Еуразияның кіндік тұсында орналасқан еліміздің көлік-логистика әлеуеті ауқымды. Сол әлеуетті тиімді пайдалану, инфрақұрылымдық жобаларды көршілес елдермен арадағы интеграция аясында іске асыру тұрғысынан бірқатар бастама көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық» екенін айтты. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыру керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салу да – маңызды міндет. Президенттің осынау іргелі тапсырмасын орындау мақсатында көптеген жоба қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта теміржол саласында жалпы ұзындығы 1 300 шақырымнан асатын 4 ірі жоба қолға алынған. Олардың қатарында Достық – Мойынты, Алматы қаласының айналма теміржолы, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз бар. Биыл Алматы қаласының айналма теміржолы мен Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолының құрылысы аяқталады. Бұл жүк тасымалы көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік бермек.
Ал Трансқазақстандық теміржол дәлізі жобасы шеңберінде 5 жылда 16 мың шақырым теміржол салынып, жөнделуге тиіс. 125 теміржол вокзалы ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұл – абсолютті рекордтық көрсеткіш. Жолаушылар вагондары паркін жаңарту да жалғасын тапты: биыл парк 175 жаңа вагонмен толығады, оның ішінде 51 бірлігі – «Штадлер» компаниясының өнімі.
Даму бағытының айқындалуы соңғы геосаяси дағдарыспен тұспа-тұс келген Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің болашағын да аса жоғары деп бағалайды мамандар. Мультмодальды бағыт ретінде сипатталатын бұл көлік маршрутының әлеуетін арттыру мақсатында қазір Ақтау және Құрық порттарының жүктеме әлеуеті арттырылып жатыр. Жаңғыртудан кейін аталған екі порттың жүк қабылдау, жүк жеткізу мүмкіндіктері еселеп көбеймек. Бұл – тараптар үшін қолайлы мүмкіндік. Жуырда Қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп жатыр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында да жаңа терминалдар бой көтермек. Маусым айында Грузияның Поти портында еліміздің алғашқы мультимодальды терминалы ашылды.
Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларында жаңа жолаушылар терминалдары ашылып, Президент назар аударғаннан кейін Арқалық әуежайының жұмысы қалпына келтірілуде. Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі тұрғындарының да жаңа әуежай қызметін пайдаланатын күні алыс емес.
Жүк тасымалын арттыру және авиациялық хабтарды дамыту үшін 6 әуежай анықталды. Оларды дамытуға жеке инвестиция тарту жоспарланған. Биыл 36 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылып, 8 шетелдік әуе компаниясы қазақстандық нарыққа кірді. Ішкі бағыттарда 61 маршрут бойынша аптасына 850 рейс орындалады.
Президент Жолдауда автокөлік жолдарының да жай-күйіне тоқталып: «Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын», деп нақты міндет жүктеді.
Биыл жол құрылысы мен жөндеу жұмысымен 13 мың шақырым жол қамтылыпты. Орталық – Батыс дәлізі құрылысы басталып, Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған учаскелерінде және Сарыағаш, Рудный, Шымкент қалаларының айналма жолдарында құрылыс қыза түсті. Қалбатау – Майқапшағай жолы да аяқталуға жақын. Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын орнату жоспарланған.