Бүгінде мемлекеттік қызметтерді, банктік және басқа да сервистерді онлайн алуға мүмкіндік бар. Бірақ, өкінішке қарай, осы мүмкіндікті алаяқтар да өзінің теріс мақсаттарына қолданып жатыр. Халықтың құқықтық сауатының төмендігін пайдаланған олар кейінгі кезде қитұрқы әрекеттің небір түрін ойлап тапты. Бұдан сақтану үшін не істеу керек?
Polisia.kz -тің жазуынша осы жылдың алғашқы жеті айында елімізде 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ең көп кездесетін құқық бұзушылық – сауда-саттық сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге жалған хабарландыру орналастыру. Әдетте алаяқтар тауарды немесе қызметті тым арзан бағада ұсынып, алдын ала төлемді немесе толық ақшаны аударуды сұрайды. Осы орайда полиция алаяқтардың құрығына түспеу үшін мына қадамдарды жасау керек екенін ескертеді:
- тексерілген жарнама сайттарын пайдалану;
- тауар қолға тигеннен кейін ғана төлем жасау;
- тауардың бар екеніне көз жеткізу (мысалы, бейнеқоңырау арқылы көрсетуді талап ету);
- егер сатушы басқа қалада болса, тауарды таныстар арқылы алдырту.
«Азаматтар жылдам пайда табамын деген үмітпен күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға ақша салып, жиі алданып қалады. Тек өткен жылы ғана осындай схемалардың құрбаны болған отандастарымыздың саны 1 мыңнан асты. Кейбірі тіпті несие рәсімдеп, бар қаржысын қолды еткен. Алаяқтар ірі компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құрады. «Менеджерлермен» байланыс тек онлайн жүреді. Сенімге кіру үшін кейде бір реттік «дивиденд» те төлейді» делінген полиция хабарламасында.
Алаяқтардың тағы бір кең қолданатын тәсілі – банк немесе құқық қорғау органдары қызметкері болып қоңырау шалу. Қазір байланыс операторлары шетелден жасалған алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттап отыр. Осы жүйенің арқасында 65 миллионнан астам жалған қоңырау тоқтатылған. Дегенмен, қазір алаяқтар шетелдік нөмірлер арқылы немесе WhatsApp мессенджерін пайдаланып халықты алдауға көшті. Биыл осындай 5,9 мыңнан астам жағдай тіркелген. Олар азаматтарға «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деп сендіріп, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырады немесе басқа шоттарға жібереді.
Кейбір адамдар өздері несие рәсімдеп, телефонына қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатып, банктен келген SMS-кодтарын да айтып қояды. Осылайша, өздері банктің барлық қауіпсіздік жүйесін айналып өтеді. Тіпті пәтерін, көлігін сатып, түскен ақшаны да алаяқтарға аударып жіберген жағдайлар да тіркелді.
«Банк те, полиция да ешқашан сізден дербес деректерді сұрамайды және телефон арқылы арнайы операция жүргізбейді. Ешқашан ешкімге жеке деректеріңізді бермеңіз. Кез келген жағдайда сақ болуға шақырамын. Қандайда бір күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабарлаңыз» дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяққа алданып қалған кезде дереу арада полицияға хабарласу қажет. Қылмыскерді тезірек табу үшін оның телефон нөмірі, алдау тәсілі, ақша аударылған есепшот, келтірілген шығын мөлшері секілді маңызды мәліметтерді толық айту қажет. Неғұрлым нақты әрі уақытылы ақпарат берілсе, қылмыстың ашылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Өткен жылғы 1 шілдеден бастап ІІМ мен Ұлттық банк бірлесіп «Антифрод» жүйесі іске қосқан болатын. Сол уақыттан бері 60 мыңнан астам күмәнді банктік операция бұғатталған. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеп жатыр. Қазір азаматтардың өз банк шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға бергені үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Ал алаяқтар осыны пайдаланып, ақшаны әртүрлі шотқа аударып, қылмыс ізін жасырады.
Жалпы кез келген уақытта жағдайдың салдарымен емес, себебімен күрескен абзал екені белгілі. Сондықтан хабарласқан адамның алаяқ немесе алаяқ емес екенін қалай білу керек? Олар телефон арқылы несие рәсімдеуді, жинақтарды «сақтауды» немесе «қайтаруды» ұсынады. Өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, қылмыскерді ұстауға көмектесуді талап етеді (тіпті бейнеқоңыраумен формасын көрсетеді, бірақ ресми органдар бұлай істемейді). Брокерлік платформаларда немесе инвестициялық жобаларда қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде етеді.
«Телефон арқылы келген ұсыныстарға сенбеңіз, ақша аудармаңыз, несие рәсімдемеңіз, мүлікті сатпаңыз. Дербес деректерді, картаның реквизиттерін, CVV-кодын, SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз. Белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз. Тексерілмеген сайттарға сенбеңіз, алдын ала төлем жасамаңыз. Күмәнді жобаларға инвестиция салмаңыз. Қосымшаларды тек App Store немесе Play Market-тен жүктеңіз. Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз, спам-хабарламаларды ашпаңыз. Операторлардан келгендей көрінетін қоңырауларға сенбеңіз, SMS-кодтарды бермеңіз. Банк жүйесіне кіру құпиясөзін жиі ауыстырыңыз, қосымша қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Шоттағы ақша қозғалысын тұрақты бақылап отырыңыз» делінген ІІМ ескертуінде.
Интернет-алаяқтардың айласы күн сайын көбейіп барады. Бірақ қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы қылмыскердің құрбанына айналмауға толық мүмкіндік бар.