2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланғаны мәлім. Осыған орай Мемлекет басшысы: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам», деп айтқан еді.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Покровка ауылында орналасқан Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі агроқұрылым мамандарына кәсіптік білім беретін іргелі оқу орны саналады. Мұнда білім алған жастар, Мемлекет басшысы айтқандай, өз кәсібін жетік меңгеріп, ұлт сапасын арттыруға мол үлес қосып жүр. Оқу орнынан қаншама елімізге белгілі азаматтар түлеп ұшты. Олардың дені қарапайым маманнан бастап, жоғары лауазымды қызметтерге дейін көтерілді. Соның бірі – Қазақ КСР Министрлер кеңесін (Үкімет) 14 жыл басқарған Бәйкен Әшімов. Ал оқу орнына осы аудандағы Қарағай ауылында туып, соғысқа дейін оны бітірген Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың есімі берілген.
Биыл аталған білім ордасына 102 жыл толып отыр. Қазір онда 9 мамандық бойынша 600-ге жуық студент оқиды. Барлық студент жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Колледж директоры Бейімбет Бұғасов оқу орнының материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде екенін айтты. «Біздің базалық шаруашылықтарымыз және әлеуметтік әріптестеріміз студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы мен өңдеу кәсіпорындарының 20 ұйымымен әріптестік қатынас орнатқанбыз. Аудан бойынша басқа салалардың – 50, облыс бойынша – 100-ден артық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен ынтамақтастықта жұмыс істейміз. 400 гектардай жеріміз бар, онда түрлі дақылдар егеміз. Алынған өнімдер өзіміздің шағын фермамыздағы мал-құсты азықтандыруға жұмсалады. Артығын сыртқа сатамыз», дейді ол.
Колледжде түрлі жаңа техникалармен танысуға, жөндеуге үйренуге, жүргізуге мол мүмкіндік қарастырылған. Соның ішінде «John Deere» техникаларының тренажерлері, біліктілік орталығы, 12 зертхана және мал сою пункті, шағын зауыт бар. «Бұл жарақтардың бәрі шәкірттеріміздің өндіріске дайындығын шыңдай түседі. Осындай құрал-жабдықтан олар ауыл шаруашылығы техникаларының қыр-сырын үйренеді. Қазір біздің мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе ветеринарлық стансалар мен мал шаруашылығымен айналысатын ЖШС-ларға жұмысқа тұрып жатқандар көп», дейді колледж ұстазы Теміржан Садуов.
Колледж республикалық деңгейде де танымал. 2013 жылы ол «Техникалық және кәсіби білімді жаңғырту» жобасына қатысып, «Ветеринария» мамандығы бойынша халықаралық грантты жеңіп алған. 2019 жылы «Жас маман» бағдарламасы бойынша осы заманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген еді. Мұнда оқуға жастардың ықыласы жоғары. Оқушы жастардың бірі Александр Карпенко: «Ветеринария мамандығын өзім таңдадым. Жануарларды жақсы көремін. Анам да, атам да мал дәрігері болып қызмет етеді. Оқуым өте қызықты, ұстаздармен түрлі тәжірибе жасаймыз. «Медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді» деген сөз мені қанаттандырып отырады», дейді ол.
Жәлел Қизатов атындағы колледж – Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын даярлайтын негізгі оқу орындарының бірі. Мұнда бұрынғы тәжірибелер жаңа инновациялармен жалғасып отырады. Тек оқу мерзімінің ұзақтау екенін айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 9-сыныптан кейін түсетін аспаз мамандығын оқыту мерзімі 34 ай екен, демек 2 жыл 10 ай деген сөз. Бұл мерзімге 10 және 11-сыныптар бағдарламалары да кіреді. Бірақ соларды оқытпай немесе барынша қысқартуға болмас па еді. Агроном мамандығын оқыту да 30 ай. Бұл мамандықты тереңірек оқыту керек-ақ шығар, өйткені ертеңгі күні оған ұйымдастырушы, басшы сияқты әлеуметтік маңызы зор қызмет атқаруға тура келуі мүмкін. Ал барлық жұмыс бір асхананың төңірегінде шектелетін аспазды сонша ұзақ оқыту ақылға қонымсыз. Сол сияқты орманшы, бухгалтер-кассир және т.б. оқыту мерзімі осынша. Мұндай оқуларға барғандар білімді емес, тезірек мамандық алып, жұмыс істеуге талпынатын жастар ғой. Ұзақ уақыт партаға таңылуға олардың төзімдері де жете бермейді. Сондықтан оқу мерзімдерін талапқа сай өзгерткен дұрыс. Бұл, әрине, әрбір жұмысшы кадрларын даярлау бағдарламасын бекітетін Оқу-ағарту министрлігінің ескеретін дүниесі. Президент «кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе» дегенде нақ осындай дүниелерді айтты емес пе?
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы