Сұрапыл соғыстан соң елдің тұрмысы бірден түзеліп кеткен жоқ. Жетім бала, жесір әйел еңбекпен есейді. Уақыт ешкімді аямады. Әйгілі жазушы Дулат Исабековтің «Біз бала болдық, бірақ, бізде балалық шақ болған жоқ» деген сөзі сол кезеңде өмірге келген бүтіннің бір буын үшін бұлжымас анықтама іспетті. Бірақ олар өзінің кейінгі өмірін мейлінше мағыналы өткізуге ден қойды. Ғұмыр жолына үңілсеңіз, ғибрат аласыз. Тіпті нағыз еңбек адамының портретін сызып шығуға болады. Сондай жандардың бірі – еңбекқор қаржыгер Әбілсейіт Ниязбеков.
Кейде бір адамның тағдырына қарап, сол дәуірдің кескін-келбетін суреттеуге болады. Содан да болар ат жалын тартып мінгеннен бастап, еңбекке ерте араласқан азаматтың жүріп өткен жолы бір дәуірдің голограммасы секілді. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген сөзі ойға оралады. Жарты ғасыр ғұмырын қаржы саласына арнаған Әбілсейіт Жағыпарұлы жасынан есепке жүйрік болды. Байырғы Бөрілітөбе ауданында дүниеге келіп, сол өңірдің абыройын көтеруге күш салды. Әкесі Жағыпар мен анасы Бағила тұңғышына «адамның болашағы мен бақыты – білімде» екенін үнемі айтып отыратын. Осыны жадына мықтап бекіткен ол жасынан оқуға құштарлық танытты.
Жағыпар ақсақал қан майданнан жарақатпен оралып, көп ұзамай көз жұмады. Бар ауыртпалық анасының мойнына түсті. Бұл оқиға Әбілсейіттің ерте есеюіне, бұғанасы қатпай жатып-ақ еңбекке араласуына себеп болады. Үйдің үлкені болған соң ізінен ерген бауырлары Қамет, Күлғайша, Макетке қамқорлық таныта білді. Әке орнына әке болды. Анасы бірде ауылға тері жинауға келген қызметкерлерді көріп, «менің де балам салық жинаушы болады» деп мақсат қояды. Шеше сөзін өмірлік мұратына айналдырған Әбілсейіт сегізінші сыныпты аяқтап, Алматыдағы есептік-несие техникумына оқуға түседі. Алып қалада нағашы ағасы Бекен Жылысбаевтың үйіне тоқтады. Елден келген ұлды құшақ жайып қарсы алған туысы өнерін сынамақ болып, ән салдырады. Қазақы аспаптарды еркін меңгерген талантты баланың талабына қызыққан нағашысы оны консерваторияға апарады. Ауылдан арман қуып келген жас талапты өнерге баулымақ қой сондағы ойы. Әйтсе де, Әбекең ана тілегін жерге қалдырғысы келмей, есепші боламын деген адал ойынан айнымайды. Сөйтіп, жас талаптың қаржы саласындағы алғашқы қадамы басталады.
Оқуды үздік бітіріп, туған жері Лепсі стансасына келеді. Жалындаған жас маман бірден аудандық қаржы бөліміне жұмысқа орналасады. Жалынды жас тапсырылған міндетті қалтқысыз орындап, білікті қабілетімен, білім-парасатымен көзге түседі. Үй жұмысына анасының үлгермей жатқанын көріп, отау құруды да ойдан шығармайды. Сөйтіп жүріп 1957 жылы Жәмиға Манақбайқызымен отау құрады. Жәмиға жергілікті шеге шығаратын зауытта қарапайым жұмысшы болып істейтін. Еңбекқор екі жас бірлесіп отбасының да, сырттағы шаруаның да түтінін түзу ұшырады. Текті жерден шыққан Жәмиға апамыз да өз жұртында құтты келін бола білді. Қайындарына жеңге емес, анасындай қарап, олардың азамат болуына ерімен бірдей еңбек сіңірді.
Бір жылдан кейін көпшіліктің назарына іліккен Әбілсейіт Жағыпарұлы Алакөл аудандық қаржы бөліміне аға инспектор болып тағайындалады. Аз да болса қаржы саласында жұмыс істеп, ысылып қалған білікті маман барған жерінде де қызметке белсене кіріседі. Көптен бері тұралаған бірқатар қаржылық мәселелерді ретке келтіріп, жұмыстың кедергісіз жүруіне мүмкіндік туғызады. Осындай іскерлігін көрген аудан басшылары жас маманды сатылап өсіруге жағдай жасайды. Ол үшін әуелі жоғары оқу орнын бітірді деген дипломның керек екені анық. Сол мақсатта Алматы қаласындағы ҚазМУ-дың экономика факультетіне оқуға түсіп, жоғары білімді маман болып шығады. 1963 жылы Ақсу аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне ауысады. Үлкен мектептен өткен білікті маман ағынды Ақсу топырағында да кәсіби біліктілігін көрсетіп, жұмысын одан әрі ширата түседі. Ел, аудан, облыс экономикасының қозғаушы күші іспетті есеп-қисап саласының жұмысын жетілдіруге бар күш-жігерін салады. Тыңға салған соқаның жүзіндей қайралған маманға деген сұраныс артпаса кемімейді. Осылайша, облыс басшылығы жас маманды Андреев ауданына қаржы бөлімінің меңгерушісі етіп жібереді. Бұл жерде де әріптестерімен тізе қосып жұмыс істеп, ұжым арасында үлкен беделге ие болады.
Жұмысы шатқаяқтап тұрған аудандық қаржы бөлімін қайта аяқтан тұрғызады. Мұны ескерген облыс әкімдігі енді оған Алакөл ауданының қаржы бөлімін сеніп тапсырады. Алакөл ауданы өзге өңірлермен салыстырғанда ауқымы тұрғысынан да, қаржылық айналымы жөнінен де алда тұрған аймақ. Әбден ысылған тәжірибелі маман келген күннен бастап байырғы ұжымдастарымен бірге аталған саланы дөңгелетіп әкетеді. Осы жерде ұзақ уақыт тұрақтап, қызмет атқарады. Ісіне адалдығының нәтижесінде жоғары марапаттарды да еншілейді.
Бірде Әбілсейіт Жағыпарұлына аудандық атқару комитетінің орынбасары қызметіне ұсыныс түседі. Сол кездегі Талдықорған облысы қаржы бөлімінің меңгерушісі Алексей Цхай жақсы басшыдан айырылғысы келмей, облыста қызмет атқаруды ұсынады. Әйтсе де, ол екі жерден түскен ұсынысты да қабыл алмай, оның үстіне бұрыннан сыйлас басшылар арасына сызат түспесін деген ниетпен өзінің аудандық қаржы бөлімінде қалуды жөн көреді. Кейін аудандық қаржы бөлімінен ауысып, май зауытының директоры қызметіне барады. Үлкен кәсіпорынның жұмысы да Әбілсейітті жатсынбады. Жоспарды артығымен орындап, кәсіпорынның жұмысын жандандырды. Осы жерден зейнетке шығуды ойлағанымен, көп ұзамай білікті маман аудандық жылжымалы механикаландырылған колоннаға қызметке ауысады. Бұл бағытта да өз қолтаңбасын қалдырып, құрметті еңбек демалысына шығады.
Кейіпкеріміз одан кейінгі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Зайыбы Жәмиға екеуі Клара, Рахат, Жайсаң, Өмірзақ есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп, олардың өмірден өз еншісін алуына септесті. Бүгінде балаларының бәрі елге сыйлы азаматтар. Бірі – медицина саласына ден қойса, бірі әкесіне ұқсап математикаға қызығады. Тіпті ұрпақтары энергетика саласында да есімін қалдырып үлгерді. Немерелері ғылымға бет бұрған. Америка, Англия, Аустралия, Канада сынды алып мемлекеттерде білімін шыңдап, тәжірибе жинап жатыр. Атаның өнегелі өмірінен сабақ алған ұрпағы да елге адал қызмет етуді ойлайды.
Міне, бар ғұмырын қаржы саласына арнаған Әбілсейіт Жағыпарұлының жүріп өткен ғұмыр жолы осындай. Сырттай қарағанда жай ғана қызметтік сатымен өрлеген маман секілді көрінер, ал шын мәнінде өз жұмысына деген алғаусыз ықылас, адал көңіл аңғарылады. Осы қасиеттері оның шынайы кәсіби маман атанып қана қоймай, өз саласында қайраткерлік деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Көпшілікке өзі туған өңірден ұзамай-ақ өнегелі ғұмыр қалыптастыруға болатынын көрсетті. Өзі қызмет еткен өңірлердің қай-қайсысы да қазір Әбілсейіт Жағыпарұлының өнімді еңбегін жыр ғып айтады. Халқына сыйлы, ортасында абыройлы болған ағамыздың мағыналы өмір жолы кейінгі жастарға үлгі.
Жетісу облысы