Бүгін Алматыда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде жаңартылған студенттік жатақхананың ашылу рәсімі өтті. Бұл тарихи ғимаратта кезінде аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі құрылған болатын. Қайта жөндеуден кейін «Дос-Мұқасан ұясы» деген атау иеленіп, студенттерге жаңа баспана ғана емес, университеттің мәдени мұрасын айшықтайтын орынға айналды, деп жазады Egemen.kz.
Жатақхананың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, университет ректоры мен оқытушы-профессорлар құрамы, сондай-ақ «Дос-Мұқасан» ансамблінің аңызға айналған өкілдері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Ұлықпан Сыдықов және Мейірбек Молдабеков қатысты.
Бүгін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті үшін тарихи күн. Жатақхана оқу орнының қарамағына қайтарылып, пайдалануға тапсырылды. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатының нақты орындалуының айғағы. Университет басшылығын, ұстаздар мен студенттерді осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Айта кетсек, бірнеше ай бұрын жатақхана сот шешімімен университетке қайтарылған болатын. Сот жекешелендіру бойынша жасалған келісімдерді заңсыз деп танып, ғимаратты университет қарамағына беру туралы қаулы шығарды. Осылайша, «Дос-Мұқасан» атымен байланысты тарихи ғимарат студенттерге қайта бұйырды.
Қазіргі таңда Алматыда 120-дан астам студенттер үйі пайдалануға берілген. Сонымен қатар әрбір жоғары оқу орнында студенттердің тұрмыстық мәселелерін шешуге арналған ахуалдық орталықтар жұмыс істейді.