Биыл Конституциямызға 30 жыл толады. 1995 жылы 30 тамызда жалпы халықтық референдумда қабылданған бұл қастерлі заңда мемлекеттің егемендігі, келбеті, мақсаттары, адам құқықтары мен міндеттері, басқару жүйесі және басқа құндылықтар бекітілді.
Конституция – тек нормативтік мәтін, заң емес, қоғамда тарихи қалыптасқан принциптер жүйесін, тамыры терең құндылықтарды бекітетін, идеологиялық сипаттағы ұстанымдар қарастырылған ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат. Ата заңның ережелерінде адамгершілік және құқық талаптары тоғысқан. Оның нормаларында түрлі субъектілердің ортақ мүдделерінің оңтайлы тепе-теңдігі бекітіліп, қоғамдық келісім, халық пікірі көрініс тапқан, яғни қоғамдық шарт жасалған. Сол мәмілені сақтау, одан ауытқымау – қоғам мен мемлекеттің тұрақты және қарқынды дамуының кепілі.
Өткен үш онжылдықта елімізде толығымен жаңа заңнама қабылданды және оны қолдану тәжірибесі қалыптасты. Бұл тұрақты үрдісте Конституцияның талаптары тиісті субъектілер үшін басты шамшырақ болып келеді. Арнайы әдебиеттерде «тірі конституция» деген ұғым кездеседі, оның мәні конституциялық ережелер қағаз жүзінде қалып қалмай, күнделікті өмірде барынша жүзеге асырылуы қажет.
Конституцияның талаптарын өмірге енгізу – мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ортақ міндеті. Президент – Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық саласын негізгі заңда көрсетілген міндеттерге сай дамыту кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Жыл сайынғы Мемлекет басшысының Жолдаулары, тұжырымдамалар және ұлттық жобалар бұл бағыттағы жұмысқа тың серпін беріп, қарқынын арттырып отырады.
Ішкі және сыртқы сұраныстар ескеріле отырып, елімізде төрт рет конституциялық реформа жүргізілді. 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды конституциялық реформа республикалық референдум арқылы жүзеге асырылды. Азаматтық қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, тәуелсіз еліміздің отыз жылдық тәжірибесін ескеріп, озық халықаралық практикаға сүйенген президенттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуды, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуді, Үкіметтің құзыры мен жауапкершілігін нығайтуды, партиялық, сайлау және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар ұсынылып, қолдау тапты.
Орын алған жаңашылдықтар қатарында Конституциялық соттың қайта құрылуын ерекше атап өтуге болады. Қазіргі заманда қолданыстағы құқықтың сапасына конституциялық бақылау жасайтын арнайы органдар әлем елдерінің басым көпшілігінде бар. Олардың атауына және моделіне қарамастан, жүктелген миссиясы ортақ – конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Конституциялық ережелер заман ағымына байланысты әртүрлі қырынан көрініп, жаңа бір мағыналар беруі мүмкін. Мысалы, кейінгі жылдары ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты «цифрлық» құқықтар деген термин пайда болды. Кейбір елдерде адамдардың интернетке қол жеткізу құқығы конституцияда қарастырылды. Біздің елімізде Конституциялық соттың кейбір шешімдерінде цифрлық құралдардың адам құқықтарына әсері, одан туындайтын сын-қатерлер және мемлекеттің міндеттемелері сияқты сұрақтарға жауаптар көзделді. Мәселен, 2023 жылдың 21 сәуіріндегі №11 нормативтік қаулысында әрбір тұлғаның жеке өмірге қол сұғылмау, өзінің және отбасының құпиясы болу, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалу конституциялық құқығы қазіргі заманғы коммуникациялық технологияларды (әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және басқа да интернет-ресурстарды) пайдаланатындарды қоса алғанда, ақпаратты сан алуан түрлі көздерде заңсыз таратудан қорғайды деп түсіндірді. Жалпы қаулыларда баяндалған құқықтық ұстанымдарды Конституцияның жалғасы деп айтуға болады және олар ең жоғары заң күшіне ие.
Конституциялық сот заңдардың және өзге де актілердің конституциялылығын, яғни Ата заңға сәйкестігін тексереді. Кей жағдайларда азаматтар «конституциялылық» деген не деп сұрап жатады. Мамандар арасында бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікір бар. Оларға жүгінсек, конституциялылық – құқықтық мемлекеттің басты принципі; нормативтік құқықтық және өзге құқықтық актілердің конституцияға сәйкестігі; құқық үстемдігін, адам құқықтарының басымдығын, билік тармақтарының бөлінуін, халықтың басқаруын және т.б. құндылықтарды қамтитын кең мағыналы ұғым.
Конституциялық сот туралы Конституциялық заңда бұл органның құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін тексерудің мынадай өлшемшарттары көзделген: норманың мазмұны, актінің нысаны, оны қабылдау, қол қою, жариялау және қолданысқа енгізу тәртібі, мемлекеттік биліктің жеке тармақтарға бөлінуі, мемлекеттік органдар арасындағы құзыреттің аражігін ажырату жағдайы, актіге уәкілетті органдар берген ресми түсіндірмесі, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану практикасы.
Осы өлшемшарттардың арасында дауланып отырған норманы мазмұны бойынша тексеру оны жан-жақты талдап, қабылдау кезіндегі заң шығарушының мақсаты мен ойын зерделеп, анықталған заңнамалық модельге конституциялық баға беруді білдіреді. Бұл шығармашылық үдерістің шартты түрде бірнеше сатысын бөліп көрсетуге болады.
Бастапқы сатыда проблема тудырған құқықтық норманың мазмұны анықталады. Белгілі бір қоғамдық қатынастарға қатыса отырып, тиісті субъектілер өздері норманың мәнін түсініп, соның аясында әрекеттер жасайды. Мемлекеттік органдар ұстанымдарын өзгелерге түсіндіреді, сол түсінікке сүйеніп, шешімдер қабылдайды. Құқық теориясында бұл қызметті заңға түсіндірме беру деп атайды. Осы бағытта түсіндірме берудің көптеген әдіс-тәсілі қалыптасқан. Заңгерлердің арасында «екі заңгер, үш пікір» деген сөздер жиі айтылады. Әрине, кез келген заңгер, ол судья, прокурор, тергеуші, адвокат немесе ғалым болсын, өзінің білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, қандай да бір заңды өзінше түсінеді және қолданады.
Көп жағдайда азаматтар басқа құқық қорғау құралдарын пайдаланғаннан соң Конституциялық сотқа соңғы шара ретінде шағымданады. Конституциялық сот, жоғарыда айтылғандай, өтінішті қарау кезінде нормаға берілген ресми түсіндірмені және ел аумағында қалыптасқан құқық қолдану практикасын ескереді. Бұл мақсатта өтінішке қосымша ретінде жолданған нақты істер бойынша сот және басқа да органдардың шешімдері, Жоғарғы соттың тиісті тақырыптағы нормативтік қаулылары, уәкілетті органдардың қорытындылары – құнды материал.
Мамандар арасында «конституция заңдарда өмір сүреді» деген сөз бар. Конституцияның көптеген ережесі олардың өмірге ену тетіктерін реттейтін заңдар арқылы жүзеге асады. Сондықтан екінші сатыда күмән тудырған заң нормасына ұйытқы, оның өмірге келуіне себепші болған конституциялық норма мен оның мазмұны анықталады. Негізгі заңның ережелеріне ресми түсіндірме беру тек Конституциялық соттың өкілеттігіне жатқызылған. Сондықтан Конституция нормаларына басқа мемлекеттік органдар берген түсіндірмелермен Конституциялық соттың пікірі сәйкес келмеген жағдайларда, соңғысына басымдық беріледі. Конституциялық сот өз қызметінде мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген принципке ерекше назар аударады. Мемлекет қоғамдық тәртіпті және басқа құндылықтарды қорғау мақсатында енгізген шектеулер шамадан тыс емес пе деген сауалға жауап іздеген кезде бұл шаралардың міндеті, рөлі, беретін пайдасы, ауқымы, оларды қолданған кезде тұлға құқығының жүзеге асу деңгейі, адамға тигізетін зияны, қатаңдығы төмен шектеулер енгізу мүмкіндігі терең зерделенеді.
Үшінші сатыда тексеріліп отырған құқықтық норманың мазмұны онымен тығыз байланысты жоғары тұрған конституциялық ережелердің талаптарымен салыстырмалы түрде талданып, тиісті баға беріледі. Осылайша Конституциялық сот қаралып жатқан заңды комплексті жүйелі түрде зерделеп, оған Конституцияға сәйкес, сәйкес емес немесе өзі берген түсіндірмеде сай деген шешімдер шығарады.
Өткен екі жарым жылда Конституциялық сот тексерілген құқық нормасының Конституцияға сәйкес еместігі туралы 18 нормативтік қаулы қабылдады. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға алғашқы он жыл бойы жақындарымен ұзақмерзімді кездесулер бермеу шамадан тыс деп танылды. Қылмыстық-процестік кодекстің бұлтартпау шарасының қолдану мерзімі өтіп кетсе де сезіктіні күзетпен ұстаудан босатудың орнына, керісінше, оны ұзартуды міндеттеген ережесінің әркімнің жеке басының бостандығына құқығын бұзатыны анықталды. Осындай мысалдарды түрлі саладағы заңдарға қатысты келтіруге болады.
Конституциялық соттың тексеру нысанасы болған құқық нормасын өзі берген түсіндірмеде Конституцияға сай деген шешімдеріне ерекше назар аударғым келеді. Нормативтік қаулының бұл түрі – маңызды жаңалық. Осылайша Конституциялық сотқа қолданыстағы заңдарға Конституцияның нормаларымен тығыз байланыста ресми түсіндірме беру өкілеттілігі жүктелді. Құқық мамандары «заңдардың конституциялық-құқықтық мазмұны» деген ұғымды қалыптастырған. Оның пайда болуы конституциялық бақылау органдарының қызметімен тікелей байланысты. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Германияның Федералдық Конституциялық соты заңдардың конституцияға сай болуы презумпциясы оларға конституциялық түсіндірме беру әдісін қолдануды талап етеді деп атап өтті. Оған сәйкес, егер де түсіндірме берудің әдістерін қолдану арқылы заңның бірнеше мағынасы анықталатын болса, оның конституцияға барынша сай нұсқасын таңдау керек. Сондықтан бұндай шешімдерді қабылдау арқылы түрлі түсінуге жол берген заңның күшін жоймай, оны сақтап қалып, құқық қолдану практикасын дұрыс жолға бағыттауға мүмкіндік туды. Заңды конституциялық талаптарға қайшы деп тауып, күшінен айыру заңнамада бос орындар пайда болуына және тиісті мәселелердің реттеусіз қалуына әкеледі, яғни құқықтық белгісіздік туындайды. Осындай жағдайларда заңға конституциялық түсіндірме беру – ең оңтайлы шешім. Құқықтық салдары бойынша ол норма конституциялық емес деген шешімге тең, яғни Конституциялық соттың заңға берген түсіндірмесі азаматқа қатысты қабылданған құқықтық актілерде көрініс тапқан басқа мемлекеттік органдардың түсіндірмесінен басқа болған жағдайларда бұндай актілер процестік заңнамаға сай қайта қарауға жатады.
Құрылған кезден бастап Конституциялық сот бірнеше рет мұндай нормативтік қаулылар қабылдады. Мысалы, биылғы 7 ақпандағы №66-НҚ нормативтік қаулысында Әлеуметтік кодекстің азаматтарға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу тәртібін реттейтін ережелеріне конституциялық түсіндірме берілді. Кодексте еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың ғана жас балаларға күтім жасаған уақыты есептелетіні айтылған (208-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы). Конституциялық сот бұл мәселеге кеңінен қарап, жүйелі талдау жасады. Оның берген конституциялық-құқықтық түсіндірмесіне сәйкес, негізгі заңның 27-бабында: «неке мен отбасы, ана мен әке және бала – мемлекеттің қорғауында», делінген. Неке-отбасы заңнамасында отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі, отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу қағидаттары бекітілген. Еңбек заңнамасында ата-ананың өз таңдауы бойынша – жұмыс берушінің баланың анасына не әкесіне бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс беру міндеті қарастырылған. Сондықтан осы мақсатта жұмыс істемеген ата-анаға (тек анасына емес, әкесіне де) балаға тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алынуға тиіс. Қазіргі таңда осы санаттағы ата-аналарға қатысты құқық қолдану практикасы өзгерді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, Қазақстан Конституциясы өткен мерейлі кезеңде қоғам мен мемлекеттің тұрақты және қарқынды дамуына негіз болып келеді. Елімізде 2022 жылы өткізілген конституциялық реформа бұл үрдіске жаңа серпін беріп, тыныс-тіршіліктің барлық саласын жаңғыртуға бағытталған жүйелі шараларды қолға алуға мүмкіндік берді. Ата заңның жасампаз әлеуеті халық игілігі жолында басты бағдар болып қала бермек және кешенді жұмысты жалғастыруды талап етеді.
Бақыт НҰРМҰХАНОВ,
Конституциялық сот төрағасының орынбасары