Депутаттар да мау­­сымды қорытындылап жа­­тыр. Осы тұста қоғамның рефор­маларға қатысты пікірі қан­дай? Қазір қандай са­рап­тамалық зерттеулерге сұраныс басым?

– Жұртшылық қашанда байып­ты зерттеуді қажет етеді. Бұған бірнеше себеп бар. Бірін­шіден, елімізде 2022 жыл­дан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси реформалары жүзеге асып келеді.  Осы жүйелі реформалар саяси модернизациядан әлеуметтік салаларға дейін терең әрі дә­лелді талдауды талап етіп отыр. Екіншіден, мемлекет сая­саты ғылыми-са­раптамалық не­гізге түбегейлі бет бұрды. Яғни қазір кешенді сараптама шешім қабылдау­дың бас­ты құралына айналып келеді. Осы­лайша, мемлекеттік аппа­рат «дәлелге негізделген сая­сат» (evidence-based policy) қағи­дасына кеңінен жүгінеді. Мемлекет басшысы Түр­кіс­тандағы Ұлттық құрыл­тай­да «Сараптау-талдау қызме­тін тиімді жүргізетін мықты орта­лықтар желісі қажет» деді. Бұл – осы беталыстың айқын дәлелі.

Осы тұрғыда Қазақстан қо­ғам­дық даму институты бір­неше бағыт­та зерттеу жүр­гізеді. Біріншісі – мем­лекеттік институттарға, қо­ғам­­дағы үр­діс­терге баға беріп, ре­­фор­ма­­лар­дың тиімділігін зерт­теу. Екіншісі – қоғамдық пі­кірді талдау арқылы шешім қа­был­даушыларға ұсыныстар әзір­леу. Үшіншісі – мем­лекет­тік саясаттың тиімділігін баға­лап, оны жетілдіруге арналған сарап­тамалық құралдар ұсыну. Яғни бір сөзбен айтқанда, ғы­лы­ми деректер негізінде қоғам­ды орнықты дамытуға ықпал ететін шешімдер әзірлеуге үлес қосамыз.

Осы орайда 2021–2025 жылдар аралығындағы әлеумет­танулық зерттеулерге сүйене отырып, халықтың мемлекет пен оның институттарына деген сенімі артып келе жатқа­нын байқаймыз. Қоғамның түрлі саласындағы сенім – ре­формалардың халық өміріне оң әсер еткенін айғақтайтын көрсеткіш.

– Сонда қазір жүріп жатқан реформалар мен саяси қадамдарды қысқамерзімді нәтижелермен емес, ұзақ­мерзімді призмадан бағалау маңызды дейсіз бе?

– Әрине, реформаларды қыс­қамерзімді нәтижелермен ғана баға­лау – айсбергтің су астындағы алып бөлігін елемей, көзге көрінетін тұсын ғана шолумен тең. Шын мәнінде, ең маңызды өзгерістер көзге бірден байқалмайтын, бірақ уақыт өте қоғамның болмысын түбегей­лі өзгертетін терең қабаттарда жүреді. Ұзақмерзімді зерт­теулер – уақыт сүзгісінен өткен шынайы бағалау құралы. Мы­салы, АҚШ-та өткен ғасыр­дың 20–60-жылдар аралығында үз­дік­сіз жүргізіліп келе жатқан зерттеулер бар. Олар тарихи кезеңдер арасындағы қоғамның көңіл күйі мен мемлекет дамуына деген көзқарасын салыстыра отырып, мемлекет саясатының әсерін дәл көрсете алады.

Елімізде де осы бағытта ал­­ғашқы қадамдар жасалды. Біз, мәселен, 2021 жылғы мәлі­меттерді қайта қарап, сол кез­дегі реформаларға деген көз­қарасты зерттедік. 2021 жылы халықтың бір бөлігі реформаларды сенімсіздікпен, скептикамен қабылдағанын байқай­мыз. Уақыт өте келе Мемлекет басшысының бастамалары халықтың қолдауына ие болып жатқанын әлеуметтік зерттеу­лер көрсетіп отыр.

Сол себепті бүгінгі реформаларды осы сәтпен ғана өлшеу әділетсіз болар еді. Қоғамдық сана баяу өзгереді, ал шынайы картинаны ұзақмерзімді ба­ғалау арқылы байқауға болады. Әрине, біздің зерттеу кезеңіміз тарихи тұрғыдан өлшегенде аса ұзақ мерзім емес. Десек те, 4 жыл­дың өзі көп үдерістің оң бағыт­қа беттегенін көрсетеді. Біз бұл зерттеулерді жалғастыра береміз.

– Жаңа бір сөзіңізде қоғамда саяси реформаларға оң көз­қарас қалыптасып келе жатыр дедіңіз. Жалпы, Мемлекет басшысы қолға алған реформалар елдің саяси мәдениеті мен басқару жүйесіне қан­­дай институционалдық өзге­ріс­тер әкелді?

– Кейінгі жылдары елде түбе­гейлі әрі жүйелі өзгерістер болып жатыр. Соның нәтижесінде билік құрылымы ғана емес, қоғам дамуының негізі де жаңарды. 2022 жылғы Жолдауында Мемлекет бас­шысы ауқымды саяси жаң­ғыру бағдарламасын жария­лады. Реформалардың іргетасы ретін­де Прези­денттің қолындағы шек­тен тыс биліктен бас тар­туын, суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар прези­денттік республикаға көшу тура­лы бастамасын айтуға болады. 2022 жылғы референдум нәтижесінде Конституцияның үштен бірі өзгертілді. Кейіннен ондаған заң мен кодекске түзету енгізілді. Осы өзгерістер арқылы билік тармақ­тарының арасында тепе-теңдікке негізделген, заман талабына сай әрі сын-қа­тер­лерге төтеп бере алатындай жаңа мемлекеттік басқару үлгісі қалыптасты. Ел тарихында алғаш рет саяси не конституциялық өзгерістерге арналмаған төртінші жалпыұлттық референдум өтті. Оның мәні саяси плюрализм мен ашық дискуссияға, нақты дерекке негізделген рационалды шешім қабылдау үшін жасалды.

Негізінен, Президент Әкім­шілігі мен біз тікелей бағы­натын Мәдениет және ақпарат министрлігі сияқты уәкілетті органдар қоғамдағы ахуал­ды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қоғамның көңіл күйі мен өзекті мәселелер ескеріліп, қажет бол­ған жағдайда жедел (экспресс) әлеуметтік зерттеулер де жүр­гізіледі. Бұл мемлекеттік саясаттың бағытын дер кезінде айқындап, қоғаммен тиімді кері байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Жедел шешімдерді талап ететін жағдайларда да ғылыми көзқарас қол­данылады.

Біз және өзге де институттар жүргізетін әлеуметтік зерттеулерден бөлек, мемлекеттік аппарат­тың халықты не толған­дыратынын, тұрғындардың қан­дай өзекті проблемалары барын анықтайтын цифр­лық шешімдері де жетерлік. Олар­дың қатарында «eGov» арқы­лы жүргізілетін сауалнамаларды, «e-Otinish» арқылы жолданатын сұрақтарды, «Quryltai» қосымшасы арқылы жиналатын ұсыныстарды атап өтуге болады. Яғни мемлекеттік аппарат осылайша Үлкен деректерді (Big Data) көптеп жинайды. Бұл мейлінше сапалы шешімдер қабылдауға жол ашады.

– Орталық коммуникация­лар қызметінде Президентке деген сенім деңгейіне қатысты деректерді келтірген едіңіз. Осы көрсеткіштер қазіргі қоғамдағы жалпы сенім ахуалын қалай сипаттайды?

– Әлемде Президент рейтингі немесе оған деген сенім деңгейі – саяси мәдениеттің қалыптасқан бір элементі. Ол – статистикалық көрсеткіш қана емес, сонымен бірге қоғам мен билік арасындағы байланыстың, сенім мен үміттің өлшемі. Жаһандық саясатта мұндай рейтинг­терге қызығушылық жоға­ры, өйткені олар биліктің легитим­ділігіне, реформалардың өз дең­ге­йін­де іске асуына және ел ішін­дегі тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.

Қазақстанда да кейінгі жылдары бұл мәселеге ерекше назар ауда­рылып отыр. Президентке деген сенім жеке тұлғаға ғана бағыт­тал­ған қолдау емес, жүр­гізіліп жатқан саясатқа, баста­маларға және олардың нәти­жесіне берілген қоғам­дық баға десе де болады. Дерек­терге тоқ­талсақ, 2021 жылы жүргізілген біздің зерттеулер бойынша Президентке деген сенім деңгейі 77,1% болған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 82,6%-ға дейін өскен.

Президентке не себепті сенетініне қатысты ең жиі айтыл­ған жауаптарға келер болсақ, олар «шетелдермен арада жанжал болмауы»; «кемел сая­сат», «жаңа бағдар­лама мен жаңа бастамаларды жүзеге асыру», «елдегі тұрақтылық» сынды жауаптар. Мемлекет басшысы ұсынған әрі қоғам мейлінше қолдаған топ-3 реформаға мыналарды жатқызуға болады: «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, 2025 жылдан бастап зейнетақы мен шәкіртақы көлемінің өсуі және 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануы.

Жалпы алғанда, біз жүргізген зерттеу­лерде азаматтар сенім біл­діру арқылы, ең алдымен, бола­­шаққа үміт артатынын көр­сетті. Демек бұл реформалардан нәтиже күту мен сол өзгерістердің жүзеге асарына сенудің де көрсеткіші. Яғни Пре­зидент рейтингі – қоғам­ның елдегі жағдайға деген ішкі психологиялық көзқарасының айнасы десе де болады.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тоқталайықшы. Мұның аясында билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас форматы өзгерді ме? Зерт­теулеріңізде аза­­мат­тар­дың жаңа саяси ше­шімдер мен басқару тәсіл­деріне қаншалықты сенім артып отырғанына және қоғам үшін қандай құндылықтар басым­дыққа ие екеніне қатыс­ты көрсеткіштер бар ма?

– Бұл тұжырымдама негізінде билік пен қоғам арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Ол сайлау мен референдум кезінде ғана емес, азаматтардың күнделікті өмі­ріне әсер ететін шешімдерді қабыл­дау барысында да жиі бай­қалады. Мемлекет сая­си шешім­дер­ді көпшілікпен кеңесе отырып қабылдау моде­лін таңдап отыр. Елдегі саяси жаңғыру үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Парламент пен Үкімет отырыстарының онлайн фор­матта өтуі, заң жобаларына қа­тыс­ты қоғамдық талқылаулар мен пети­ция институтының енгізілуі  шешім қабылдау үдерісінің ашық­тығы мен қоғам алдындағы есеп­тілікті күшейтті.

Саяси алаң да едәуір жаң­ғырды. Мәжіліс пен мәслихат депутат­тарын сайлау ережесі өзгеріп, аралас жүйе енгізілді. Мұндай үрдіс азаматтарға өз өңірінен шыққан, өзі қалаған, сенім артқан кандидатқа дауыс беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр өңірдегі жер­гілікті өкілдік­тер мен онда тұ­ратын халық мүддесінің тоғы­суына ықпал етеді. Бұған қоса партияларды тіркеу талабы­ның жеңілдеуі де жаңа саяси ұйымдардың пайда болуына жол ашты. 2023 жылы өткен сайлауда Парламентке Қазақстан тарихында тұңғыш рет 6 саяси партия енді. Мажоритарлық жүйеде бірмандатты округтерден сайланатын кандидаттардың бәсекесі мен салмағы артты. Оған қоса, сенім ақталмаған жағдайда мандатты кері қайтарып алу институты енгізілді.

Аталған өзгерістер азамат­тардың мемлекеттік инс­титут­тарға деген сенім дең­гейіне де оң әсер етті. Зерт­теулер нәтижесінде Парла­мент­ке сенім деңгейі 2021 жылы 56,8% болса, 2025 жылғы алғашқы жарты­жылдықта 67,4%-ға дейін өскен. Мәслихаттарға деген сенім де, сәйкесінше 54,9%-дан 62,4%-ға дейін артқан. Бұл халықтың заң шығарушы билікке деген көзқарасының түзеліп келе жатқанын, оны өзінің мүддесін қорғайтын шынайы өкіл ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді. Яғни саяси жаңғыру нәтижесінде азамат пен өкіл арасындағы сенім күшейіп, халық өзі қалаған жаңа құрамнан нақты нәтиже күтетін кезең басталып жатыр деуге болады.

Қоғам үшін маңызды құнды­­лық­тарға келсек, рес­пон­дент­тердің пікірінше, алғашқы үштікке әділет­тілік, тәуелсіздік және бірлік құндылықтары кіреді. Әді­леттілікті азаматтар заң алдындағы теңдікпен байланыстырады (71,8%). Бұл ха­­лықтың құқықтық сана деңгейінің артып, әділдік пен заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға деген талпынысын көрсетеді. Сот жүйесінің ашықтығы, резонанстық жағдай­лар­дан қоғамның сырт қалмауы, әлеуметтік желілердегі белсенді азаматтық ұстанымның қалып­тасуы әділеттілік құндылығының қоғам­дық маңызын айқындай түседі.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда атап өткен «Заң және тәртіп» қағидасы осы бағыттағы нақты реформалардың бастауы болды. Поли­цияның сервистік модельге көшуі, учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру сияқты шаралар құқық қорғау саласына деген сенімді біртіндеп қалпына келтіріп жатыр. Мұны нақты деректерден да байқауға болады: 2021 жылы полицияға сенім деңгейі 58,5% болса, 2025 жылы көрсеткіш 64,6%-ға дейін артқан. Прокуратураға сенім – 60,9%-дан 66,3%-ға, Қарулы күштерге сенім – 2022 жылы 66,3%-дан 2025 жылы 70,3%-ға дейін өскен. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне деген сенім көрсеткіші де 62,8%-дан 71,2%-ға жеткен.

Қоғамда қалыптасып, дамып жатқан бұл үш құндылықты мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісім ретінде қарастыруға болады. Қоғам үшін әділеттіліктің басты кепілі – заң мен тәртіп. Ол, әрине, жаңа идея емес, алайда қазіргі жағдайда жаңаша мәнге ие. Айта кету керек, келтірілген деректер бір сәттік «фото» ғана, олар уақыт өте өзгеруі мүмкін. Сон­дықтан  бұл мәліметтерді үне­мі динамикада, яғни  уақытша кес­кіндер арқылы талдауға тырысамыз.

– Әділдікке ұмтылу тұрғы­сын­­да қоғамда белсенділік арт­ты дедіңіз. Осы тұрғыдан алған­да, жиі сынға ұшырайтын сайлау жүйе­сінің, әсіресе әкім­дерді тағайын­дау немесе сайлау тәртібінің қазіргі жағдайы қан­дай? Қоғамның оянуы­­на осы бағыт­тағы реформалар қалай әсер етті деп ойлайсыз?

– Демократияның айқын көрініс­те­рінің бірі – сайлау жүйесіндегі ауқымды реформалар. Халық өзі таңдаған әкімге көбірек сенім арта бастады. 2021 жылы жергілікті әкімге сенім деңгейі 60,7% болса, бірнеше жылда көрсеткіш 66,3 %-ға дейін өсті. Мұны ауыл, аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауынан да айқын байқауға болады. 2021 жылдан бүгінге дейін ауыл әкімдерінің 90%-ға жуығын тікелей халық сайлады. Бұл көрсеткіш елімізде жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің шынайы іске аса бастағанын білдіреді. «Ауыл кеңестері» құрылып, халық­тың өзі тұрып жатқан жерді бас­қаруына нақты алғышарт жасалды. Ал 2025 жылдан бастап толыққанды облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау жүйесінің енгізілуі – жергілікті демократияны одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды қадам.

Аталған реформалардың ерек­ше­лігі мен маңызы туралы айт­қанда, оның бірнеше қырына тоқта­луға тиіспіз. Ең алдымен, халқымыз ауылдық, аудандық, қалалық деңгейде өз әкімін сайлап қана қоймай, жергілікті басқару ісіне тікелей қатысуға мүмкіндік алды. Бұл аймақтарда бюджетті игеру, өзекті мәселелерді шешу ісін орталықтың жауабын күтпей, дербес әрі тиімді жүзеге асы­руға жол ашты. Мұндай мүм­кіндік жергілікті жердің қажеттілігіне жедел жауап беріп, шешім қа­был­дау үдерісін едәуір жедел­детеді.

Сонымен қатар аталған өзге­ріс­тер белсенділікті арттырып, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ық­пал етіп жатыр. Халық өзін бақы­лаушы ғана емес, шешім қабыл­дау­шы ретінде сезіне бастады. Бұл  демократиялық сана мен азаматтық жауапкершіліктің артуына негіз болады.

Тағы бір маңызды мәселе – жаңадан сайланған әкімдердің 60%-ға жуығы бұрын мемлекеттік қыз­метте болмаған тұлғалар. Сәйке­сінше, сайлау әкім ла­уазымына қызметтік баспалдақ арқылы ғана емес, саяси бәсеке арқылы да жетуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар пакеті шеңберіндегі нақты әрі пәрменді қадам болды. Бұл жаңашылдық жер­гілікті өзін-өзі басқаруды нығайтып, есеп беретін, халықпен тығыз байланыс орната алатын әкімдік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Облыс деңгейіндегі әкімдер туралы көзқарас та жақсара түс­кен. Мәселен, «Әкімнің халық­пен диалогке ашықтығын 10 балдық межемен бағалаңыз» деген сұраққа 2023 жылы тұрғын­дар орта есеппен 5,8 балл қойған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,1 балға, ал 2025 жылдың алғаш­қы жартысында 6,5 балға дейін көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, облыс деңгейіндегі әкімдерге сенім деңгейі біршама өсті.

Әкімдерге деген сенім дең­гейінің артуы, бір жағынан, тиімді кадр­лық саясаттың жүзеге асып жат­қанын аңғартады. Ол саяси рефор­ма­лар­дың жергілікті деңгейде қабыл­да­нып, табысты іске асып жат­қа­ны­на дәлел бола алады.

– Әкімнің, жалпы алғанда, әр саяси тұлғаның басты міндеті халықтың тұрмысын жақ­сарту, олардың әл-ауқа­тын арттыру екені мәлім. Ха­лықтың әлеуметтік жағдайы кез келген реформаның негізгі индикаторы десек, осы тұр­ғыдан алғанда, жұрттың қазір­гі әлеуметтік көңіл күйі қандай?

Әлеуметтік зерттеуіміздің маңызды бағыттарының бірі – қоғам тарапынан елдегі эконо­микалық және әлеуметтік-саяси жағдайға берілетін бағаны ке­шенді түрде талдау. Аталған көрсеткіштер уақыт өткен сайын жақсарып келе жатқанын аңғарамыз.

Мысалы, елімізде әлеуметтік игілік пен тұрақтылық артып келе жатқаны халықтың елі­міздегі эко­номикалық жағдай­ды баға­лауы­нан көрінеді. Біз 2022 жылдан бері тұрақты түрде респон­денттерге «Сіз жалпы елдегі және өз өңіріңіздегі экономикалық жағдайды қалай бағалайсыз?» деген сұрақ қойып келеміз. Бұл сұраққа 2022 жылы респонденттердің 51,2%-ы «елдегі экономикалық жағдай қолайлы және тұрақты» деп жауап берсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 66,9%-ға дейін өскен. Демек үш жыл ішінде экономикалық жағдайға оң баға бергендердің үлесі шамамен 15,7%-ға дейін артқан. Өңірлік деңгейде де осындай үрдіс байқалады: 2022 жылы респонденттердің 57,8%-ы экономикалық жағдай «қолайлы және тұрақты» деп бағаласа, 2024 жылы көрсеткіш 68,7%-ға жетіп, 10,9%-дан астам өсім көрсетті.

Мұндай оң өзгерістердің негі­зін­де Мемлекет басшысының бас­та­масымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Жайлы мектеп» сияқты жобалар мен жаңа индус­триялық бағдарламалар тұр. Атал­ған бас­тамалар эконо­микалық тұрақ­тылықты қам­тамасыз етіп, азаматтардың ұлт­тық экономикаға деген сенімін нығайтты.

– Бүгінгі қоғамдық-саяси ахуал тура­лы не айтар едіңіз?

– Бұл сұрағыңызға жа­уап бермес бұрын алдымен «Қо­ғам­дық көңіл күйді өлшеу не үшін қажет?» деген сауалға тоқтала кетейік. Мұның жа­уабы қарапайым. Кез келген жағдайды деректер арқылы дәл бағамдау – дұрыс шешім қабылдауға негіз. Қарапайым мысалмен айтсақ, адам ағзасындағы өзгерісті түсіну үшін скринингтен өтеміз немесе дене қызуын білу үшін термометр қолданамыз ғой? Әлеуметтік зерт­теу­лер де қоғамның «температурасын» өлшейтін құрал іспетті.

Әлемдік тәжірибеде мем­лекет­тік саясат, реформа, тіпті ақпараттық нау­қандардың өзі қоғамдық пікір мен әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып жүзеге асады. Себебі халықтың қалай өмір сүріп жатқанын білмей тұрып қандай да бір саясат жүргізу көзді байлаулы күйде жолға шығумен тең. Мұндай көрсеткіштер – қоғам мен билік арасын жалғайтын алтын көпір, дер кезінде берілген сигнал және ең бас­тысы, қоғамның сенімін сақ­тап қалуға көмектесетін құрал.

Ал қазіргі ахуалға келсек, ха­лық­тың қоғамдық-саяси жағ­дай­ға қатысты көзқарасында да оң бетбұрыс бар.  2022 жылы елдегі қоғамдық-саяси жағдай «қолайлы және тұрақты» деп жауап берген респонденттердің үлесі 60,8% деңгейінде болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 76,2%-ға дейін өсіп, 16%-ға жуық өсім көрсетті. Бұл деректер қоғамдық пікір өзгеріп, реформаларға сенім артқанын аң­ғар­тады. Атап айтқанда, қабыл­дан­ған конституциялық өзге­ріс­тер, саяси партиялар жүйе­сі­нің жа­ңаруы, сондай-ақ азаматтық қоғаммен байланыс орнатудың жаңа тетіктері халықтың әлеу­меттік-саяси үдерістерге деген көзқарасына оң ықпал етті. Осылайша, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен жобалар халықтың экономикалық әрі әлеуметтік-саяси жағдайды оң бағалауына серпін беріп, қоғамда тұ­рақты сенім кеңістігін қалып­тас­тырып отыр.

– Біраз дерек айттыңыз. Сіздер күрделі үдерістерді зерттегенде қандай ғылыми-талдамалық ұстанымдар мен әдіснамаларға сүйенесіздер? Мұның нәтижесі елге, қоғамға не береді? 

– Бүгінгі реформалар заң­дардың жиынтығы ғана емес. Бұл – терең құндылыққа, тарихи мазмұнға ие құжаттар. Біз оларды қоғамның өз ішінен пісіп-жетілген, ұзақ жылдар бойы жинақталған сұраныс­тар­дың институционалдық дең­гейде танылуы деп түсінеміз. Біздің институттың жұмысы – дәл осы аралықта қоғам үні мен мем­ле­кет­тің әрекеті арасындағы көпір болу. Қандай да бір өзгерістің негізінде нақты қоғамдық сұраныс, мо­раль­дық бағдар мен болашақтың бейнесі тұрады. Сондықтан қоғамдық пікірді зерттеу арқылы қоғам неге дайын, қандай өзгеріс күтеді, соны анықтаймыз.

Реформа туралы көп айтамыз, бірақ түптеп келгенде, олардың бар­лығы адамның өз өміріне қанша­лық­ты қанағат­танатынына байланыс­ты. Осы көрсеткішке көз жүгіртсек, кейінгі жылдары едәуір артып, 85,3%-ға жеткен. Жалпы алғанда, халықтың жеке өмір сапасына қанағаттануы әрдайым жоға­ры деңгейде тұрақтап тұр. Бұл – мем­лекеттің орнықтылығы мен негізгі әлеуметтік кепілдіктердің сақталуының белгісі.

Біз үшін кез келген зерттеудің сапасы қолданылған әдіснама мен ұстанған ғылыми қағидаттарға тікелей байланысты. Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­ның «Күрде­лі саяси ортада сенім­ді қалып­тас­тыру» әдістемесін еліміз­дің ерекшеліктеріне бейімдедік. Дұрыс айтып отырсыз, сырттан алынған тәсілдермен ғана шектелуге болмайды. Қоғамымыздың ішкі ерекшеліктерін ескеріп, әдіс­те­ме­ле­рімізді де жасаймыз. Мысалы, Президент бастамашы болған Волон­тер­лер жылынан кейін арнайы зерттеу жүргізіп, бастаманың нақты әсерін, азаматтардың оған қатысу деңгейін, қалыптасқан құнды­лық­тарды талдадық.

Сол зерттеулердің нәти­жесінен волонтерлік халқы­мыз үшін ең қол­жетімді және жанға жақын азамат­тық белсенділік формасына айналғанын байқауға болады. Біздің деректерде аза­маттардың 41,1%-ы дәл осы ба­ғытты өздеріне сай үлгі ретінде атап өткен.

Адамзаттың дамуы мен мемлекеттер тарихы көрсеткендей, кез келген реформаның нәти­жесін көру уақытты талап етеді. Еліміздегі саяси, әлеу­мет­тік және экономикалық өзгерістер қарқынды әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай қоғам­­ның талап-тілектері негізін­де жүзе­ге асып жатқанын байқап отырмыз. Уақыт өте келе бүгінгі саяси рефор­ма­лар­дың, қоғамдық құнды­лық­тар­дың жаңаруы мен жандануынан туындаған үде­ріс­тердің нәтижесін көретініміз анық.

Еліміздегі кейінгі жылдар­да­ғы саяси және әлеуметтік жаң­ғырту үдерісі – дәлелге сүйенген саясаттың, инклюзивті басқару тетіктерінің және жаңарған құндылықтар жүйе­сінің біртұтас нәти­жесі. Мем­лекет басшысы бастаған реформалар билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, жаңа диалог алаңын нақты іске асырды. Мұны мем­ле­кеттік институттарға сенімнің және азамат­тық белсен­діліктің үздіксіз өсу динамикасы айқын көрсетеді.

Кешенділігі еселене түсіп, әлем­дегі экономикалық және саяси бәсекелестік шарықтаған заманда қоғамдық пікір­ді, аза­мат­тардың қалаулары мен таң­дау­ларын ғылыми тұрғыдан саралай алу – заман талабы. Нақ­ты деректерге сүйене шешім шығару үрдісі – қашанда мемлекеттің орнықты дамуының алғышарты. Кейінгі жылдары осы деректерді жинақтау, оларды сараптау, дәлдігін қамтамасыз ету және оны әрекетке айналдыра алатын жүйе құру бо­йынша қыруар жұмыс атқарылды. Оған қажетті саяси ерік пен мәдениет қалыптасты. Ойда ұстайтын басты қағида – зерттеу зерттеу үшін ғана емес, еліміздің орнықты дамуы мен азаматтардың өмір сапасының жақсаруы үшін жасалуы қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»