• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:20

Біз қайда асығамыз?

30 рет
көрсетілді

Қазір отандастарымыз шетелдерге көп шығады. Білім іздеп шығады, қыз­метке орналасады, маусымдық жұмыс­қа кетеді, өзге елде демалуды қалайды. Бай­­қағанымыздай Еуропа, Шығыс Азия жақтың халқы кербез, ешқайда асық­пайды. Мұны Таиланд, Вьетнам, Малай­зия секілді елдерге демалысқа барып келген жұрттан да естіп жүрміз. Біздегідей үнемі бір жаққа асығып, үлгермей, қо­ғамдық көлікке бір-бірін соғып мініп жат­қан адам сирек. Сонда оларда шаруа жоқ па, әлде біз тым «еңбекқормыз» ба?

Қызмет, шаруа, жалпы «қу тірлік» барлық халықта бар екені белгілі. Бір ғана Вьетнамды алсақ, бұл мемлекет ұлт саулығын басты орынға қояды. Елдің бұған бет бұруын вьетнамдықтардың өзі қалыптастырған. Әңгімені әріден бастайық.

1961 жылы АҚШ Вьетнам халқына қарсы химиялық қару қолданады, олар барлық тұщы су мен топырақты дефолиант пен гербицидтер қоспасымен улаған. Бұл операция «Agent Orange» деп аталды. Соның салдарынан, Вьетнам халқының 50 пайызы қайтыс болды. 10 жыл бойы қақтығыс кезінде америкалықтар ұшақтармен 80 млн литр­ге жуық «Agent Orange» шашып, топырақ пен өзендерді улады. Кейін америкалық, оңтүстіккореялық сарбаздардың, сондай-ақ жергілікті вьетнам тұрғындарының ауыр дертке шалдыққаны белгілі болды. Диоксин адам ағзасындағы зат алмасуды тежеп, қатерлі ісік тудырған. Осыдан бастап вьетнамдықтардың алдында жер суын тазарту, халық пен ұлттың денсаулығын қалпына келтіру міндеті тұрды.

Ұлт денсаулығын қалпына келтіруге олар тек шөптерді пайдаланды. Оған ел қазынасынан ақша, дәрі-дәрмек, емханалар сұрамады. Суды моринга секілді дала өсімдігімен тазартып, ағзадағы улы заттарды шығаруға көмектесетін саңырауқұлақтарды ас ретінде қолданды.

Бұған қоса халық биологиялық ырғақ бойынша өмір сүруді бастады, яғни сағат 5:00-де оянады, жағажайға барады, спортпен айналысады, суға түседі. 7:00-де таңғы ас, көкөніс пен шөптер қосылған Фобо сорпасын ішеді. 13:00-де түскі ас, содан кейін міндетті түрде мызғып алады. Кешкі ас 18:00–19:00 аралығында балық немесе теңіз өнімдерін, күріш, шөп жейді.

Ең маңыздысы – олар асықпайды, қо­балжымайды, есесіне күлімсіреп жүреді, керемет мейірімді. Жолдағы көлік сағатына 40–50 км-ден аспайды. Олар өте сабырлы, өздерімен және табиғатпен ырғақта өмір сүреді.

Қазіргі өзімізді өзіміз байқамай жүгіретін дүниеде бізге жетіспейтіні де – осы. Көлікті зулатып айдап, қарсы бағытқа шығып кетеміз. Жол-көлік оқиғасы күніге тіркеліп, адам шығынының статистикасынан шошып оянатын деңгейге жеттік. Мәселен, ІІМ мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл басынан бері 13,1 мың адам жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62,1 пайызға көп. Оның ішінде қайтыс болғандар – 558, жараланғандар 12,6 мың адам. Апат себептері көп: жаяу жүргіншіге жол бермеу, маневр жасау ережесін бұзу, жылдамдықты арттыру, жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, жол белгілерін, таңбаларын елемеу, жалпы қауіпсіздік ережелерін бұзу.

Бүгінде Вьетнам онкологиялық ауруларды 1 пайызға дейін төмендетті, соғыстан кейін ашылған онкологиялық орталықтардың барлығы жабылған. Ал бізде керісінше, статистикаға зер салсақ, елімізде жыл сайын онкологиялық дертке 20 мыңға жуық адам шалдығады. Кейінгі 10 жылда тері қатерлі ісігімен ауыратындар саны 20 пайызға артқан. Тері обыры онкологиялық аурулар ішінде сүт безі мен өкпе ісігінен кейін 3-орында тұр. Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанбау мен күйзеліс дерттің себебі болып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметінше, елімізде 900 мыңға жуық адам күйзеліске ұшыраған. Сондай-ақ «Countrycassette» халықаралық тәуелсіз интернет журналының ақпаратына сәйкес, күйзеліске шалдыққан отандастарымыздың үлесі – 4,4 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орынға тұрақтаған.

Бұл – бізге үлкен сабақ. Шын мәнінде, кез келген ауруды емдеуге болады. Вьетнам халқы сияқты саламатты өмір сүруге күн­делікті әдеттеріміз әсер етеді. Бізге осы оқиғаны вьетнам қызы айтып берді. Қазір бұл елге табан тірейтіндер тек табиғатына емес, халқына да тәнті болады. Ұлт саулығы үшін жауапкершілік алған вьетнам халқынан үйренеріміз көп.

Ал біз қайда асығамыз?..