Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Ақтау қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа заманауи мектеп пайдалануға берілді, деп жазады Egemen.kz.
Өмірзақ ауылының «Рауан» тұрғын массивінде бой көтерген №26 жалпы білім беретін мектеп ауылдық аймақтарда сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған ұлттық жобаның нақты нәтижесі болып отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қатысып, жиналған қауымды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
«Ауыл – қазақтың бесігі. Қазақтың талай ғалымдары, ақын-жазушылары мен өзге де саладағы мықтылары ауылдан шықты. Сондықтан ауылдық жерлердегі балалардың сапалы білім алуына мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жаңа мектеп құтты, білім күні оң болсын», – деді қала әкімі.
Жаңа мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, спорт және шығармашылық залдарымен, сондай-ақ инклюзивті білім беруге арналған арнайы кабинеттермен жабдықталған. Бұл – ауыл балалары үшін қолайлы әрі сапалы білім алуға жасалған маңызды қадам.
Ата-аналар мен тұрғындар жаңа білім ошағының ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жасырмады.