Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен курсанттарға арнап сөз сөйлеп, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол әскери білім берудің маңыздылығына тоқталып, саланың алдында тұрған басты міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр Мемлекет басшысы тамыз конференциясында айтқан білім мен тәрбиенің ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын шешуші фактор екендігі жөніндегі тұжырымдарды еске салып, бұл қағидаттың әскери білім беру саласына да толықтай қатысты екенін жеткізді.
«Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы білім беру мен тәрбиенің ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты негіз екеніне назар аударды. Бұл тұжырымдар тікелей әскери білім беру саласына да қатысты, себебі мұнда армияның зияткерлік және кәсіби әлеуеті қалыптасады», деді ол.
Дәурен Қосанов әскери мамандарды даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған жаңашылдықтарды атады. Мәселен, Ұлттық қорғаныс университетінде жұмылдыру дайындығы факультеті ашылды, «Жас ұлан» мектептері әскери колледждер мәртебесіне ие болды, ал жауынгерлік даярлық жоспары оқу үдерісімен интеграцияланды.
«Қазіргі жағдайда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, радиоэлектрондық күрес, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу жүйелерінің маңызы айтарлықтай артып отыр. Бұл жүйелер ұрыс әрекеттерін модельдеуге және шешім қабылдауға интеллектуалды қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі әскери кадрларды даярлауға жаңа талаптар қояды. Олар ең күрделі техника мен заманауи қару-жарақты қолдана алуы, гибридті қауіп-қатер жағдайында әрекет етіп, өзгермелі ахуалға тез бейімделуі тиіс», деді министр.
Ведомство басшысы оқу бағдарламаларын жаңарту, мамандықтардың аясын кеңейту, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына, қолданбалы жобаларға және халықаралық серіктестікке белсенді тарту міндеттерін жүктеді. Сондай-ақ әскери оқу орындарын заманауи қару-жарақпен, бронды техникамен, әскери автокөліктермен, арнайы жабдықтармен, барлау және байланыс жүйелерімен қамтамасыз ету, сонымен бірге оқ ату және жүргізуге арналған тренажерларды енгізу тапсырылды.
Сөз соңында Дәурен Қосанов әскери педагогтардың табанды еңбегінің арқасында қойылған міндеттер орындалып, елдің әскери қауіпсіздігі мен егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосылатынына сенім білдірді.