• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Инвестиция Бүгін, 08:35

Инвестиция тарту қарқыны күшейді

50 рет
көрсетілді

Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен еді. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда Қазақстан батыл әрі жедел шешімдер қабылдауға тиіс екенін қадап айтты. Содан бері қандай нәтижеге жеттік?

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев­тың айтуынша, 2025 жылғы қаңтар-шілдеде сауда көлемі 8,6%-ға, инвестиция көлемі әдепкі 6 айда 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге көтерілген.

«Сауда саласында 800 мың­нан астам бизнес субъектісі 1,5 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр» дейді министр. Экономист Айбар Олжаевтың айтуын­ша, Үкімет жанынан құрыл­ған Инвестициялық штаб ірі жобалардың іске асуына кедергі болатын бюро­кра­тиялық әрі жүйелік тосқауыл­дарды жоюда маңыз­ды рөл атқарады. «Қағазбастылықты» азайту, жұ­мысты жеңілдету, уақыт­ты үнемдеу тұрғысынан инвес­тор­ларға нақты қолдау көрсетіледі.

«Мемлекет басшысы Астанада өткен Шетелдік инвес­­торлар кеңесінің отыры­сын­да инвесторлардың мәсе­лесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты негізінде жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб мәселесін көтерді. Бұл штаб 70 млрд долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау жасап келеді. Бұдан бөлек, заңнамаға инвесторлардың мәселесін кешенді түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болған екен», дейді сарапшы.

Осы уақыт ішінде Штаб аясында бірқатар түйткіл шешімін тапты. Мәселен, жалпы құны 50 млрд доллардан асатын жобалар бойынша 115 түрлі мәселе реттелген. Нәтижесінде, құны 2,3 млрд доллар болатын 6 ірі инвестициялық жобаға келісім жасалған. Инвестиция тарту ісіндегі тағы бір маңыз­ды жаңалық – Ұлттық цифрлық платформаның іске қосылуы. Бұл жүйе инвесторлардың жобаларын қадағалап, олардың мәселесін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай үдерістер айлап, тіпті жылдап шешілсе, енді цифрлық бақылаудың арқасында инвестордың өтініші мен мәселесі жедел қаралады.

2024 жылдың 9 айында елімізге 12,7 млрд доллар көлемінде тікелей ше­телдік инвестиция келді. БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономика­лық және әлеуметтік комиссиясы­ның деректеріне қарағанда, өткен жылы 15,7 млрд доллар инвестиция тартып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 88%-ға көп нәтижеге жеткен. Солтүс­тік және Орталық Азия елдеріне келген инвестицияның үштен екісінен астамы бізге тиесілі болған. Алдағы жоспар да ауқымды. 2025 жылы бізге ­25 млрд доллар тікелей инвестиция ­тарту көзделіп отыр. Бұл үшін өңірлер­де арнайы бағдарламалар қабылда­нып, шетелдік инвесторлармен тіке­лей жұмыс күшейтілді. Инвесторларға ­уақыт жоғалтпай мемлекеттік қызмет ­алуы­на жағдай жасайтын «Fast Track» неме­се «жасыл дәліз» жүйесі іске қосыл­­ған. Қазірдің өзінде осы жүйе арқылы ­­134 шетелдік инвестор жедел қызметке ­қол жеткізді.

«Инвесторлар елімізде біраз ірі жобаларды іске асырып жатыр. Мысалы, «Alstom» компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бас­тап локомотивтердің жаңа буынын шы­ғаруды жоспарлап отыр. «Wabtec» компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 млн доллар инвестиция құйды. «Stadler Rail» кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды. Осы жобаларға қарап-ақ инвесторлардың тілін табу, оларға кешенді жағдай жасау, құқықтық қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін көреміз», деп түсіндірді экономист.

Сарапшы айтқандай, шынында, ірі жобалардың алғашқы нәтижесі де бар. Мәселен, құны 450 млн доллар болатын «Жетісу Вольфрамы» зауы­ты­ның бірінші кезеңі іске қосылды. Бұдан бөлек, «Carlsberg» зауыты, «WAN SHENG CERAMIC» керамика өндірісі, Қостанайдағы «SKODA» мен «HONGQI» автокөлік зауыттары, Алматы облысындағы 160 млн доллар­лық «PepsiCo» жобасы іске қосылып, өнеркәсіп әлеуетін арттырып жатыр.

«Ұлттық қордың биылғы 6 айда­ғы нәтижесі мұнайға қарағанда инвести­цияның табысы әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Инвестициялық кіріс 4,7 млрд долларды құраса, мұнайдан түскен пайда 2,7 млрд доллар болды. Бұл болашақта мұнай қоры сарқылған жағдайда да Ұлт­тық қорды дұрыс басқарылған ин­вес­­тиция қамтамасыз ете алатынын аң­ғар­тады. Сыртқы нарықтардағы құбыл­малы ахуалға қа­рамастан, Ұлт­­тық банктің сауатты таң­далған инвес­ти­циялық стратегиясы нәтиже бе­ріп отыр. Акциялардан 1,9 млрд дол­лар түсті. Әсіресе жасанды ин­тел­лек­тіге бай­ланысты технологиялық ком­па­ния­лардың құны айтарлықтай артқан. Дамыған елдердің мемлекет­тік облигацияларынан – 1 млрд доллар, ал­тыннан – 800 млн доллар, дамушы на­рық­тардағы инвестициялардан – 600 млн доллар, корпоративтік облигациялардан 400 млн доллар пайда түсті. Осы уақыт ішінде қордан бюджетке трансферт ретінде 5,9 млрд доллар бөлінді. Ал кіріс 7,4 млрд доллар болғандықтан, таза өсім 1,5 млрд долларды құрады. Нәтижесінде, Ұлттық қор активтері қазір 60,3 млрд долларға жетіп отыр», дейді ол.

2025 жылдың алғашқы жартысында агроөнеркәсіпке 616,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 442,7 млрд теңге – ауыл және балық шаруашылығына, 104,2 млрд теңге – азық-түлік өндірісіне, 69,7 млрд теңге сусын өндірісіне бағытталды.

«2025 жылы салаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат өндірістік қуатты арт­тыруға, жаңа технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығындағы еңбек өнім­ділігін көтеруге бағытталады», дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Экономикалық өсімнің жалпы қар­қыны да оң нәтиже беріп отыр. Алғашқы жар­ты жылдықта ішкі жалпы өнім 6,3%-ға өссе, нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер ел экономикасының қайта қарқын алғанын аңғартады.