• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:35

Тәнеке батырдың шапаны

30 рет
көрсетілді

Жақында республикалық «Матай Бөрібай батыр» қо­рының бастамасымен елорда төріндегі Ұлт­тық музейге өткен ғасыр­ларда қазақ даласында өріс­теген ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, атақты батыр Тәне­ке Дөсетұлының түп­нұсқа шапаны табыс­талып, іс-шара аясында ғылыми конференция ұйым­дастырылды.

Маңызды бас­қо­судың бұй­дасын ұстап, көпшілікке жиын­ның беташар сөзін арнаған музей басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Қазіргі таңда еліміз көлемінде Ұлттық музейге сый тарту акциясы жүріп жатыр. Осы акция аясында қазақ тарихында орны зор тұлғаларға тән жәдігерлерді мекеме қорына тапсыру дәстүрі жақсы қалыптасып келеді. Атап айтқанда, бұған дейін Төле және Қазыбек бидің түпнұсқа шапандары табыс­талса, Мәшһүр Жүсіп атамыз қолданған бұйымдардың кө­шірме нұсқасы қорға алынды. Осы үрдістің жалғасы ретінде бүгін – ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістің ірі өкілі, халық арасында әділ билігімен танылған тұлға Тәнеке батыр Дөсетұлының шапаны музей қорына беріліп отыр. Бұл – үлкен сауапты іс. Осындай іс-шараға мұрындық болып отырған батыр ұрпақтарына алғыс айтамыз.

Бұл іс-шараның басты құн­ды­лығы – жас ұрпақ өз тарихын тек оқулықтардан ғана емес, осындай жанды жәдігерлер­ді көріп-білу арқылы да таным көкжиегін кеңей­те алары сөзсіз. Өйткені бұл жә­дігерлер сол заманның куәсі. Мысалы, музей қорына алынып отырған осы шапанның астарында қазақ батырының халқы үшін жасаған ерлік істері мен өткен оқиғалардың деректік негізі жатыр. Атап айтқанда, Тәнеке Дөсетұлының ұлт-азаттық көзқарасы, соның ішінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының кегін қайтару әрекеті сияқты істері бұл тұл­ғаның ұлт тарихындағы орнын биіктете түсері сөзсіз.

Музейдің миссиясы – құнды тарихи жәдігерлерді сақтау және осы арқылы халқы­мыз­дың жадысын жаң­ғыр­ту. Осы орайда, мекеме төрінен орын алып жатқан батыр атамыздың түпнұсқа шапаны мемлекет қамқорлығына алынды деген сөз. Осылай музей экспона­тына айналған бұл бұйым бұдан былай күтімде болады. Сонымен қатар алдағы күндері міндетті түрде насихатталады. Оның сыртында шапанға арнайы сараптама жүргізіледі. Атап айтқанда, қандай матадан тігілді, қандай стильде жасалды, т.б. барлығы анықталады», деді.

Батыр атамызға бұл шапан патшалық Ресей мүддесіне орай атқарған қызметі үшін сыйланған көрінеді. Біздің бұл пікірімізге архив жазбаларында сақталған мына құжат дәлел. Онда: «Танеке сынъ Дюсетевъ, Бій, 44 летъ. Рода Каптагай – Бирубай. Въ 1846 года волостнымъ управителмъ. Въ 1847 году погр. нач. Сибирских киргиз, награжден суконным халатом» делінген екен.

Батырдың өмір-тарихын зерт­теген қаламгер Әділбек Ыб­райым­ұлының баяндамасында, батыр­дың шын аты – Нұрәлі. Бірақ әкесі Дөсет еркелетіп «дәне­керім» деп атаған. Бұл есім уақыт өте келе «Тәнеке» аталып кеткен дейді.

«Батыр атамыз бала кезінде аурушаң, әлсіз болған екен. Содан ауыршаң балаға ем-дом жасаған балгер «бұл бала ер­жеткенде аса қуатты батыр болады» деп болжаған-мыс. Осылай тар заман, қиын күндері 15 жасында қарына қару іліп, атқа қонған жас Тәне­ке ұстазы Мұңайтпас ердің соңы­на еріп, өмірінің ақырына дейін аттан түспеген. Ол заманда Тәнеке елі Қытаймен шекаралас болғандықтан арғы бет­тегі Бұратала қалмақтарымен әркез ба­рымта-сырымта болып тұ­рып­ты. Мұндай істен батыр да қа­­ғыс қалмай, талай дүркін түн қа­­тып небір жортуылды бас­тан өткіз­ген. Батырдың бас­ты қа­сиеті – айналасындағы ағайын­ның малына қамқор, жанына сая болғаны. Бұл тұлғаның өмір та­рихын індету барысында байқа­ғаным – Кенесары сұлтанды үлгі тұтқан екен», деді баяндамашы.

Сондай-ақ жиынға қа­тысу­шыларға маңызды пікір айтқан «Матай Бөрібай батыр» қорының төрағасы Бе­рікбол Қасымовтың сөзінен аңғарғанымыз: Тәнеке батыр 1807 жылы Арғанаты тауының шығыс баурайындағы Тасқора деген жерде туыпты. Бойы еңселі биік адам болыпты. Басты қасиеті – халықшыл, әділдікті ұстанған. Біздің ел жақта сақталған «қайрай-қай­рай қайрақтың таты шықты, Он бесінде Тәнекенің аты шықты» деген тәмсіл тегін емес. Ресей шенеуніктері Тәне­ке батырға 1845 жылы қо­қан­дықтарға қарсы жо­рыққа қатысқаны үшін осы қызыл шапанды сыйға тартып, «хоружий» атағын берген екен. Яғни шапанның өзіне биыл 180 жыл толып отыр...

Қысқасы, екі ғасырға таяу ғұмы­ры бар шапан алғашында Тәнекенің шаңырағында отырған баласы Нұғманның қолында сақталыпты. Бұл адам өмірден озар тұста ұлы Садуақасқа аманаттапты. Кейін бұл кісі баласы Бидахметке берген. Осыдан 30 жылдың алдында жәдігер Қар­лығаш Бидахметқызының қолына өткен. Шапанның қазіргі түр-сипатына тоқталсақ: қызыл матадан тігілген, иығы кең, тұла бойын шеңберлі оюмен көмкерген, шеңбер сырты күн шашақты жұлдызшамен қоршалып, ішкі жағы сап-сары тана-түйме бедермен толтырылған. Шапанның желке тұсы – қазақы гүлді өрнектерге толы...

«Жас күнімде атам Са­дуақас­тың қолында өстім. Сол кезде осы шапан сандықта сақтаулы тұра­тын. Жоғары оқу орнын бі­тірген соң Қызылорда қаласы­на тұрмысқа шығып, онда 20 жыл тұрдым. Кейін күйеуім Сан­сызбай жұмыс бабымен Алматыға ауысты. Әкем Биах­мет Садуақасұлы Екінші дү­ние­жүзілік соғыс ардагері еді. Майданнан жаралы болып келген мүгедек болатын. Осы кісі өмірден өткен соң шапан менің қолыма тиді. Күйеуім «мұндай құнды затты қадірлеу керек» деп үй ішінен шағын көрме-музей ашып, шапанды арнайы жасалған әйнек шкафқа орналастырып қойды. Міне, бүгін әулет мұрасын музейге өткіздік», деді Қарлығаш апамыз.

* * *

Осы орайда, тарихи шапан иесі Тәнеке батыр Дөсетұлы хақын­да ресми архивтерде және тари­хи деректерде азды-көпті мәлі­мет сақталып­ты. Осыған назар аударсақ, қазақтың үлкен ғалымы Шо­қан Уәлиханов «Ыс­тықкөл са­па­рының күнделігі» атты жаз­басында батырдың бол­мыс-бітімін сипаттап былай деп жазыпты: «...шілде күні Арасанда түнедік. Бұл күні бізге Жетісуда атағы шыққан батыр әрі барымташы Тәнеке келді. Өзінің суық жүріс, суыт жорықтарына қарамастан Тәнеке матайдың қап­тағай руы арасында үлкен бе­делге ие және болыс болған адам. Ол орта жастағы, өте мы­ғым кісі. Бір қызығы, жирен са­қалы ұзын және мұрны өте үлкен. Сонымен қоса сығырайған кішкентай және ойнақы көздері оның сиқын жағымсыз етіп көрсетеді... Менің байқағаным Тәнеке­нің (тұпнұсқада Тінеке) бүкіл денесін Бюффонның (Бюф­фон Жорж Луй Леклерк – көр­некті француз жаратылыстану­шысы һәм алғашқы қауым­дық құрылысты зерттеуші) ал­ғашқы қауымдық адамы сияқты түк жапқан» десе (Ш.Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жиғаны. І том. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – 304 бет) қазақ тарихшысы Мұхамеджан Тынышбаев өзінің естелігінде: «Пороти­ков агенттері Верный уезінің Жәміш болысының қазақтары (түп­нұсқада – қырғыздар) Сәт Нияз­беков пен Тәнеке және басқа­ларды тұтқындады», деп жазады (М. Тынышбайұлы Қазақ халқының тарихы. – Алматы: AmalBooks, 2024. – 184 б.).

Бірақ М.Тынышбаев ба­тырдың не үшін тұтқын­да­л­ғаны туралы нақты айтпайды. Ал біздің пайым бойын­ша, Жетісу өңіріне ресейлік отар­лау ісі қарқынды жүргізі­ле бастаған ХVIIІ ғасырдың ал­ғашқы ширегінде қоныс-өрісі тарылған қазақ ру-тайпала­ры әрі-бері босып көшкендік­­тен жерге талас, малға талас, барымта-сырымта өрістеп, ел қоқан-қырғыз жеріне ауып барады. Бұл өңірде тұрақты қоныс болмайды. Үріккен ел ақ патшаға бас иген сұлтан­дар­дың қуғындауына ұшырай­­ды. Бұл оқиға тарихта «Рүстем қырғыны» деген атпен белгілі.

Бұл оқиға туралы Алматы қаласын­дағы Орталық мем­лекет­тік мұрағатында сақталған құжат­та: «Тәнеке батырдың артынан ерген ел ботпай Тойшыбек батыр­дың қасына барды. Тастамбек батырдың артынан ерген ел тағы бір жерге барды. Сол екі болыс елге бас болғанның біреуі қыдырәлі Тәнеке батыр, біреуі құлшан Тастамбек батыр. Ол жерге барған соң Қоқан ханға барып білінуге, көрінуге керек болған соң тартуға ат айдап, екі кісі барады. Бірі Қалқабай, екін­ші жақтан Тастамбек батыр екеуі барып ханға көрініп, тарту-таралғысын беріп, қанша ел келгені хақында есеп-қисабын беріп қайтыпты», дейді (1368-қор, 1 тізімдеме, 2 іс, 117-121 папкі).

Жоғарыда айтылғандай, әрі-бері толқыған елді тоқ­та­ту үшін патша шенеунік­тері ел басыларын (ішінде Тә­не­ке бар) тұтқындаған. Тарих­шы М.Тынышбаев келтір­ген «тұтқындау ісі» осы болса керек.

* * *

Тәнеке Дөсетұлы туралы айтылғанда аттап өтуге болмайтын үлкен оқиға бұл тұлғаның Кенесарымен қаты­насы. Бұл туралы ел аузында сақталған артық-кем әңгіме жетерлік. Десе де, аталған тақырыпты барынша зерттеп, қалам тартқан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Дулат Исабеков: «Тә­неке батыр Кенесары ханға орасан зор қолдау көрсетіп, ханның қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасайды. Ал осыдан кейін қырғыз манаптарының Ресей патшалығына сатылып, Кенесарының басын алып, Қапал, Аягөз арқылы Омбыға жібергенін естіген Тәнеке батыр Жетісу жерінен матай, садыр, арғы беттен қызай елінің руларынан 2000-ға жуық қол жинап, қырғыз манаптарын аямай жазалайды, құлдыққа жегеді. Бұл туралы қазақтың әйгілі тарихшысы Ермұхан Бекмаханов еңбектерінде атап өткен. Тәнеке батыр атасы Қыдырәлі биден бастап, әрісі Матай, берісі Қаптағай елінің қорғаны болады» деген пайым айтыпты. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Тәнеке батыр 1884 жылы дүниеден өткен екен. Бұл туралы Жеңісбек Толымбеков­тің «Дәнекерім Тәнеке» атты еңбегінде: «Тәнеке батыр қыс ішінде қайтыс болып, жер аяғы кеңіген көктемде Баянжүрек тауының етегіне «Түкі кезең» деген жерде жерленген», деп жазыпты.