• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 11:42

Эпилепсияға қарсы дәрі тапшылығы шұғыл шешілуі тиіс – Мәжіліс депутаты

30 рет
көрсетілді

Өңірлерге жұмыс сапары барысында ҚХП фракциясының депутаттары неврологиялық ауруларға шалдыққан науқастармен, соның ішінде «Эпилепсия» диагнозы бар азаматтармен кездесті. Кездесу кезінде шұғыл шешімді қажет ететін маңызды мәселелер ортаға салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, қазіргі таңда «Жекелеген аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне» енгізілген препараттарды нарықта еркін сатып алу мүмкіндігі күрт төмендеген. Себебі әкелінген немесе өндірілген дәрілердің басым бөлігі осы тізім шеңберіндегі қажеттілікті жабуға жұмсалады. Бірақ бұл көлем неврологиялық ауруларға шалдыққан барлық науқастарды қамтуға жеткіліксіз. 

«Оның үстіне құрамында есірткі заттары бар дәрілік заттарды тіркеу және импорттау ведомствоаралық бақылаудың қажеттілігіне байланысты қиын», деді депутат. 

Депута осы себепті эпилепсиямен ауыратын азаматтар ұстамалардың алдын алу немесе жедел көмек көрсету үшін қажетті дәрілерді өз бетімен табуға мәжбүр екенін атап өтті.

«Алайда мұндай препараттардың көпшілігі есірткілік заттарды қамтитыны белгілі. Соның салдарынан азаматтар дәрі-дәрмекті заңсыз жолмен іздеуге мәжбүр болып, қылмыстық қудалау қатеріне тап болып отыр», деді ол. 

Оның пікірінше, отандық фармацевтикалық нарық әлемдік тәжірибеден айтарлықтай артта қалған.

«Мәселен, бүгінде эпилепсиялық ұстамаларды тоқтатуға арналған мұрын арқылы (интраназальды) қолданылатын жаңа препараттар бар. Бұл дәрілер әсіресе балалар үшін өте қолайлы. Бірақ Қазақстандағы дәрілік заттарды тіркеу жүйесі шетелдік осындай препараттардың қолжетімділігін шектеп, науқастардың жағдайын одан әрі қиындатып отыр», деді М.Магеррамов

Осыған орай, ҚХП фракциясы үш негізгі талап қойды.

«Жекелеген аурулары бар азаматтарды тегін және (немесе) жеңілдікті дәрілік қамтамасыз етуге арналған тізімге» енгізілген препараттардың нарықтағы тапшылығына жол беретін тәжірибені тоқтату. Неврологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз етудегі тапшылықты жою. Құрамында есірткі заттары бар дәрілік препараттарды тіркеу мен әкелу тәртібі мен мерзімін жеңілдетіп, науқастарға қажетті дәрілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

«Біздің ең басты мақсатымыз – ауыр дертке шалдыққан азаматтарға қолжетімді, сапалы дәрі-дәрмекпен уақытылы қолдау көрсету. Эпилепсияға қарсы препараттардың тапшылығы – тек медициналық мәселе емес, бұл азаматтардың өмір сапасына, тіпті олардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін түйткіл. Сондықтан Үкімет осы мәселені кейінге қалдырмай, жүйелі шешім қабылдауы тиіс», деді Магеррам Магерамов.