23 қазаннан бастап ел кинотеатрларында Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында түсірілген «Бақыт құшағында» жаңа мюзиклі ұсынылады. Кинокартина бастан-аяқ ұлы композитордың әндерімен сүйемелденген. Күрделі әрі қызықты жанрдағы туындының бас продюсері әрі режиссері – New York Film Academy түлегі Санат Шапашов.
Режиссердің айтуынша, фильм үшін арнайы Ш.Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады. Туындының шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсеткен. Айта кетейік, аталған мюзикл – режиссердің дебюті.
«Бақыт құшағында» мюзиклінде Шәмшінің шығармашылығы, қазақтың тілі, өнері мен Астананың сұлулығы көрсетіледі.
«Жалпы, негізгі басты мақсатымыз, негізгі идеямыз – елордамызды, мәдениетімізді көрсету. Өйткені соңғы толықметражды фильм Астанада 15 жыл бұрын түсірілген. Басты идеям, мақсатым – елімізге, мүмкін бүкіл әлемге біздің елордамызды, мәдениетімізді таныту», дейді Санат Шапашов.
Айта кетейік, джукбокс мюзикл дегеніміз – танымал әндерді пайдаланатын сахналық қойылым немесе музыкалық фильм.
«Кастинг өте ауқымды өтті. Екі мың бишінің ішінен 50-і ғана таңдалды. Үздіктердің үздігі, әдемілердің әдемісі ғана қатысты. Өйткені бұл – мюзикл. Үш жанрды қамтиды: актерлік, би және ән», дейді хореограф Уәлитбек Сиязбек.
Туындының басты рөлдерін Дәурен Серғазин, Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова сомдайды.