• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Кеше

Малайсары батырдың сауыты

30 рет
көрсетілді

Абылай заманы батырларының бірі Малайсары батырдың сауыты Павлодардағы музейде қаз-қалпында сақталып тұр. Жәдігердің жалпы салмағы – 15 килограмм.

Аталған құнды мұра музейге 1953 жылы тапсырылған. Жәдігерді туыс­тары көп жыл бойы жерге көміп сақтаған екен.

Мекеменің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, сауыт қысқа жеңді, таза темір шынжырлардан жасалған. Шынжырлар жар­тылай үзілген. Жалпы салмағы 15 килоны құрайды.

«Сауытты Малайсары батыр бозбала шағында киген. Оның темір шынжырларын кезінде туыстары өздеріне ескерткіш зат ретінде бір-бірден шешіп алған деседі. Тіпті кие тұтып, ырымдап алғандар да болған. Музейге өткен мұра көбе сауытқа ұқсас, кебенек сыртынан киюге арналған. Са­уыт алғашқы тапсырылған қал­пында сақталған», дейді Ж.Қадырұлы.

Малайсары батыр ғана емес, бидің рөлін де атқарған. Ол шамамен 1700–1756 жылдар аралығында өмір сүрген. Тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, Малайсары – Абы­лай ханның сенімді серігі. Қазақтың Ресей қол астына кіруіне қарсы күрескен және қазақ-қалмақ соғысын тоқтатуға зор үлесін қосқан. Екі хандық арасында бейбіт келісім жасау саясатын ұстан­ғандардың бірі болған.

1741–1742 жылдары Абы­лай ханды тұтқыннан қай­­тару жөнінде жүргізілген ке­ліссөздер барысында Қал­дан-Серен Малайсарыға «тар­хан» атағын берді. «Тар­хан» ата­ғы – көнеден келе жат­қан ла­уазым, дәреже. Бұл атақ­тың иелері алым-салықтан бо­са­­тылған, ұсақ қылмыс үшін хан алдында ғана  жауап берген.

 

Павлодар облысы