• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 20:55

Аман Бақтығалиұлы шығармалары насихатталды

40 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейде Қазақстанның көрнекті суретшісі, графика және кескіндеме жанрларының хас шебері  Аман Бақтығалиұлының 80 жылдық мерейтойына арналған мемориалдық көрме ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Экспозицияға суретшінің 1970-2020 жылдар аралығында салынған 60-қа жуық графикалық және кескіндемелік туындылары қойылды. Уақыт пен заман тынысын үйлесімді үндестірген шебердің әр тундысы көрерменге айрықша әсер сыйлайды. Ескі мен жаңаның қайшылығы, адамдардың мінез-құлқы, табиғаттың сұлу келбеті кенеп бетінде шеберлікпен көрініс тапқан.

Аман Бақтығалиұлы (1945-2020) артына 100-ден астам графикалық және кескіндемелік туынды қалдырған Қазақстанның көрнекті суретшісі. Оның «Ана», «Құрманғазы», «Шашу», «Мен қазақпын», «Абылай ханның арманы», «Байқоңыр», «Махамбетті еске алу», «Менің өлкем», «Жеңіс күні» секілді танымал шығармалары халық жүрегінен орын алған.  

Ол Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін үздік бітіріп, кейін И. Е. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында «Графика» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1979-1988 жылдар аралығында  Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді. Шығармашылықпен белсенді айналысты. 1987-1989 жылдары – ҚазКСР Суретшілер одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды. 1992 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің директоры болып тағайындалды.

Суретші Аман Бақтығалиұлы Қазақстанның бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол өмірінің соңына дейін ұстаздық етіп, көптеген жас суретшілерге тәлім берді. А. Бақтығалиұлы, М. Кисамединов, И. Исабаев, Б. Пак, А. Рахманов, С.  Айтбаев, Ш. Сариев, Т. Досмағамбетов, К. Каметов сияқты танымал суретшілермен бірге ұлттық өнердің аспектілерін, оны қоршаған шындықтың сұлулығы мен алуан түрлілігін ашуға және көрсетуге тырысты. Оның шығармаларында патриоттық тақырыптар – туған жерге деген сүйіспеншілік, қарапайым адамның өмірі, еңбек күндері, тұрмыстық көріністер, Қазақстанның көркем жерлері мен пейзаждары бейнеленген. Көрмеде суретшінің пейзаждары, портреттері, натюрморттары мен тақырыптық композициялары ұсынылған. Бұл туындылар Аман Бахтығалиевтің дүниетанымы мен шығармашылық жолын айқын бейнелейді.

Суретшінің жұмыстары еліміздің мемлекеттік және шетелдік музейлерінде, сондай-ақ жеке коллекцияларда (Ресей, Украина, Мексика  және т.б.) сақталған.  Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік орталық музейінде суретшінің 8 графикалық туындысы бар.