• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 11:40

ҚазҰУ мен Қытай жаңа деңгейдегі серіктестікке қадам басты

50 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл жоба ҚазҰУ мен Қытайдың жоғары технологиялық жетекші компаниясы – Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесінде жүзеге асты.

Ашылу рәсімі Бейжіңде өткен Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесі аясында ұйымдастырылды. Шараға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. өкілі Ли Вэнь ханым қатысты.

Тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және ғылым мен білім саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендерін білдірді. Сондай-ақ жаңа орталықтың алдағы уақытта білім, ғылыми зерттеу және инновацияны тоғыстырған ірі кластерге айналатыны атап өтілді.

Шара барысында институт пен орталыққа арналған бейнеролик көрсетілді. Жаңа нысан KazNU Hub аумағында орналасқан, жалпы ауданы – 600 шаршы метр. Жобаға 2,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды. Қазіргі уақытта мұнда 13 заманауи робот жұмыс істеп тұр.

Институт аясында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде «Робототехника», «Мехатроника», «Жасанды интеллект» және «Заттар интернеті» (IoT) бағыттарында бірлескен білім беру бағдарламалары қолға алынады.

Ғылыми-зерттеу қызметі де басты назарда болмақ. Зерттеушілер өндірістік, сервистік және білім беру роботтары саласында тәжірибе жүргізіп, өндірісті автоматтандыру мен ақылды басқару жүйелерін әзірлеуге үлес қосады. Сонымен қатар жоба шеңберінде стартаптар мен инновациялық компанияларды құру жоспарда бар.

Бұл бастама Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы маңызды қадам болып, елдің халықаралық инновациялық кеңістіктегі беделін арттыра түседі.