Күні кеше Батыс Алтайдың баурайында бал мерекесі тойланды. Аймақта мың түрлі гүлден сан түрлі бал жинайтын араның он мыңнан астам ұясы бар. Оның отыз пайызға жуығы асыл тұқымды ара деседі ауыл шаруашылығы мамандары. Бүгінгі омарташылардың фестиваліне еліміздің ғана емес, көршілес Ресейдің де балдан бұлақ ағызған омарташылары келді.
Шығыста дәстүрлі бал фестивалі өңірде осымен жетінші рет өтіп отыр. Мерекенің бір ерекшелігі, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың дәстүрін насихаттап, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіледі. Сондықтан да болар, аталған іс-шараға қатысушылар саны жыл санап көбейіп келеді. Биыл мәртебелі қонақтар Ресейдің сонау Алтай өлкесінен де ат арытып келген. Үздік бал көрмесіне 16 омарташының өнімдері ұсынылған. Көрмеге келгендердің бірі Анна Бердюгина осы кәсіппен 20 жылдан бері үздіксіз айналысып келеді. Күйеуі омарташылар әулетінің үшінші ұрпағы. Көрмеге шамамен 500 кг бал әкелген.
«Балдың дәмі, оның нәрі араның жайылу алқабына байланысты. Бізде балдың бес түрі бар. Айтар болсақ, мамырдағы түрлі шөптің тозаңынан жиналған бал, дала және орман балы, қарақұмық балы, атақты Алтай балы. Ал емге қою түсті балды пайдаланған жөн. Өйткені олардың диастазы көбірек, сапасы жоғары. Әсіресе тұмау болғанда пайдаланса, таптырмас ем», дейді Анна Бердюгина.
Мерекелік кешке келген көпшіліктің көңіл күйі көтеріңкі. Фестивальға қатысқан өнерпаздар ән әуелетіп, мың бұрала би биледі. Көршілес ел демекші, Шығыстың балы ішкі нарықпен ғана шектелмей, шетелге де шығып жатыр. Былтыр 19,3 тонна бал экспортталды десек, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Батыс Алтайда ара өсіріп, бал сақтаған омарташылардың ортақ мерекесі осылай тойланады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары да ара шаруашылығын сақтау үшін омарташыларға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы